"ХОК қола медалімді қайтарып алды, күміс береміз деген" – Нұрбақыт Теңізбаев

"ХОК қола медалімді қайтарып алды, күміс береміз деген" – Нұрбақыт Теңізбаев
Фото: massaget.kz

Бүгін елімізге белгілі балуан, грек-рим күресінің шебері Нұрбақыт Теңізбаев "Жұлдыз FM" радиосында қонақта болды. Таңғы шоу бағдарламасынан кейін спортшымен біздің де тілдесудің сәті түскен еді. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынамыз.

- Мықты спортшыдан мықты жаттықтырушы шығуы мүмкін, шықпауы да мүмкін. Бүгінде қандай қызметтесіз? Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?

- Иә, мықты спортшыдан мықты жаттықтырушы шығуы да мүмкін, шықпауы да мүмкін. Олимпиада чемпионы атанып, жаттықтырушылық қызметте жолы болмағандар бар. Кейбір Олимпиада чемпиондарының шәкірттері де Олимп шыңын бағындырып жатады. Әркімнің өзінің бағына байланысты.

Жеке жаттықтырушы ретінде шәкірт тәрбиелеп жатқан жоқпын. Спорт мектебінде басшылық қызметтемін. Күрес федерациясында кеңесшімін.

-  Ұлттық құраманы жаттықтыру туралы ұсыныс түсіп жатса, қабыл алар ма едіңіз?

- Бұл туралы ұсыныс болған. Маған ұлттық құраманы жаттықтыру әлі ертерек деп ойлаймын. Өйткені, спорттан кеткеніме де көп болған жоқ. Отбасыма көңіл бөлейін. Басқа да жұмыстарымды тындырайын. Команданы жаттықтыруға әлі жаспын.

- Бейжің Олимпиадасының күміс медалін алатыныңыз туралы айтылды да, жазылды да. Допинг дауына байланысты болған бұл іске қатысты қандай жаңалығыңыз бар? Күміс медальді алдыңыз ба?

-  8 жыл өткеннен кейін жеткен күміс медаль үшін қуанып, бөркімді аспанға атпаймын. Бұл туралы осыған дейінгі сұхбаттарымда да айтқанмын. Оны қарсыласымның отбасына тиесілі дегенмін. Дегенмен Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) мені ресми түрде күміс жүлдегер ретінде таныды. ХОК қола медалімді қайтарып алды. Жақында күміс медальды береміз деген.

- Грек-рим күресіне қандай да бір жаңа ережелер қажет деп ойлайсыз ба?

- Қазір грек-рим күресінің ережесі ай сайын ауысып жатыр деп те айтуға болады. Бірақ соның барлығы қызықты болып жатыр деп ойлаймын. Өйткені, онымен айналысатын арнайы мамандар бар. Қызық. Біз күрескен жылдары да үш-төрт рет ауысқан.

- Жастардан кімдерді ерекше атап өтесіз? Кімдер болашағынан зор үміт күттіреді?

- Айдос Сұлтанғали деген балуанымыз жақсы жетістікке жетіп жүр. 59 келіде ел чемпионы атанды. Мейрамбек Айнағұлов бар. Жастарымыздың жетістіктері көңіл қуантады.

- Отбасыңыз жайлы сұрасақ. Қанша ұл-қыз тәрбиелеп отырсыз? Сіздің жолыңызды қуатындары бар ма?

- Жұбайым Нұриламен шаңырақ көтергеніме 5 жылдан асты. Қызым Кәусар 5 жасқа келеді. Ұлым нұрәділ 2 жастан асты. Спортшы болуларына қарсы емеспін.

- Жас балуандарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

- Жас спортшыларға ерінбей еңбек етуге кеңес беремін. Бәрі де еңбектенгеннің арқасында келеді. Сонда ғана биіктерден көрінесің.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Ө. Сансызбай