Қанат Исламның келесі қарсыласы жайлы не білеміз?

Қанат Исламның келесі қарсыласы жайлы не білеміз?

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 17 ақпан күні бразилиялық боксшы Робсон Соареш де Ассиспен жұдырықтасатынын хабарлаған едік. Бүгін қарсыласы жайлы аз-кем ақпарат бере кеткенді жөн санап отырмыз. 

Робсон Соареш де Ассис 1978 жылы дүниеге келген. Кәсіпқой бокстағы мансабын 2006 жылы бастаған. Алғашқы жекпе-жегінде Эурелиус Хосе де Маура есімді боксшыны ұпай айырмасымен жеңген. Одан кейін 6 жылдай уақыт кәсіпқой шаршы алаңда жекпе-жек өткізбеген. 2012 жылы боксқа қайта оралып, жеңіс жолын жалғаған. 

Бразилиялық боксшы 2 жыл ішінде 13 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетеді. Аргентиналық Хэктор Карлос Сантанаға қарсы жекпе-жекте жеңіске жетіп, мансабындағы алғашқы чемпиондық белбеуін жеңіп алады. Ол - жартылай орта салмақтағы interim WBO Latino белбеуі еді.

Робсон Соареш де Ассис барлық жекпе-жегін өз елінде өткізіп келді. 2014 жылы боксшы WBO Oriental және "PABA" чемпиондық атақтары үшін Аустралияға жол тартты. Онда ол енді ғана танылып келе жатқан Джефф Хорнмен жұдырықтасуға келіскен еді. Алайда бразилиялықтың өзге елдегі алғашқы жекпе-жегі сәтсіз аяқталды. Төртінші раундта екі рет тізерлеп тұрды. Ал бесінші раундта нокаут алып, жекпе-жекті жалғастыра алмады. Джефф Хорн болса жылдан-жылға танылып, жеңіліссіз келеді. Сәуір айында Джефф Хорн әйгілі Мэнни Пакьяомен жұдырықтасады.

Бразилиялық боксшы Аустралиядағы жеңілісінен кейін кәсіпқой боксты тастап кеткен жоқ. Араға бір ай сала отандасы Флавио Пардиньомен жұдырықтасты. Қарсыласын жеңіп шыққан.

2015 жылы Робсон Соареш де Ассиске кезекті рет чемпиондық атаққа таласуға мүмкіндік туды. Бразилиялық осы жекпе-жекте жеңіске жетуге талпынды. Алайда Канаданың Торонто қаласында өткен жекпе-жекте уақытша WBA-NABA чемпиондық атағын иелене алмады. Колумбиялық боксшы Самуэль Варгастан 6 раундта техникалық нокаутпен ұтылды.

Робсон Ассис өз салмағы бойынша бразилияның үздік бокшысы. Олай дейтініміз өз салмағындағы бразилиялық боксшылардың көпшілігін айқын жеңген. Самуэль Варгастан ұтылғаннан кейін отандасы Хоэль Перрейра де Сильвамен кездесті. Қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңді.

Бразилиялық боксшы соңғы жекпе-жегін канадалық Стивен Батлерге қарсы өткізіп, 21 жастағы қарсыласынан ұтылып қалды. Квебекте (Канада) өткен бокс кешінде Робсон Ассис IBF тұжырымы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионына қарсылық таныта алмады.

Өз елінде өткізген барлық жекпе-жектерінде жеңіске жетсе, өзге елде Робсон Ассистің жолы болмаған. Қарсыластары да қауқарлы еді. Бүгінде оны жеңген боксшылар кәсіпқой бокста танылып үлгерді. Бір сөзбен айтқанда, Қанаттың қарсыласы осал емес , тіс қаққан боксшылардың бірі.

Қазақстандық жанкүйерлер Қанат Исламның келесі қарсыласын асыға күтті. Тіпті кей басылымдар отандасымызды әйгілі мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен кездесіп қалуы мүмкін екенін де жазды. Дегенмен Қанатқа қарсылас Бразилиядан табылды. Қос боксшы арасындағы жекпе-жек Рой Джонс (кішісі) пен Бобби Ган арасындағы кездесудің андеркартында өтеді. Бұл да боксшылардың ынта-жігерін арттырары сөзсіз.

38 жастағы бразилиялық боксшы да спорттық мансабының соңында көп жеңілгенді мақсат тұтпайды. Чемпион атанар мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алғаны сөзсіз. Ал Қанат Ислам үшін әр жекпе-жектің маңызы жоғары. Отандасымыз үшін ірі чемпиондық атақтарға талас өткізетін жекпе-жектері алда деп білеміз.

Қанат Ислам бразилиялық Робсон Ассиске қарсы жекпе-жегінде чемпиондық атағын қорғамайды. Бұл туралы Nelsons Promotion промоутерлік компаниясының Қазақстандағы өкілі Нұрғазы Ісмағамбетов айтқан еді.

"Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы келесі кездесуін 17-ақпан күні Нью-Джерси штатындағы Ньюарка қаласында өтеді. Рой Джонстың қатысуымен өтетін бокс кешінде Ислам 10 раундтық жекпе-жек өткізеді. Бірақ, бұл кеште Қанат чемпиондық атағын қорғамайды. Отандасымыз чемпиондық атағын тек Қазақстанда қорғаймын деп отыр. Қарсыласының кім болатынын алдағы уақытта хабарлаймыз. Қанат Ислам қазір АҚШ-та. Нельсон Лопездің қол астында жаттығу жұмыстарына кірісіп кетті", - деген еді.

Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы өзінің соңғы жекпе-жегін 2016 жылдың 29 қазан күні Алматыда өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша ганалық боксшы Патрик Аллотейден басым түскен еді.

Ө. Сансызбай