Допинг дауында саяси астар бар

Допинг дауында саяси астар бар
Фото: vesti.kz

Жасұлан Қыдырбаев, Алмас Өтешов пен Ермек Өміртайдың допинг қолданды деп күдікке алыну қазақ спорт жанкүйерлерінің төбесінен жай түскендей болды. Бірақ әлі уақыт бар, әлі ресми түрде дәлелденген жоқ. Даурықпай тұрған да дұрыс секілді. Десек те айта кететін жайттар көп...

Қазақстан құрамасы ауыр атлетикада әлемнің алпауыт құрамаларының қатарына еніп үлгерді. 2009 жылдан бері отандастарымыз ірі халықаралық турнирлерде биік белестерді бағындыруда. 2012 жылғы Олимпиада ойындары мен Алматыдағы әлем чемпионаты да мұны дәлелдей түсті. Алайда кей қауымдастықтар Қазақстанның қауқарын мойындағысы келмейді. Хьюстонда өткен әлем чемпионаты да мұны бір дәлелдеп берді деуге негіз бар. Себебі Қазақстан құрамасы Бразилиядағы Олимпиадаға толық құрамда қатысуға мүмкіндік алды. Ал 94 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасы Риодан жүлдесіз қайтпайтыны белгілі болды. Өкінішке орай, Жасұлан мен Алмастың ойда жоқта айыпталуы көңілге секем салып отыр.

Әлем чемпионатында-ақ аяқтан шалды

Хьюстондағы әлем чемпионатында төрешілердің бұра тартқанын бірнеше рет көрдік. Әсіресе, Алмас пен Жасұланға келгенде білгендерін істеп бақты. Алмастың жұлқа көтерудегі 180 келіні бағындырған нәтижесін есепке алмай, чемпиондық атақтан айырды. Намысқа тырысқан қазақ жігіттері жеңісті қолдан бермей күміс пен қоланы қанағат тұтты. Бастысы – алда Олимпиада болатын.

Қазақстан допинг дауына алғаш ілігіп отырған жоқ

Арыға бармай, 2012 жылдан бастайық. Осы жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, 2011 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Семен Линдер, ересектер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрсұлтан Рахатов және Қазақстан қыздар құрамасының мүшесі Фаина Сыбанбаева допинг қолданғандар тізіміне еніп, спорттан шеттетілді.

Ал 2013 жылы қазақстандық 9 ауыр атлет допинг қолданды деген айыппен 2 жылға спорттан шеттетілген-ді. Олардың қатарында 2013 жылғы Азия чемпионы Александра Аборнева, 2008 жылы Қазақстан азаматтығын алған Фархад Харки, сондай-ақ Айдар Қазов, Ғалымбек Жұбатқанов, Ерболат Жоламанов, Аят Әмірбеков сынды жас өрендеріміз бар еді. Сондай-ақ, жақында ғана Хьюстон мен РФ президентінің кубогында күміс жүлдені иеленген Александр Зайчиков болатын. 2013 жылғы допинг дауына байланысты Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Қазақстан құрамасына $ 500 000 доллар айыппұл салды.

Жасұлан Қыдырбаев спорттан өмір бойына шеттетілуі мүмкін

Жасұлан Қыдырбаевтың допинг қолданғаны дәлелденіп жатса (тіліміз тасқа), өмір бойына спорттан шеттетілуі мүмкін. Ал Алмас Өтешов пен Ермек Өміртай допинг қолданды деген күдікке алғаш ілігіп отыр.

Ермек Өміртай – ұлттық құраманың жас талантты спортшыларының бірі. Оның Рио болмаса, 2020 жылғы Токио Олимпиадасына қатысуға мүмкіндігі бар. Ал Алмас Өтешовті спорттан шеттетіп жатса, мансабын аяқтауы да мүмкін. Десе де әліптің артын бағайық. Бар болғаны күдік қана. Алда екінші тексеру өткізіледі.

Жаза мерзімін қысқартуға болады

Допинг дауы қазақстандық қауымдастыққа да тікелей қатысты. Егер спортшылардың допинг қолданғаны дәлелденіп, алайда байқаусызда ішіп-жеген тағамдармен қанда пайда болғаны айғақталса, жаза мерзімін қысқартуға болады. Соның өзінде қазақстандық ауыр атлеттер Рио Олимпиадасына қатыса алмайды. Естеріңізде болса, осы жылы Болгария құрамасының 11 зілтеміршісін допинг қолданғаны анықталып, барлығы Олимпиадаға қатысу құқығынан айырылған болатын. Кейіннен елдің ауыр атлетика қауымдастығы тыйым салынған дәрінің тағам арқылы спортшылар бойына тарағанын дәлелдеп, жаза мерзімін 18 айдан 9 айға қысқартқан-ды. Алайда ұлттық құраманың Олимпиадаға қатысу мүмкіндігін қайтарған жоқ. Қазір болгарлар Олимпиадаға қатысу үшін допинг мәселесіне қатысты дауды қайта қарауды сұрауда.

Седовқа сенім артамыз ба?

94 келіге дейінгі салмақ – қазақтардікі деп келінген еді. Алайда қос спортшымыздың допинг дауына ілігуі көңілімізді жабырқатқаны рас. Бұл салмақ дәрежесінде ел құрамасы сапында талас та жоғары болатын. Алмас пен Жасұланнан өзге Алматыдағы әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленген Владимир Седовтың спорттан кеткені белгілі. Әлде Седовқа қайта сенім артамыз ба, ол жағы белгісіз.

Жалғыз қазақстандық спортшылар емес

Хьюстондағы әлем чемпионатынан кейін допинг қабылдады деген күдікке ілінген жалғыз қазақстандық спортшылар емес. Олардың қатарында Ресей, Әзірбайжан, Беларусь және Корей Халық Демократиялық Республикасының спортшылары да бар. Мәселен, Ресей құрамасы сапында 105 келіден жоғары салмақта әлем рекордын орнатқан Алексей Ловчев те күдіктілер қатарында. Ол өзінің допинг қолданбағанын айтып, бұл жағдайды саяси астармен байланыстырып отыр.

Допинг қолданған спортшылар жүлделерінен айырылады

IWF допинг қолданған спортшыларды дәлелдесе, олар Хьюстондағы жүлделерінен айырылатын болады. Бұл қатарда Алмас пен Жасұланның күміс және қола жүлде алғанын ескере кеткен жөн. Сондай-ақ, 75 келіге дейінгі салмақта әйелдер арасында қола жүлдегер атанған ресейлік Ольга Зубова да айыпталушылардың қатарында. Оның допинг қолданғаны дәлелденіп жатса қола жүлде қазақстандық Светлана Подоведоваға бұйыруы мүмкін.

Қазақстан допинг дауын өзі де тексермек

Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясы допинг дауына қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Мәлімдемеде «Хьюстонда (АҚШ) өткен 2015 жылғы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша допинг бақылауының "А" сынамаларында спортшылардың ағзасында анаболик андроген стероидтарының табылғаны айтылады. "Халықаралық ұйымның шешімінің уақытша мәнге ие болғандығын есепке ала отырып, осы дерек бойынша мүдделі ведомстволар мен қазақстандық федерацияда ішкі тергеу өткізу жоспарланып отыр. Оның қорытындысы бойынша, "Б" сынамасын ашуға өтінім жазу және апелляция беру туралы шешім қабылдануы мүмкін. Алайда IWF тергеуі жалғасады, оның қорытындысы Халықаралық ауыр атлетика федерациясының және Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясының сайттарында жарияланады», − делінген хабарламада. 

Өтешов пен Қыдырбаевтың бапкерлері қызметінен алынды

Ауыр атлетикадан Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаевтың бапкерлері уақытша жұмыстарынан алынды. Бұл туралы спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Алматы» телеарнасына мәлімдеген. Бұл туралы alaman.kz хабарлады.

Ал бапкер Ержас Болтаев болса оқиғаға байланысты өз ойын білдірді.

- Түсініксіз жағдай. Бұл спортшылардың допингке түк қатысы жоқ, олар еңбектерінің арқасында әділ жеңіске жетті. Жігіттер үшін біз соңына дейін күресеміз. «Б» тексерісінен кейін бәрі дұрысталып, мұның барлығы түс секілді өте шығады деп ойлаймын. Жігіттердің жүйкесіне салмақ түсті. Олар үшін бұл ауыр соққы болды, - деді.

«Допинг дауында саяси астар бар»

- Допинг дауында саяси астар бар, - деді ұлттық құрама жаттықтырушысы Алексей Ни. «Әлем чемпионатына дейін Ресей, Қазақстан мен ТМД елдерінің біразы Хьюстондағы әлем чемпионатына қатыспайды деген ақпар болған. Себебі, допинг-бақылауды америкалықтардың өздері жүргізеді деп айтылған-ды. Олар қалай зерттеу жүргізгенін білмейміз. Алдымен Лос-Анджелесте, кейіннен Монреалда тексеріледі деді. Мұны IWF қадағалаған жоқ. Америкалықтар әлемге өздерін танытқысы келеді. Мұнда да саясат бар. Бұл жігіттер кешегі балалар емес, Қыдырбаев − әлем чемпионы, Өтешов жыл сайын күміс жүлдегер болады − әлем чемпионатында екі рет және Азиа ойындарында. Бұл спортшылардың деңгейі жоғары, біз оларды Хьюстондағы жарысқа алтын мен күміс медальдар алады деп дайындадық. Спортшыларымызды допингсіз және осындай даусыз дайындауға миымыз жетпей ме сонда? Логика болуы керек қой. Сонда Рахимов пен Зайчиков неге ұсталмады? Біз бір командамыз, бірге дайындалдық, сондықтан сұрақ көп. Үштікке кіре алмаған қатардағы спортшылар ұсталды десе бір жөн, ал бұл жігіттер медаль алуға дайын. Басшылықтың не шешетіні 28 желтоқсанда белгілі болады, - деді.

Алексей Нидың айтуынша, енді қол қусырып отырмау керек. Осыған байланысты ол Қазақстан ауыр атлетика федерациясының тарапынан белгілі бір қадамдар жасалуы керектігін айтып өтті. "(...) Адами факторды да есепке алу қажет әрі сынақ алатын мамандардың білімін қарау керек. Сондықтан мүмкіндігінше ресурстарды, заңдарды қолдануымыз қажет. (...) Қыдырбаев пен Өтешов − әлемдік деңгейдегі спортшылар. Жарты жылдан кейін олар Риода екі медаль алар еді. Ильин екі мәрте алтын медаль жеңіп алған категорияда өз орнымызды сақтап қалуымыз керек", − деді ол.

"Хьюстонды қойшы, бірақ Риода біз жеңісті қолдан бермес едік, медальдарды өзіміз алар едік. Сонда Олимпиадада ауыр атлетикадан алтын медаль алған тұңғыш қазақ болар еді. Ауыр атлетикадан Олимпиадада тарихында қазақ ешқашан алтын медаль алмаған. Қыдырбаев тұңғыш әлем чемпионы болды. (...) Күресте Үшкемпіров бар, бокста Олимпиада чемпиондары көп, бірақ ауыр атлетикада жоқ. Бізде алуға мүмкінді болған екі жұлдызымыз болған, бірақ ол кейінге қалдырылды, қашанға дейін қалдырылғаны да белгісіз", − деп қорытындылады Алексей Ни өз сөзін.

Күдік артында үміт бар

Екінші сынама қорытындысы қаңтар айында шығады деп күтілуде. Амал жоқ, күтеміз. Қазақстандық толағайлардың допинг қолданбағаны анықталып, көрген түстей бұл күндер де өте шығатынына сеніммен қараймыз. Жер әлемге жар салмағанымыз да дұрыс шығар. Жігіттердің жүйкесіне салмақ түсер. Одан да спортшыларымыздың екінші сынамасы сәтті шығуын ел болып тілейік!

Ө. Сансызбай