Кумыков - Қазақстанның үздік бапкері

Кумыков - Қазақстанның үздік бапкері

Қарағандылық «Шахтер» командасының бас бапкері Виктор Кумыков жылдың үздік бапкері атанды. Бұл туралы Қазақстан Футбол Федерациясының ресми сайты хабарлайды.
Қазақстан футбол маусымы аяқталған соң, Қазақстан Футбол Федерациясы  (ҚФФ) жылдың үздіктерін анықтау үшін, әр команданың бапкерлерінен дауыс жинаған. Қорытындысында кеншілердің бас бапкері Виктор Кумыков 2012 жылғы біріншіліктің «үздік бапкері» атағына лайықталды.
ҚФФ-ның қоғаммен байланыс департаментінің директоры Измаил Бзаров: "Бұл маусымда қай ойыншы және қай бапкер мықты екенін анықтау үшін осындай жоба жасадық. Кеше өздеріңіз көргендей, бапкерлердің дауыс беруі арқылы еліміздің 33 үздік ойыншысын таңдап алдық. Бүгін міне, тағы бапкерлердің дауысы арқылы осы маусымдағы үздік бапкерді анықтадық. Ол - Виктор Кумыков".

«Шахтер» командасының баспасөз қызметінің бас хатшысы Мансұр Калиев: "Иә, біз Кумыковты бапкерлер үздік деп таңдағанын естідік. «Шахтер» командасының ресми сайтында да тұр бұл ақпарат. Біз де Виктор Кумыковты «үздік бапкер» атанғанымен шын жүректен құттықтаймыз. Дегенмен Виктор Балютович казір Ресейдің Нальчик қаласында. Үйінде отбасымен дем алып жатыр. Команда 9 желтоқсан күні жиналады. Сол кезде бапкеріміз де бізге қосылады".


Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: kff.kz

М. Оңғарова