«Астана Арланс» командасының Ұлыбританияға баратын боксшылары анықталды

«Астана Арланс» командасының Ұлыбританияға баратын боксшылары анықталды

WSB сериясында еліміздің намысын қорғайтын «Astana Arlans» командасы алдағы жұма күні Ұлыбританияда өтетін «British Lionhearts» клубына қарсы кімдер рингқа шығатынын жариялады.

Қос команда арасындағы кездесуде бірінші болып 54 келі салмаққа дейінгі былғары қолғап шеберлері күш сынасатын болады. Британдықтардың сапынан бұл салмақта Эндрю Селби шығатын болса, біздің команданың намысын WSB сериясында алғашқы рет өнер көрсеткелі жатқан Мейірболат Тойытов қорғайтын болады.

61 келі салмақ дәрежесіне дейінгі кездесуде жанкүйерлер британдық Самуэль Максвел мен «Арлан» Ержан Мүсәпіров арасындағы жекпе-жекке куә болады.

Үшінші болып ринг төріне 73 келі салмақтағы былғары қолғап шеберлері шығатын болады. Бұл салмақта «British Lionhearts» сапынан Фредди Эванс рингке көтерілетін болса, қазақстандықтардың сапынан Мирас Байырханов шығады.

Жартылай ауыр салмақта, яғни 85 келіде ұлыбританиялықтардың Швециядан келген легионері Бабакар Камара мен «Астана Арланс» командасының хорватиялық легионері Сеп Хрвое кім мықтыны анықтайтын болады.

Қос команда арасындағы кездесуге аса ауыр салмақтағы боксшылар нүкте қоятын болады. Британдықтар бұл кездесуге Джозеф Джойсты дайындап жатса, біздің бапкерлер Джозефке қарсы хорватиялық Филип Хрговичты шығарған жөн деп шешіпті.

Айта кетейік, «Astana Arlans» командасы бүгінде WSB сериясында В тобының көшін бастап келеді. Өз кезегінде «British Lionhearts» командасы біздің командадан тоғыз ұпайға қалып, үшінші сатыға жайғасқан. Қос команда арасындағы кездесу 8 ақпан күні Астана уақытымен 02:00-де өтетін болады.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: vesti.kz

Ю. НИКУЛЛИН