Тасы да алтын Қордайдың, тауы да алтын

Тасы да алтын Қордайдың, тауы да алтын
Фото: Ақын Ордабай

Кең байтақ қазақ елінің әрбір жері қасиетті мекен болып есептеледі. Қазақтың сайын даласында өмір сүріп жатқан қазақ халқының осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүріп жатқандығы пейілінде ме деген ойға қаласың...

"Тасы да алтын Қордайдың, тауы да алтын. Басы да алтын Қордайдың бауыры да алтын" –деп кезінде қырғыз-қазаққа аты машқұр, ақын композитор Кенен Әзірбаев атамыз жырлағандай, расымен де қойны-бауыры  құт-берекеге толы  Қордай туралы қанша жазып жырласақ та артық болмас. Бүгінгі әңгіме желісін бүгінгі заман ағымына сай дамып, өсіп келе жатқан жаңаша жарқырай түскен жасампаз жас Қордай елдімекені мен осы өңірде түрып жатқан тұрғындар туралы  сөз еткелі отырмыз. Сонымен бірге, айтулы өңірден аттары елге танылған адамдар туралы да тілге тиек етеміз.

Қордай көршілес жатқан қырғыз ағайындармен қойы-қоралас, төскейді малы,төсекте басы қосылып жатқан еліміздің оңтүстік өңіріндегі шекарада орналасқан елдімекен. Сондықтан да елімізге кеден арқылы табыс әкеліп жатқан берекелі кіріс көзінің бірі болып табылады.

Кезінде айтулы өлкеден қазақ еліне танылған бірқатар тұлғалы адамдар шықты. Олардың арасында ертеректе Кебекбай шешен, Еркебай Қашағанов, Сарбас ақын, Кенен Әзірбаев, Әлмен ақын, Ноғайбай шешен, Жолбарыс, Қыбырай мен Қордай секілді батырлардың кіндік қаны тамып, жүріп өткен іздері қалған болса, кеңес дәуірі тұсында ақын Рза Қунақова, қоғам қайраткерлері Өмірбек Бәйгелді, Құрманғали Уалиев, әнші композитор, халық сүйіп тыңдайтын "Дос Мұқасан" ВИА-сы құрушысының бірі Мұрат Құсайынов сынды көптеген елге танымал әр саланың саңлақтары шыққан қасиетті мекен болып саналады.

Құнанбайдың көп келіндерінің бірі, күйеуі ерте қайтыс болған Ақмай сұлу Қордайдағы Сұлутөр жерінде тұратын, ел басқарып, қырғыз-қазаққа бірдей аты шығып, патшадан шен алған, Жетісу жеріне аты кеңінен танылған Ноғайбайға екінші әйел болып күйеуге шыққанда, артынан Ұлы Абай іздеп келіп, бірнеше күн Сұлутөрде қонақ болып кеткен екен. Ақылына  көркі сай Ақмай сұлуды ел ішінде "Арғын апа"- деп атап кетсе керек. Сонда Сұлутөрге келіп, Ноғайбайдың ел болып қошаметпен күтіп алған сән-салтанатты  қонақжайлығына зор алғысын білдірген хакім Абай: 

Алатау асқар бел екен,

Үйсін атты ел екен.

Етек-жеңі кең екен.

Сұлутөр құтты жер екен.

Елден-елдің кемі жоқ,

Төрт Дулаттың пейілі

Тобықтыдай кең екен.Ерден-ердің кемі жоқ,

Ноғайбайдай ұлыңыз

Қыдыр қонған ер екен.

Бақытты болсын Ақмайым,

Келген жерің құт екен.

Қош аман бол ер Ноқа,

Арта берсін берекең"-деп өлеңдетіп қимай қоштасқан екен.

Міне, қазақтың ғасырда  біртуар ұлы, данагөй Абайдың  құтты қоныс Қордай жерін, Сұлутөрді осылай сипаттап кеткен.

Сонымен қатар, Қордай жері қазақ еліне аттары мәлім жұлдызды спортшылармен де жақсы белгілі. Айталық, кәсіпқой бокстан кезінде алдына жан салмаған былғары қолғап шебері Марат Мәзімбаев, ушу-сандо жекпе-жегінен әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Диас Жамаш, еркін күрестен 1998 жылы Англияда жасөпірімдер арасында өткен әлем чемпионатының  күміс жүлдегері Төлеген Ақылбеков сынды спорт саңлақтары осы Қордай өлкесінен өсіп өнген азаматтар.

Бүгінгі таңда Қордай ауданы жаңа заман ағымына сай жаңаша серпіліспен биік жетістіктерге жетіп келеді. Оған себеп алдымен бұқара халықтың спортқа деген жақсы көзқарасы болса, екінші жағынан жаңадан тұрғызылып  халықтың игілігіне беріліп жатқан спорт нысандары болып табылады.Мысалға айтсақ, су жаңа соғылған 320 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені. Бұл зәулім Спорт кешенінде  волейбол, баскетбол, үлкен теннис, жеңіл атлетика, кіші футбол, дзюдо, қазақ күресі және еркін күресі түрлерінен жас өрендер жаттығып үлкен спортқа қадам басуда.

Қордай ауданында спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны - 42110 адам немесе 29,3 пайызды құрайды екен. Аудан тұрғындарының бос уақыттарын тиімді өткізу және бұқаралық спортпен шұғылданушыларға жалпы білім беретін мектептердің спорт залдары мен спорт нысандары кешкі мезгілде аудан тұрғындарына есігін айқара ашқан, бәріне қолжетімді.  Жыл қорытындысы бойынша 216 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 23050 адам қамтылу деген үлкен көрсеткіш. Негізі аудандағы үш спорт мектебінде спорттың   18 түрінен  126  топта 1694  оқушы, 48 жаттықтырушының қол астында шеберліктерін шыңдайды. Ал бұған аула клубатын да қоссақ болады. Қордай ауданы әсіресе ұлттық спортқа баса назар аударған. Кезінде бұл өңірде  Талисман, Қаратөбел,  Даяр секілді аузыменен құс тістеген, жал құйрығы төгілген жүзден жүйрік тұлпарлар талай аламан жарыстың алдын бермей, Қордай жерін Қазақстанға танытқаны белгілі. Қордайлықтар ат спорты мен бірге ұлттық спортты да жаңғыртып келе жатқан республикамыздағы дара бір өлке. Айталық, 2018 жылдың наурыз айынан бастап ұлттық спорт түрлері бойынша тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ, қазақ күресі, құсбегілік, қыз қуу, теңге ілу, көкпар тарту ойындарын дамыту мақсатында №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі өз алдына  шаңырақ көтерсе, бүгінгі таңда ұлттық спорт түрлерінен аудандық деңгейде 4 бірдей дүбірлі жарыс өткізіліп, облыс бойынша 2 бірдей аламан жарысқа қатысып қанжығалары майлана түскен екен.

Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық жоспарында Елбасы 2020 жылға дейін республикамызда дене шынықтырумен шұғылданатын халықтың пайыздық көрсеткіші 30% жеткізуді нақты тапсырма ретінде айтқан. Осы мақсатта Қордай ауылында 320 көрерменге арналған  дене шынықтыру-сауықтыру кешенің құрылысы аяқталып, Қазақстан Республикасының елордасы - Астана қаласының 20 жылдығына орай салтанатты түрде ашылуы өтіп, тұрғылықты  ел бір қуанып қалды. Спорт кешенінде аудандық, облыстық, халықаралық турнирлер өткізілетін болғандықтан, жобаға сай спорт кешеніне бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы болып құрылды. Айтулы спорт кешені бір жағынан қаншама талантты жас спортшылардың томағасын сыпыруға себеп болатын болса, екінші жағынан қаншама адамға жұмыс орны табылып күрмеуі қиын жұмыссыздықтың түйіні шешілуде. Бүгінгі таңда бұл спорт орнында  24 штаттық бірлік және 19 ауылдық округтерде спорт әдіскерлері жұмыс істейді.

Сондай-ақ, спорт кешенінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың және ардагер спортшылардың спортпен шұғылдануларына жағдай жасалып, арнайы кесте бекітіліп,  спорт залдармен қамтамасыз етілген екен. Бұл да көңілге қуаныш сыйлайтын игілікті қадам деп білеміз.

Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан облыстық бюджеттен 2019-2021 жылдар аралығында Қордай ауданындағы 5 ауылдық округке кезең-кезеңімен спорт кешенін салу жоспарға алынып бекітіліпті. Отар ауылына 2019 жылы, Қордай, Бетқайнар ауылдарына 2020 жылдары, Сортөбе, Аухатты ауылдарына 2021 жылдарында салу жоспарда бар екен. Ендеше, Қордай өңірі спортқа, саламатты өмір сүру бағытында берекелі істермен болашаққа беттеп келеді.

Ал енді осы Құтты Қордай жерінде туып өсіп, еліміздің намысын әлемдік,халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген жалынды жастардың есімдерін де айтпай кету мүмкін емес.     

 

Өткен жылы 1-3 ақпан  аралығында Иран мемлекетінде Тегеран қаласында өткен жеңіл атлетикадан XXIIІ Азия чемпионатында Светлана Голендова 4х100 метр эстафеталық жүгіруден және жекелей жүгіруден  І-ші орын және тамыз айында Индонезия мемлекеті Джакарта қаласында өткен  жеңіл атлетикадан Азия ойындарында жүлделі 3-орынды иеленген.  

Сонымен қатар, Ресей Федерациясы Анапа қаласында өткен Кикбокстан өткен Әлем кубогінде Бейсенбек Мақсат 2-орын және Айдын Тұрдыбеков 3-орынды жеңіп алып, Қордай ғана емес Қазақстанның мәртебесін көтеріп тастаса, 2018 жылдың сәуір айында аула ойындарынан Тараз қаласында өткен ІІІ кезең облыстық фестивальінде Қордай ауданы жалпы командалық есепте 1-ші орынға ие болды.

Өткен жылда тағы аудан үшін тағы мақтана айтар жаңалық, Тараз қаласында өткен көше ойындарынан ІІІ кезең облыстық чемпионатында  Қордай ауданы 16-21 жас аралығында командалық есепте 1-ші орын жеңіп алса, Тараз қаласында алаңдағы тоғызқұмалақтан Жамбыл облысының чемпионатында Қордай ауданы жалпы командалық есепте  1-ші орынға ие болады.

Сонымен бірге, маусым айында облыс орталығында  өткен тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Қазақстан Республикасының 5–ші Спартакиадасына Жамбыл облысының іріктеу жарысында тоғызқұмалақтан Шамил Ришат 1-ші орынды жеңіп алған.

Ал жалпы аудан бойынша жекелей тұрғыдағы жетістіктер туралы сөз еткенде төмендегі спортшылардың аты-жөндерін алға тартуға болады. Қазақстаның жепке- жек спорт түрінен бес дүркін чемпионы, панкратионнан  Әлем чемпионы, ONE FC жекпе-жегінен Әлем чемпионы, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы, Қордай ауданы Қарасу ауылында дүниеге келген Игорь Свирид, панкратионнан  Әлем чемпионы, кикбоксингтан  халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның панкратионан үш дүркін чемпионы, қолмен күрес спорт түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қордай ауданы Қордай ауылында дүниеге келген Сағын Қазбек, Әлем Кубогының иегері, панкратионнан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 6 дүркін Қазақстан чемпионы, қазіргі таңда кәсіпқой бокста  3 кездесу өткізіп, үшеуінде  де жеңіске жеткен, Қордай ауданы Аухатты ауылында дүниеге келген Асхат Жантұрсынов, кикбоксингтан  Әлем чемпионы, кикбокстан Қазақстан чемпионы, кикбоксингтен спорт шебері, Қордай ауданы Булар батыр ауылында дүниеге келген Рашид Дауров, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері,Қазақстаның еркін күрестен үш дүркін чемпионы, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы, еркін күрестен спорт шебері, жекпе-жек спорт түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қордай ауданы Қордай ауылында дүниеге келген Төлеген Ақылбеков, Азиядалық ойындардың эстафеталық жүгіруден күміс жүлдегері, Қордай ауылында дүниеге келген СветланаИвачукова және Кәсіпқой бокстан IBА чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Шығыс Азия ойындарының жеңімпазы, Қарулы Күштер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 13-Азия ойындарының қола жүлдегері Қордай ауданы Қордай ауылында дүниеге келген Марат Мәзімбаевтарды Қордай жұрты мақтанышпен айтады.

"Бітер істің қасына жақсы келер қасына"-демекші, Қордай аданының осындай қарқынды дами түсуіне жоғары басшылықтың да үлесі бір түйеге жүк артқандай. Айталық, аудан әкімі Байтөле Болатбек Байқонысұлының біліктілігінің арқасында көптеген іргелі жаңа жобалар дүниеге келіп іске асуда. Жуырда ғана Қазақстың Спорт және Туризм академиясының қара шаңырағында айтулы оқу орны мен Республикалық "Спорт жұлдыздары" редакциясы бірігіп, жыл үздіктерін анықтаған болатын. Сол шара барысында республика бойынша "Үздік аудан әкімі" жүлдесі, Қордай ауданының әкімі Байтөле Болатбек Байқонысұлына табыс етілген еді.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы бойынша «Ең үздік спорт бөлімі»-деген құрметті марапатты Қордай ауданы әкімдігінің Дене шынықтыру және Спорт бөлімінің басшысы, жасөспірімдер арасында самбодан әлем чемпионы, ересектер арасында күміс жүлдегер Дидар Молдағалиевтің ерен еңбегі еленіп,осындай мақтан болар жетістіктерге жетіп отыр екен. Бұл еткен еңбектің жемісінің бағалануы деп білеміз. Осындай спорт саласындағы серпінді қозғалыстың байқалуы, табанды жұмыстың нәтижесі екенін баса айтқан орынды. Яғни, "қарға сойса да қасапшы сойсын"-деген ұғым бар. Әр салада өз маманы ғана болып қоймай,  инновациялық жаңа ой-идеяларды іске асыруда Қордай  өңірі міне осындай іргелі істермен облыс бойынша  қамшы салдырмай алда келеді.

"Асыл тастар асқар тауда туады"-деген қанатты сөз бар. Қойыны құт-берекеге тұнған Қордай жерінде, экономикалық өрлеу мен бірге үлкен спорттың да  дамып бара жатқанының осылайша куәсі болып отырмыз. "Бүгінгі күн-кешегі күннің көлеңкесі"-деп бабаларымыз тегін айтпаса керек. Бүгінгі айтулы Қордай өңірінің күннен күнге  жасара-жақсара түсуі, кешегі өткен алтын ізді бабаларымыздың қалдырған мұраларын жаңғырта отырып, заман ағымынан қалыспай  жан жақты дамуды мақсат ету деп ойлаймыз.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
С.Бердіқұлов атындағы жүлденің иегері

Ө. Сансызбай