Өмір қалыпты арнасына түсті. Месси мен Роналду қос голдан соқты

Өмір қалыпты арнасына түсті. Месси мен Роналду қос голдан соқты

Айдай әлемнің алдында азуын білеген қос мықты «Камп Ноу» стадионында тағы да кездесті. Миллиондаған көрерменнің алдында жер-дүние қайта дөңгеленіп, құлпырып сала берді. Тең есеппен тарасқан ойында теңбіл доп қақпа торына төрт рет кіріп-шықты. Ең бастысы, төрткүл дүние жұртшылығының басы бір қосылды...

Бұл ойын бұрынғы ойыннан өзгерек болды. Каталондықтардың осалдығы мен кемшін тұстарын назарға алатын болсақ, онда корольдік клубтың жеңіске жетуіне әбден болатын еді. Алайда, Жозенің жаза басқан күндерінің бірі осы болды. Шабуыл шебіне шыққан Бензема бірінші минуттардан-ақ көлеңкеде қалып қойса, орталықта ойқастаған тегі түрік Озил жарты тайм бойы тасада жүрді. Ал Тито баптайтын Месси бастаған, Хави қостаған ойыншылардың бірі жоқтан барды жасаса, енді бірі кәріліктің ауылына ат басын салғандай сыңай қалдырды.

Пресс-конференцияда Хосептің орнын басқан жаңа бапкер өз командасының жеңілу күдігін алға тартқан болатын. Әрине, екі бірдей қорғаушысы жарақат алып жатқан қорғанысты жаратқаннан басқа ешкімге табыстауға болмайтын еді. Бірақ, футбол деген спектакльде орын ауыстыратын әртістер табылатын-ды.

Сонымен екі мықты тең тарасты. Месси мен Роналду екі голдан соғып, әлемнің мықты ойыншысы болуға деген талап-тілектерін табандылықпен таныта алды. Рушылдық пен жершілдікке бөлінуді қойып, «Барса» мен «Реал» болып бөліне бастаған қазақ жастары тыныш ұйқыға қайта ден қойды.

Сурет:eurosport.ru

Дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига