Қазақ жерінен шығып әлемге танылған спорт түрі

Қазақ жерінен шығып әлемге танылған спорт түрі
Фото: sk-sport.kz, liter.kz, massaget.kz, google.kz

Бүгінде шөген спорты жайлы көп біле бермейміз. Білсек те, елімізде қалай дамып жатқанынан бейхабармыз. Жақында Қазақстан шөген федерациясының ұйымдастыруымен Алматы қаласында арнайы баспасөз жиыны өтіп, осы спорт түрінің елімізде дамуы, жетістіктері мен алға қойған мақсаттары талқыланды.

Шөген (поло) ойыны әлемде ерекше танымалдылыққа ие екендігін ескерсек, қазақстандық спортшыларымыз ел абыройын арттырып жүргені анық. Баспасөз жиынында БАҚ өкілдері қазақ жігіттерінің шөгенге шеберлігінің сыры туралы қанық ақпаратпен қамтылып, командалардың таныстырылымы өтті. Қазақстан шөген федерациясының вице-президенті Сәрсен Құранбек мырза бұл спорт түрінің тарихы мен елімізде дамуы жайлы сөз қозғады. «Almaty Polo Club» директоры Валерий Цаликов пен «Astana Polo Club» ЖМ атқарушы директоры Айдын Жәкежанов осыған дейінгі жетістіктері мен алда қатысатын жарыстары туралы айта кетті.

Шөгеннен полоға дейін

Бұл спорт түрі бастауын көне заманнан алады. Тарихи деректерде бұл ойын парсы жұртына «шоған» деген атпен танымал болғандығы, 2500 жылдай бұрын ойнағандығы айтылады. Олармен қатар қытай халқы да бірнеше мың жылдарға шегіне отырып шөгеннің дәстүріне иелік еткісі келеді. Қалай дегенде де, осынай көне өркениеттердің бәрі де бұл спортты шығысында Ұлы Қытай қорғаны мен баытсында Каспий теңізінің аралығын мекен еткен, тыныс-тіршілігі ат пен ерге байланысты болған Орталық Азияның көшпенділерінен алғандығына күмән жоқ.

Шөген – ата-бабаларымыздан мұра болып қалған, көне замандарда шөген (шоған, човган) деген атпен танымал болған ат ойыны. Бабаларымыздың шөген ойынын ойнағандығы туралы деректер Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» (Құтты білік), Махмұд Қашқаридың («Диуани лұғат ат-түрік» (Түркі тілінің сөздігі) атты түркі жазба ескерткіштерінде айтылған.

- Шөгеннің ұлттық ойынымыз екенін алғаш айтқан қазақтың танымал ғалымы, этнограф, лингвист, филолог Асқар Егеубаев ағамыз болатын. Ол кісі 80-жылдардың аяғынан бастап-ақ Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасына транскрипция жасап, қазіргі қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ 90-жылдардың бел ортасында Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегін аударды. Сол еңбектердің барлығында осы шөген туралы айтылып кетеді. Ал бұл ойынның Еуропаға, одан бүкіл әлемге таралуы орта ғасырлардағы саяси қақтығыстар, сауда-саттық негізінде дамыды. Шыңғыс ханның ұрпақтары Мәуеренахрды жаулап алғанда, Бабыр Үндістанда жаулап алғанда осы ойынды алып барған екен. ХІХ ғасырда ағылшындар үнді жерін отарлап алғанда осы спорт түріне қызығып, Еуропаға алып барған, - деді Сейсен Құранбек.

Үнді тілінде бұл ойынды «пулу» деп атаған. 1862 жылы ағылшындардың қызығуымен Еуропаға жетіп, «атты хоккей» деген атаумен Батыс елдеріне жаппай тарала бастайды. Кейінірек ойынға көне үнді тіліндегі атауы қайта берілген. Нәтижесінде поло деп аталып кеткен.

Поло Аргентинада ұлттық спорт түрі саналады

Шөген ойыны Еуропаға жеткен соң үлкен танымалдылыққа ие бола отырып, басқа құрлықтарға да тарала бастады. Америка құрлығындағы алғашқы поло ойыны 1875 жылы Аргентинада өтті. Онда Англия мен Ирландияның клубтары өнер көрсетті. Бұл – Оңтүстік Америкадағы шөгеннің таралу кезеңінің басы болды. Бүгінде Аргентинада поло ұлттық спорт түрі саналады.

Бұл елде бір отбасы мүшелерінен немесе бірнеше туыстардан құралған поло клубтары өте көп. Көптеген компаниялар мен жеке кәсіпкерлер үшін поло тұрақты табыс көзіне айналған. Олар жылқыларды үйретіп, ер-тұрман әзірлейді, жаз айларында әлемнің түкпір-түкпірінен келетін поло ойыншыларын немесе осы ойынды үйренгісі келетін туристерді қабылдайды. Бұдан басқа, бұл елдің кәсіби ойыншылары, жаттықтырушылары мен атбегілері өзге елдерге табыс табу үшін шығады.

Поло Олимпиада ойындарында

Поло ойыны алғаш рет Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1900 жылы кірді. Парижде өткен ІІ Олимпиада ойындарына Франция, Мексика, АҚШ пен Ұлыбритания елдерінің командалары қатысты. 1904 жылы АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өткен ІІІ Олимпиада ойындарының бағдарламасына поло спорты кірмей қалды. Алайда 1908 жылғы Лондонда өткен IV Олимпиада ойындарында поло ойындардың бағдарламасына қайта кіргізілді.

1912 жылы поло спорты тағы да Олимпиада ойындарын ұйымдастырушылардың назарынан тыс қалды. 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты Олимпиада ойындары өткен жоқ. Есесіне 1920 жылы өткен Олимпиада ойындарында полоның жарыстары өте жоғары деңгейде өтті.

1924 жылы Парижде ұйымдастырылған Олимпиада ойындары мен 1936 жылы Берлинде өткен төртжылдықтың басты додасында поло спорты дамудың жаңа белесіне көтерілгенімен, Берлинде өткен ойындардан кейін халықаралық Олимпиада комитеті полоны ресми түрде Олимпиада бағдарламасынан шығарды.

Полоның Халықаралық федерациясы бар

1980 жылдары Аргентина поло қауымдастығының президент Маркос Уранга осы спорт түрін Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайта енгізу үшін полоның халықаралық аренадағы аясын кеңейту туралы бастама көтерді. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін полоны дамытумен айналысатын халықаралық ұйым құру қажеттігі туындады. Буэнес-Айресте алғашқы жиындар өтіп, 1982 жылдың сәуір айында «FIP» деген атпен танымал Халықаралық поло федерациясының іргетасы қаланды. Тұңғыш президенті болып Маркос Уранга сайланды.

Қазіргі таңда полоны әлемнің 80-нен астам елдерінде ойнайды. Поло Ұлыбритания, Испания, Италия, Франция, Германия, Үндістан, БАӘ, сондай-ақ Аргентина, Мексика, Бразилия, АҚШ, Аустралия және, т.б. елдерде танымалдылыққа ие.

Шөгеннің Қазақстанға қайта оралуы

2012 жылы Өмірзақ Шөкеев мырзаның бастамасымен Қазақстан шөген федерациясының негізі қаланды. 2014 жылы федерация президенті болып Асылжан Мамытбеков мырза сайланды. Содан бері Федерацияның атқаратын жұмысының бірнеше бағыты айқындалып, елімізде полоны дамытудың негізгі алғышарттары жасалды.

2014 жылдың желтоқсан айында Қазақстан шөген федерациясы Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен Халықаралық поло федерациясының Бас Ассамблеясында мүшелікке қабылданды.

Қазіргі уақытта Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында өңірлік федерациялар ашылып, шөген клубтары жұмыс істеуде.

Шөген спортының бірнеше түрі бар

Шөгеннің бүгінде ойналатын бірнеше түрі бар. Олар – жасыл желектегі, құмдағы, қардағы және жабық кешендегі шөген ойыны. Жарыс аумағына қарай қатысушылар саны да әртүрлі болады. Бір қызығы, үндістер шөген ойынын пілге мініп те ойнайды.

Шөген ойынының ережесі

Поло ойынының ережесі бойынша әр ойынға 2 команда қатысады. Әр командада 4 ойыншы ойнайды. Әрбір ойын, жарыстың ерекшелігіне қарай 4,6 немесе 8 чаккерден  (кезең) тұрады. Оның әрқайсысы 7 минутқа созылады. Арасындағы үзіліс уақыты – 3 минут.

Ұзындығы 120-150 сантиметрді құрайтын таяқша (шөген) ойынның негізгі құралы болып табылады. Стандартты поло таяқшасы әдетте талдан немесе бамбуктен жасалынады. Ойын барысында төрт түрлі ұру әдісі бар. Ашық даладағы алаңның көлемі 275х180 метрді құрайды. Бұл командалық спорт ойындарындағы ең үлкен алаң болып саналады. Ойын қақпасы – 7,3 метрді құрайды, қақпа бағанасының биіктігі – 3 метрден кем емес, екі жақтағы қақпаның арасы 230 метрден, ойын алаңының ені 145 метрден кем болмауы тиіс. Ал алаң қоршауының биіктігі – 28 см-ден аспауы қажет.

Әрбір соғылған голдан кейін командалардң қақпаларын ауыстыруы – шөген ойынының тағы бір ерекшелігі болып саналады.

Ойын барысында әрбір атқа екі кезеңнен артық мінуге болмайтындықтан әр ойыншыда кемінде 2-3 аттан болуы керек.

Шөгеншілер қанша айлық алады?

Спортшылар қанша еңбекақы алатын көпті қызықтырады. Елімізде футболшылардың жалақысын есітіп, жағамызды ұстап жатамыз. Ал шөгеннен ел намысын қорғап жүрген жігіттер қаншай айлық алатыны жасырын емес.

Бұл сұраққа баспасөз жиыны кезінде Қазақстан шөген федерациясының вице-президенті Сәрсен Құранбек мырза жауап берді.

- Аргентинада Адольфо Камбьяссо деген ойыншы бар. Оның жылдық табысы 5 миллион долларға жуық.  Ол өзінің мансабын жай қора қызметкері, ат баптаушысы болып бастаған. Бүгінде 40-тан асса да Аргентинада одан асқан ойыншы жоқ. Өзінің жеке клубы бар.

Бүгінде біздің жігіттер 70-80 мың теңге көлемінде айлық алады. Егер тіл үйреніп, еуропалық клубтарға ауысар болса, 3000 еуро көлемінде табыс таба алады. Қазір тіл үйреніп жүрген жігіттер бар. Алдын ала келісімшарт бойынша өзге клубқа ауысқанда ойыншы жалақысының аз бөлігі (3000 еуро болса, 500-і) федерация қорына түседі. Кей клубтар бір ойынға ғана 2500 еуро төлейді. Сондықтан да бүгінгі шөгенге қатысып жүрген қазақ жігіттерінің болашағынан зор үміт күтуге болады, - деді.

Қазақстан шөгенінің жетістіктері

Бүгінде халықаралық жарыстарда «Astana Polo Club» және «Almaty Polo Club» командалары ел намысын абыроймен қорғап жүр. Елордалық команда 2016 жылы Аргентинаның Лухан қаласында өткен халықаралық турнирден I орынмен оралған. Биылғы жарыста «Almaty Polo Club» бірінші орынға шығып, ең үздік командалардың қатарына қосылды.

Сондай-ақ, 2017 жылы Аргентинадағы «Santa Catalina Summer Cup» және «Torneo Summer Polo Match» халықаралық турнирлерде біздің командалар шетелдік шөгеншілерді басып озып, I орыннан көрінді.

Биыл өз елімізде өткен «Almaty Snow Polo Cup» халықаралық додадада - I орын өзімізге бұйырды.

Дәл осы күндері «Astana Polo Club» және «Almaty Polo Club» командалары  «Munich Gold Cup 2017» (Мюнхен, Германия, 25-28 мамыр аралығы) халықаралық турнирінде бақ сынауда.

Ө. Сансызбай