Арсен мен «Арсеналдың» 8 өкініші

Арсен мен «Арсеналдың» 8 өкініші
Фото: eurocups-uefa.ru

Лондонның «Арсенал» футбол клубы соңғы жылдары ірі жетіктіктерді бағындыра алмай келеді. Команданы 20 жылдан бері жаттықтырып келе жатқан маман жанкүйерлер сенімінен шыға бастағандай.

«Арсенал» - ағылшын премьер-лигасындағы азулы ұжымдардың бірі. Биыл да чемпиондық атақтан үмітін үзе қойған жоқ. Алайда «қартамыс құрлықтың» басты додасы саналатын Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсете алмай келеді. Әлде 1/8 финалда жеребе сәтті түскен, сәтсіз түскен соңғы алты маусымда да ширек финалға шыға алған жоқ. Бұл маусымды да 1/8 финалда аяқтады.

Арсен Венгер өз қателігін жасырын ұстайтын футбол мамандарының қатарынан емес. Оны БАҚ беттеріне жарияланған сұқбаттарынан-ақ байқауға болады. Тіпті, француз маманы кезінде көз қиығы түскен ойыншыларын сатып алғанда, бүгінде «Арсеналдан» асқан клуб болмасы да анық секілді. Себебі, кезінде Арсен Венгер мен «Арсеналдың» қазіргі әлемнің үздік ойыншыларын сатып алуға мүмкіндіктері болған. Бірінде тәуекелге баруға талпынбаса, бірінде кешігіп қалған. Назарларыңызға бапкер мен клуб сатып алуға тырысқан ойыншылар тізімін ұсынамыз.

Криштиану Роналду

2014 жылы Арсен Венгер кезінде Криштиану Роналдуды сатып алмағанына өкінетінін ашық айтты.

- Бәрінен бұрын Криштиану Роналдумен келісімшартқа қол қоймағанымызға өкінемін. Оның «Арсеналға» ауысуына жақын қалған еді. Алайда ол «Манчестер Юнайтедтің» ұсынысын таңдап кетті. Мен әлі күнге дейін мұны ойласам, ішім қан жылайды, - деді.

Златан Ибрагимович

Арсен Венгер мен «Арсенал» «Мальмеде» ойнап жүргенде Златан Ибрагимовичке қызығушылық танытқан. Тіпті, швед шабуылшысы лондондық ұжымға ауысуға да жақын болған. Алайда бас бапкердің жасаған ұсынысы мен клубтың тәртіптік ережесі Златанға ұнамай қалып, келісім жүзеге аспай қалған.

Рахим Стерлинг

Бүгінде «Манчестер Сити» клубында ойнап жүрген Рахим Стерлинг те бір кездері «Арсенал» ойыншысы болуға шақ қалған. Бұл туралы Арсен Венгер бір сұқбатында айта кеткен болатын.

- Стерлинг «Куинз Парк Рейнджерс» клубында ойнап жүргенде біз оған қызығушылық таныттық. Алайда ол кезде командада вингерлер көп болатын. Оған орын жоқ еді. Нәтижесінде «Ливерпуль» бірінші ұсыныс жасап, өз қатарларына қосып алды, - деген еді.

Дидье Дрогба

2014 жылы Арсен Венгер Дидье Дрогбамен де келісімнің жүзеге аспағанын мойындады.

- Мен Дидье Дрогбамен де жұмыс жасағым келді. Францияның екінші дивизионындағы «Ле Ман» клубында ойнап жүргенде-ақ талантты ойыншы екенін байқаған едім. Алайда тәуекелге барудан бас тартып, уыстан шығарып алдық, - деген-ді.

Лионель Месси

Бүгінде әлемнің үздік ойыншыларының бірі Лионель Мессиді өзге клубта елестету мүмкін еместей. Десе де лондондық ұжым аргентиналық ойыншыға кішкентайынан-ақ қызығушылық танытқан.

- Біз «Арсеналға» «Барселона» академиясынан Фабрегас, Пике және Мессиді алдырғымыз келді. Алайда Фабрегас қана келді. Олар ол кезде каталондық клубтың жасөспірімдер сапында ойнап жүрген болатын. Месси өзін сонда жайлы сезінді. Сондықтан да келуге емеурін танытпады. Біз де соңына дейін таласып баққан жоқпыз, - деген бір сұқбатында Арсен Венгер.

Роналдинью

Футбол әлеміндегі аңыз ойыншылардың бірі Роналдинью да бір кездері «Арсеналға» ауысуға шақ қалған. Алайда Арсен мен «Арсеналдың» бұл ауысымы ағылшын футбол қауымдастығының ережесіне байланысты жүзеге аспай қалыпты.

- Біз Роналдиньюды «ПСЖ» клубына ауыспай тұрып сатып алғымыз келген. Мен оның ағасы, әрі агентімен жолықтым. Ол кезде Роналдинью 20 жаста болатын. Алайда қауымдастық ережесіне байланысты бұл трансфер жүзеге аспай қалды, - деді.

Гарет Бэйл

Лондондық клубтың Гарет Бэйлды сатып алуға зор мүмкіндігі болған. Алайда Арсен Венгер мен «Арсенал» валилік ойыншыны қажетсінбеген екен.

- Біз Гарет Бэйлді өзіміз алғанымыз жоқ. Себебі, ол кезде біздің сол жақ қапталдағы қорғанысымызда Эшли Коул мен Гаэль Клиши бар еді. Бізге тағы да сол жақ қорғаушы қажет болмады. Бұл біздің үлкен қателігіміз болды. Өйткені, Гарет Бэйл алаңдағы өз орнын ауыстырғаннан кейін екінші тынысы ашылды. Нәтижесінде біз бармақ тістеп қалдық, - деді бір сұқбатында Арсен Венгер.

Яя Туре

Яя Туре де бір кездері «Арсеналды» сан соқтырып кеткен ойыншылардың бірі. Бүгінде «Манчестер Ситидің» белді ойыншысы лондондық клубтың келісімшартын күтуден ерте жалыққан.

- Мен оны кішкентайынан танимын. Тіпті біздің академияда өсті десек те болады. Алайда ол бізбен бірге жұмыс жасауға тым жас болды. Біз оған елдің жаңа төлқұжатын алып беруге де тырыстық. Алайда Яя Туре шыдамсыздық танытып, донецкілік «Металлургке» ауысып кетті, - деген Арсен Венгер.

Ө. Сансызбай