Чемпиондар лигасы. «Атлетико» vs «Бавария»

Чемпиондар лигасы. «Атлетико» vs «Бавария»
Фото: vk.com, dfb.de

Бүгін Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы мадридтік «Атлетико» мен мюнхендік «Бавария» арасындағы бірінші ойын өтеді. Назарларыңызға ойын алдындағы қысқа шолуымызды ұсынамыз.

«Атлетико» - Хосеп Гвардиола командасы үшін осал қарсылас емес. Ширек финалда каталондық «Барселонаны» жарыс жолынан шығарды. Ал «Бавария» плей-офф кезеңінде туриндік «Ювентус» пен лиссабондық «Бенфиканы» артта қалдырды.

Диего Симеоне командасы қорғаныста аса сауатты ойнайтын клубтардың бірі. Оңтайы келсе, шабуылда да ширақ ойнай алады. Десе де бүгін «Бавариямен» өтетін ойын алаң иелері үшін оңай соқпайтын секілді. Оның бір себебі – клубтың белді қорғаушысы Диего Годин ойынға қатыспайды. Ол бильбаолық «Атлетикке» қарсы ойында жарақат алған болатын. Ал каталондық «Барселонаға» қарсы ойында дәл осы уругвайлық қорғаушы асқан ерлікпен өнер көрсеткен болатын.

Мюнхендік клуб сапынан Арьен Роббен мен Хольгер Бадштубер алаңға шыға алмайды деп күтілуде. Бұл екі ойыншы мюнхендік клуб үшін бас ауыртар мәселе емес. Қосалқы құрам ойыншылары екі ойыншының орнын басып үлгерді.

«Бавария» осы маусымдағы плей-офф кезеңіндегі клубтарға қарсы фаворит саналып келді. Алайда сырт алаңда өткізген ойындарында жеңіске жете алған жоқ. Бір емес, екі голдан соқтырып алды. Сондықтан да, мюнхендік клубтың қорғанысы тас мығым деп айта алмаймыз. Стандартты жағдай – қонақтар үшін таптырмас мүмкіндіктердің бірі.

«Атлетико» «Висенте Кальдеронда» қарсыластарына оңай есе жібере бермейді. Бүгін «Баварияға» қарсы Диего Симеоне бір айла табары анық. Оның үстіне мадридтік клуб бірінші ойында қарсыластарына гол соқтырмауды да мақсат тұтады. Сондай-ақ, шабуыл шебіндегі Антуан Гризманн мен Фернандо Торресті қазір бабында деп айтуға болады.

Ойынға шығуы мүмкін құрам:

«Атлетико»: Облак; Хуанфран, Хименес, Лукас, Филипе Луис; Габи, Коке, Сауль, Аугусто Фернандес; Гризманн, Ф.Торрес. 

«Бавария»: Нойер; Лам, Мартинес, Алаба, Бернат; Хаби Алонсо, Видаль; Коста, Рибери; Мюллер, Левандовски.

Букмекерлік орталықтар «Баварияны» аз да болса фаворит санап отыр. Мюнхендік клубтың жеңісіне 2,52 коэффициент, тең ойынға – 3,04, мадридтік клубтың жеңісіне – 3,25 коэффициент ұсынуда.

Ойынды «ОҢ-ТВ» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар. Астана уақытымен түнгі сағат 00:45-те басталады.

Біздің болжам: «Атлетико» бірінші ойында қарсыластарына есе жібермеуге тырысары анық. Өз алаңында ұтылмайды және 3-тен аз гол соғылады деп болжауға болады. 

Ө. Сансызбай