Жігіттердің жауырынын жер иіскеткен Жібек

Жігіттердің жауырынын жер иіскеткен Жібек
Фото: Нұрсұлтан Орынбасаров

7-9 желтоқсан аралығында Алматы қаласындағы "Arlan Grip" аренасында көптен күткен "Kazakhstan National Pro 2017 Jiu-jitsu Championship" халықаралық турнирі өтті. Екі күнге созылған бұл турнирге 250-ден астам джиу-джитсу балуандары қатысты.

Халықаралық турнирге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Бразилия жəне т.б елдерден спортшылар арнайы келді. Жарыстың алғашқы күні 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, ал екінші күні 18 жастан асқан ересек спортшылар бақ сынады.

"Kazakhstan National Pro 2017 Jiu-jitsu Championship" халықаралық турнирінде ерекше өнерімен көзге түскен Жібек Құлымбетова болды. 10-11 жас аралығындағы 27 кг салмақ дəрежесінде өнер көрсететін жалғыз қыз бала. Оған қарсылас болатын қыз балалардын жоқ болуына байланысты ұл балалар арасында күресуге тура келді. Жібек финалға дейінгі қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңді. Финалда Тәжікстаннан келген Мансурджан Сабуровпен кездесті.

Жібек пен Мансурджанның арасындағы бәсеке өте тартысты өтті. Ұпай саны бойынша алдыда келе жатқан Жібек кездесудін соңғы минутында тəжікстандық қарсыласының қолына ауырту тәсілін жасап жеңіске жетті. Осы турнирде ер балалар арасында бақ сынап, чемпион атанған Жібек көпшіліктің көзайымына айналды.

Шәкірті туралы спортшының жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров: "Жібектің жеңіске жететініне сенімді болдым" - дейді. Себебі Жібек Құлымбетова ұлдар арасында бірінші рет чемпион атанып тұрған жоқ. Ол джиу-джитсу жəне грепплинг бойынша халықаралық "Arlan Grip" турнирінің жəне грепплинг күресі бойынша "Mace" халықаралық турнирінің ер балалар арасында үнемі чемпион атанып жүргені белгілі.

Жібек жаттығатын "Sagadat" спорт клубында еліміздің намысын қорғап, зор жетістіктерді бағындырып жүрген спортшылар өте көп. Осы "Kazakhstan National Pro 2017 Jiu-jitsu Championship" халықаралық турнирінде де бұл клубтың спортшылары сәтті өнер көрсетті. 5 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, 1-2 желтоқсан күндері өткен бразилиялық джиу-джитсудан халықаралық "Almaty open BJJ CUP 2017" турнирінде де Sagadat" спорт клубының тәлімгерлері 7 алтын, 5 күміс, 5 қола медаль жеңіп алған еді.

Ө. Сансызбай