Қазақстан әйелдер құрамасы әлемді мойындатты

Қазақстан әйелдер құрамасы әлемді мойындатты
Фото: kfb.kz

Бокстан әйелдер арасында Астанада ұйымдастырылған әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан ұлттық құрамасы 4 алтын, 2 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. 

Қазақстан құрамасының қоржынына соңғы алтын медальды 81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан отандасымыз Ләззәт Күнгейбаева салды. Ол финалда америкалық Шейдайсия Гринді жеңді.

Бүгін финалда жұдырықтасқан төрт боксшымыз да чемпион атанып, қазақ елінің мерейін үстем етті. Алғаш болып шаршы алаңға шыққан Назым Қызайбай екі дүркін әлем чемпионы атанса, Дина Жоламан мен Валентина Хальзова да көк Туымызды биікке көтеріп, Әнұранымызды шарықтатты. Ал әлем чемпионатының соңғы жекпе-жегінде жарыс жолына шыққан Ләззәт та намысты қолдан бермеді. Бірінші раундта жеңіп, екінші раундта америкалық боксшыға басымдық беріп қойғанмен, кейінгі екі раундта қарсыласының мысын басты. Нәтижесінде ұлттық құрама қоржынына төртінші алтын медальды салды.

Әйелдер арасында Астанада өткен әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін аса табысты болды деуге толық негіз бар. Себебі ұлттық құрама алғаш рет 6 медальға қол жеткізіп отыр. 4 алтын, 2 қола жүлденің нәтижесінде жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Ал бастысы, 51 келіге дейінгі салмақта Жайна Шекербекова Олимпиада жолдамасын жеңіп алды.

Қазақстандық боксшылар мен жаттықтырушыларды ірі жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз.

Ө. Сансызбай