Ең бай спорт ханшайымдары

Ең бай спорт ханшайымдары

Назарларыңызға бұл жолы ең көп жалақы алатын спортшы әйелдердің тізімін ұсынғалы отырмыз. 

1. Мария Шарапова (теннис) — $ 29 млн

Өткен жылмен салыстырғанда Марияның табысы 2 миллион долларға арта түскен және соның арқасында ол осымен тоғызыншы рет әлемнің ең көп жалақы алатын спортшы әйелдер рейтингісін бастап тұр. Табысының артуын ірі жарыстарда сәтті өнер көрсетуімен түсіндіруге болады – 2012 жылғы $ 5,1млн орнына, ол 2013 сыйақы ретінде $ 6 миллион алды.  

Қалған $ 23 миллионды Шарапова Nike, Head, Samsung, Tag Heuer және Evian-мен жасасқан (жарнамаға қатысты) келісімшартының арқасында тапты. Сәуір айында аталған спортшы Porsche автокөлік брендімен де жарнамалық келісімге келді.

Бұдан бөлек, Шарапова жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Өткен жылы ол Sugarpova маркалы шайналатын мармелад өнімін шығара бастады.

2. Серена Уильямс (теннис) — $ 20,5 млн

Соңғы жылдары Уильямс кейбір жарнамалық келісімшарттардан бас тартып келді, соған қарамастан, рейтингтің екінші орнынан шыға алды. Әйгілі теннисшінің демеушілері ретінде әлі де Nike, Wilson, Gatorade, OPI компаниялары саналып келеді. Соның арқасында бар  болғаны 12 ай ішінде Уильямс 12 миллион долларлық табысқа кенелді. Жыл басында ол өзінің әпкесі Винуспен бірге «Айфонның» жарнамасына түсті.

Айта кетсек, Ақпан айында 31 жастағы Серена спорттық ғұмырында алтыншы рет WTA рейтингісінде көш бастады.

3. Ли На (теннис) — $ 18,2 млн

Ли әлемге 2011 жылы екі «Үлкен шлем» турнирінде финалға дейін жетіп және Франция ашық чемпионатында жеңіске жеткеннен соң кеңінен танылды. Ол осындай жетістікке жеткен тұңғыш азиялық теннисші. Париждегі айтуға тұрарлық жеңісінен соң аталған теннисші бірден жеті жарнамалық келісімшарт жасаған.  Қазір ол Babolat, Nike, Samsung, Mercedes және көптеген қытайлық компаниялармен бірлесіп жұмыс істейді. 2013 жылы Аустралияның ашық чемпионатының ақтық сынына дейін жеткеннен соң, Rolex-пен келісімшартын ұзартты. 

4. Каролина Возняцки (теннис) — $ 15,7 млн

Каролинаның кортта тапқан табысы салыстырмалы түрде айтарлықтай көп емес – өткен жылы ол теннистің көмегімен небәрі 2,4 миллион доллар тапқан. Дей тұрғанмен, оның Adidas, Yonex, Proactiv, Rolex және Sony Ericsson секілді ірі компаниялармен жасасқан келісімшарттары бар. Сонымен қатар, Возняцкидің ішкі киімдер шығаратын маркасы да бар.

5. Даника Патрик (автоспорт) — $ 12,9 млн

Өткен жылы америкалық NASCAR жарысушысының табысы айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Ол жарыстардан табатын табысы бұрынғыдай – 6,4 миллион доллар (көшбасшы Джимми Джонсондікі – 16 миллион доллар), бірақ демеушілерден мол сыйлық алады – $ 6,5 миллион (бұл көрсеткіш бойынша пилоттардың арасында үшінші орын).
 
6. Виктория Азаренко (теннис) — $ 12 млн

Ағымдағы жылы Беларусь спортшысы Red Bull-мен көпжылдық келісімшарт пен жүлделерінің артуының арқасында үздік бестікке де жетіп қалды. Азаренко – энергетикалық сусынды жарнамалайтын тұңғыш теннисші. Сонымен қатар, Викторияның әлі күнге дейін Nike, Wilson, Citizen Watch American Express және Six Star Pro Nutrition компанияларымен келісімі бар.

2012 жылы алған жүлделер бойынша Азаренкоға жететін ешкім болмады. Турнирлерде жеткен жеңістердің арқасында ол $ 7,9 млн сыйақы алды.

7. Ким Ю На (мәнерлеп сырғанау) — $ 8,6 млн

Ванкувер-2010 Олимпиадасының чемпионы Ким Ю Наның басты табыс көзі - Kookmin Bank, Nike, Korean Air, Samsung, Hyundai Motor Company компанияларымен жасасқан жарнамалық келісімшарттары болып есептеледі. Ким Азия жерінде өте танымал және соның арқасында мұз айдынында болатын шоуларда трибуналар әрдайым лық толы болады. 22 жастағы спортшы қыз келесі жылы Сочиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысуды, содан соң халықаралық Олимпиада комитеті мүшесі болуды мақсат қойыпты.

8. Агнешка Радваньска (теннис) — $ 6,1 млн

Соңғы 12 айдағы жеңістер польшалық теннисшіге алдыңғы жылмен салыстырғанда аз табыс әкелген - $ 4,1 миллион (өткен жылы - $4,9 млн). Соған қарамастан ол Lotto, Babolat және Lexus секілді компаниялармен жасасқан ірі келісімдердің арқасында осы тізімге еніп отыр.

9. Ана Иванович (теннис) — $ 5,7 млн

Бұл спортшы WTA рейтингісінде бар болғаны 12-орында. Бірақ, жанкүйерлер арасындағы танымалдылығы жағынан дес бермейді. Серб теннисшісіне әлі де болса Yonex, Rolex, Juice Plus, Technogym сенім білдіруде, ал Adidas компаниясымен жасасқан келісімшарты әйелдер теннисіндегі ең ірісі саналады.

10. Пола Кример (гольф) — $ 5,5 млн

26 жастағы Пола әлемде ең көп жалақы алатын гольфшы әйел болып есептеледі. Өзінің көзтартарлық сыртқы келбеті арқасында Кример жарнамалық келісімдердің өзінен бір жылда төрт жарым миллион долларға байыды. Оның демеушілері қатарында Adidas, CDW, TaylorMade компанияары бар.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: ria.ru, championat.com

Ж. FM