Моуриньюдың "Реалдан" кететіндігі ресми түрде расталды

Моуриньюдың "Реалдан" кететіндігі ресми түрде расталды

Кеше кешкісін "Реал Мадрид" клубының президенті Флорентино Перес журналистерге арнайы баспасөз маслихатын өткізіп, португал маманының клубтан кететіндігін ресми түрде растады. Бұл туралы ақпарат клубтың ресми сайтында жарияланды. 

Перестің сөзінше, осы маусым аяқталысымен клуб пен Моуринью арасындағы келісім-шарт өз күшін жоймақ. Сондай-ақ "корольдік клуб" президенті Моуринью клубтан ешқандай қысымсыз, яғни екіжақты келісіммен ғана кетіп бара жатқанын да айта кетті.

"Еуроспорт" телеарнасының хабарлауынша,  Жозе Моуриньюдың қоластында "Реалға" Испания біріншілігі аясында 26 мамырда "Реал Сосьесад" және 31 мамырда "Осасунаға" қарсы екі матч өткізу ғана қалыпты. 

Португалдық маманның жаңа жұмыс орны мен оның орнына кімнің келетіндігі жөнінде әзірге ешқандай ресми ақпарат жоқ. Бірақ, көпшілік оны осы жазда лондондық "Челсиге" ауысады дегенді айтады. Ол онда бұған дейін де 2004-2007 жылдары қызмет атқарған еді. Сондай-ақ бейресми ақпараттар бойынша, "Реалға" қазіргі "ПСЖ" бапкері Карло Анчелоттидің келуі әбден мүмкін.

Жозе Моуриньюдың өзі болса Король Кубогы финалында "Атлетикодан" жеңілгеннен соң, соңғы маусымды "өз мансабындағы ең сәтсізі" деп атаған еді.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: ria.ru

Б. Қосмағамбет