Картингтен ҚР Кубогы Алматыдағы жаңа СТК Sokol автодромында өтпек

Картингтен ҚР Кубогы Алматыдағы жаңа СТК Sokol автодромында өтпек

17-19 мамыр аралығында Алматы облысында ТМД елдерінде теңдесі жоқ жаңадан салынған автодромда картингтен Қазақстан Республикасының Кубогы Гран-при Sokol жарысы өтеді. Жарысқа 40 шақты спортшы қатысады деп күтілуде. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне сайысты ұйымдастырушылар айтып берді. 

Картингттік трасса сақина тәріздес әртүрлі конфигурацияда төрт түрлі нұсқамен жасалынған. Оның жалпы ұзындығы 1600 метр. Ал жарысты тамашалаушыларға арналған трибунадағы орындар саны 400. Ұйымдастырушылар спорттық-техникалық кешен мен Қазақстан картинг Федерациясының өкілдерінің сөзінше, бұл жарыста 9 бен 16 жас аралығы және 16 жастан жоғары ересектер топқа бөлініп қатысады. Көрермендерге кіру тегін болмақ. 

1

Айта кетейік, картинг трассасы биылғы жылдың көктем айының ортасында салынып, пайдалануға берілген еді. СТК Sokol автодромының жалпы ауданы 205 гектарды құрайды. Кешен Алматы - Астана тас жолының 76-шақырымында Іле ауданының аумағында орналасқан. Ұйымдастырушылар осы жылы жаңа жарыс жолында екі кубоктық және картингтен ҚР чемпионатының этаптық үш жарысын өткізбек. 

2

Сонымен бірге, ұзындығы 5,33 шақырымды құрайтын әртүрлі конфигурациялы трассаның қалған бөлігін және дрифтингке арналған жарыс жолын 2015 жылдың көктем айында пайдалануға берілмек.    

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: auto.lafa.kz

Б. Қосмағамбет