«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыға ала ма?

«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыға ала ма?
Фото: vesti.kz, sports.ru

Бүгін түнде Еуропа лигасының плей-офф кезеңі аясында елордалық «Астана» Борисовта «БАТЭ» клубына қарсы қарымта кездесуін өткізеді. Назарларыңызға ойын алдындағы қысқа шолуымызды ұсынамыз.

Астанада өткен бірінші ойында 2:0 есебі тіркелді. Екінші таймдағы Джуниор Кабананга мен Азат Нұрғалиевтің соққан голдары «Астанаға» жеңіс сыйлаған. Қазақстандық клуб қарымта ойында қарсыластарына ірі есеппен есе жібермейді деген сенімдеміз.

Станимир Стойлов жаттықтыратын елордалық клуб өткен маусымда Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде бақ сынаған болатын. Биыл отандық клубтың Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуына зор мүмкіндік бар. Ол үшін бүгінгі қарымта ойында қателікке бой алдырмау керек.

«Астана» - екі ойынның қорытындысы бойынша (әзірге 2:0) «БАТЭ»-ден басым түссе, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан екінші қазақстандық клуб болады. Ал ел футболы тарихында еурододаның топтық кезеңінде тұңғыш рет бақ сынаған команда – ол қарағандылық «Шахтер». 2013 жылы «кеншілер» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Селтикке» жол беріп, Еуропа лигасының топтық кезеңіне өткен еді.

Елордалық ұжымның Еуропа лигасында «Шахтер» клубының жетістігін қайталап қана қоймай, топтық кезеңнен шығу мүмкіндігі де бар. Осыған дейінгі сұқбаттарының бірінде клубтың үздік ойыншыларының бірі Неманья Максимович: «Чемпиондар лигасына шыға алмасақ, Еуропа лигасында жүлделі орынға таласамыз» - деген-ді. Енді сол жоспарлары орындалатын кез келді.

«Астана» өткен жылы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтіп, қомақты сыйақыға ие болған еді. Биыл команданың Еуропа лигасында да сәтті өнер көрсетіп, қаржы қорын молайтуына мол мүмкіндігі бар. Бүгінгі қарымта ойын қорытындысы бойынша топтық кезеңге өтетін команда 2,4 миллион евро сыйақыға кенеледі. Ал топтық кезеңдегі әр ойынның нәтижесіне де УЕФА тарапынан сыйақы қарастырылған. Мәселен, жеңіске жеткен команда 360 мың евро, тең ойын үшін 120 мың евро алатын болады. Топтық кезеңнен бірінші орынмен шыққан команда - 500 мың, екінші орын алған клуб 250 мың евро алады.

Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі сыйақы мөлшері де қомақты. 1/16 финалға шыққан барлық командаға жарты миллион евродан беріледі. 1/8 финалға өтсе – 750 мың, ширек финалда – миллион евро, жартылай финал үшін бір жарым миллион төленеді. Ал Еуропа лигасын жеңген клуб 6,5 миллион евро табысқа кенеледі. Финалда жеңілген клуб 3,5 миллион сыйақы алады.

Бүгін «Астана» Борисовта негізгі құраммен алаңға шығады. Бірінші ойында ескертулеріне байланысты Дмитрий Шомко мен Игорь Шитов алаңға шыға алмаған еді. Бұл жігіттер құрамға қайта оралды. Ал алаң иелері сапынан тәжірибелі ойыншысы Александр Глеб ойынға қатыса алмайды. Сондай-ақ, қақпашы Сергей Веремконың да алаңға шығуы әзірге белгісіз. Екі футболшы да бірінші ойында жарақат алып қалған еді.

«БАТЭ» мен «Астана» арасындағы қарымта ойында букмекерлік орталықтар беларусь ұжымын фаворит санауда. Алаң иелерінің жеңісіне – 1,86, тең ойынға – 3,35, «Астананың» жеңісіне – 4,25 коэффициент ұсынуда. Ал топтық кезеңге өту мүмкіндігі бойынша қазақстандық клубты айқын фаворит ретінде көрсеткен. «БАТЭ»-ге – 7,75, «Астанаға» - 1,09 коэффициент беріп тұр.

Борисовтағы ойынға француз төрешісі Тони Шапрон қазылық жасайды. Алаң жиегінде оған Филипп Жан мен Александр Виаль көмектеседі. Төртінші төреші қызметін Микаэль Лесаж атқарады.

«БАТЭ» мен «Астана» арасындағы ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсететін болады. Қазақстандық клубқа сәттілік тілейміз. Бірге жанкүйер болайық!

Ө. Сансызбай