«Арландар» мен «Милан найзағайлары» кездесуінде кімдер жұдырықтасады?

«Арландар» мен «Милан найзағайлары» кездесуінде кімдер жұдырықтасады?

14 желтоқсан күні Алматының «Балуан Шолақ» спорт кешенінде өтетін «Астана Арландары» мен «Милан найзағайлары» арасындағы WSB сериясының бірінші жекпе-жегіне шығатын былғары қолғап шеберлерінің есімі белгілі болды.

54 келі. Бағдат Әлімбеков vs Даниэл Лаймон

Сергей Корчинсий бастаған «Арландардың» бапкерлер қосыны итальяндықтарға қарсы жалқы қазақ пен төрт бірдей шет елден келген боксшыларды шығаруды дұрыс деп шешіпті. Аса жеңіл саналатын 54 келі салмақта ел командасының намысын Бағдат Әлімбеков қорғайтын болады. Ол WSB сериясының бірінші маусымынан бастап өнер көрсетіп келеді. Осы уақытқа дейін үш кездесу өткізіп, оның екеуінде жеңіске жеткен. Бағдаттың қарсыласы Даниэл Лаймон. Ол WSB жүйесінде былтыр бір рет шаршы алаңғы шығып, британдық Эндрю Селбиден жеңілген.

61 келі. Эрик Донован vs Бранимир Станкович 

61  келі салмақта елордалық команданың сапынан ирландиялық легионер Эрик Донован шаршы алаңға шығады. Бүкіләлемдік Бокс сериясындағы алғашқы кездесуін өткізгелі жатқан Эрик Ирландияның төрт дүркін чемпионы. Оның қарсыласы - серб Бранимир Станкович. Бранимирдің бұл жобадағы тәжірибесі молырақ. Ол өткен маусымдарда бес мәрте рингке шығып, бір кездесуде ғана жеңіліс тапқан.

73 келі. Сергей Деревьянченко vs Мишель Таварес

73 келі салмақта «Астана Арландары» командасының қатарынан 2012 жылғы WSB сериясының ең үздік боксшысы деп танылған украиндік Сергей Деревьянченко жұдырықтасады. Ол бұл серия аясында 14 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Сергейдің алдағы кездесудегі қарсыласы - француз Мишель Таварес. Француз жігіті бұл жобада 12 рет ринг төріне көтеріліп, үшеуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татқан. Қос боксшы WSB сериясының алғашқы маусымында кездескен. Ол кезде Деревьянченко «Милан найзағайларының» сапында болса, Таварес «Париж Юнайтед» командасының намысын қорғаған. Италия жерінде өткен ол кездесуде Сергей техникалық нокаутпен басым болған еді.

85 келі. Рамжон Ахмедов vs Абделхафид Беншабла 

85  келіде «Арландардың» атынан өзбек легионері Рамжон Ахмедов шаршы алаңға шығады. Өзбек боксшысы бұл жобада жалпы саны 11 кездесу өткізіп, оның жетеуінде жеңіске жетсе, төртеуінде жеңілген. Рамжонның қарсыласы - өткен жылы «Арландардың» сапында өнер көрсеткен африкалық Абделхафид Беншабла. Өткен маусымда Беншабла 14 кездесу өткізіп, 11 жеңіске жеткен. «Тұманды альбионда» өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының ширек финалында сүрінген.

+91  келі. Михай Нистор vs Тони Йока

Аса ауыр салмақта қазақстандық команданың қатарына биыл қосылған румын жігіті Михай Нистор мен француз Тони Йока жұдырықтасады. «Арлан» Нистор 14 желтоқсан күні WSB сериясындағы алғашқы жекпе-жегін өткізетін болса, 20 жастағы Йока жеті рет ринке шығып, төрт жеңіспен көзге түскен.

Айта кетейік, B  тобына түскен «Астана Арланс» командасы үш кездесуден кейін бірінші орында келеді. Екінші орынға Германияның намысын қорғайтын «Неміс қырандары» орналасса, үшінші орында «Ұлыбритания арыстандары». 

Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: alasharena.kz 

Л. Лига