Чемпиондар лигасы.«Манчестер Сити» vs «Реал»

Чемпиондар лигасы.«Манчестер Сити» vs «Реал»
Фото: vk.com

Бүгін футболдан Еуропаның басты додасы саналатын – Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы «Манчестер Сити» мен «Реал» арасындағы ойын өтеді. Назарларыңызға кездесу алдындағы қысқа шолуымызды ұсынамыз.

Ағылшындық «Манчестер Сити» өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасында ең ірі жетістігін бағындырып отыр. Алғаш рет доданың жартылай финалына шықты. Париждің «ПСЖ» клубын жарыс жолынан шығарып, жанкүйерлерін қуантты. Ал мадридтік «Реал» ширек финалда «Вольфсбургтан» бірінші ойында жеңіліп, қарымта ойында есесін қайтарып барып қана жартылай финалға өтті.

Екі клуб үшін де Чемпиондар лигасы үлкен маңызға ие. Әсіресе, «Манчестер Сити» көп күш салары анық. Себебі, ағылшын премьер-лигасында чемпион атану мүмкіндігі күн санап алыстап барады. Ал «Реалдың» ішкі біріншілікте жеңімпаз атануға мүмкіндігі бар. Ол үшін қалған тур ойындарында қарсыластарына есе жібермей, «Барселона» мен «Атлетиконың» қателіктерін күту керек.

Мануэль Пеллегрини «Манчестерден Ситиден» абыроймен кетуді мақсат тұтып отыр. Сондықтан да «корольдік клубты» жарыстан шығару үшін күш салатыны жасырын емес. Олар үшін ішкі біріншіліктен гөрі, «Реалмен» өтетін ойын жоғары маңызға ие.

«Реал» үшін соңғы ойындар шешуші, әрі нағыз текетіреске толы болуда. «Райо Вальеканомен» өткен ойында жеңіліп тұрып, жеңіске бастар жолды таба білді. Сондай-ақ, сол ойында Карим Бензема мен Криштиану Роналду аздап жарақат та алған болатын. Бүгінгі ойынға француздық шабуылшының алаңға шығуы белгісіз. Ал португалдық сұрмерген «Этихадтағы» ойынға шығады деп күтілуде.

«Манчестер Сити» құрамы ойынға түгелдей дайын. Тек Яя Туре ғана алаңға шыға алмайды. Алайда ол негізгі құрамда ойнамай жүргені белгілі. Оның орнын өзге ойыншылар толықтырып үлгерді.

Ойынға шығуы мүмкін құрам:

«Манчестер Сити»: Харт – Санья, Компани, Отаменди, Клиши – Фернандо, Фернандиньо – Хесус Навас, де Брайне, Давид Силва – Агуэро

«Реал»: Кейлор Навас – Карвахаль, Серхио Рамос, Пепе, Марсело – Модрич, Каземиро, Кроос – Бэйл, Бензема, Роналду

Букмекерлік орталықтар «Манчестер Сити» мен «Реалдың» мүмкіндігін тең санап отыр. Ағылшындық клубтың жеңісіне 2,97 коэффициент, тең ойынға – 3,56, мадридтік клубтың жеңісіне – 2,41 коэффициент ұсынуда.

Ойынды «ОҢ-ТВ» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар. Астана уақытымен түнгі сағат 00:45-те басталады.

Біздің болжам: «Манчестер Сити» өз алаңында сәтті ойнайтын клубтардың бірі. Кездесуде тең есеп (1:1) тіркелуі мүмкін.

Ө. Сансызбай