Соққысы сойылдай салмақты Сойлыбаев

Соққысы сойылдай салмақты Сойлыбаев
Фото: vk.com

Осыдан бір жыл бұрын кәсіпқой боксқа ауысқан Бекман Сойлыбаев жақында Америкаға барып, тағы да екі жекпе-жек өткізіп қайтты. Әрі екеуінде де өте тәжірибелі боксшыларды жеңіп, қазақтың күрзі жұдырықты жігіттерінің қандай қарымды болатынын төрткүл дүниеге паш етіп келді.

Біз бұған дейін Бекманның төрт жекпе-жек өткізгенін жазғанбыз. Қайталап өтер болсақ, өткен жылы тамыз айында Украина боксшысы Дмитрий Пашковты жеңген. Іле-шала оның соңынан отандасы Павел Петровты тәлтіректеткен. Содан соң жыл аяғында Украина ұланы Дмитро Аушевтен басым түскен болатын.

Биыл ақпан айында алғаш рет АҚШ-та өнер көрсетіп, осы елдің кәсіпқой бокс рингінде біраз жыл ысылған Хосе Гомес деген спортшысын айқын басымдықпен жеңді.

Содан кейін туған елге келіп, біраз уақыт демалды. Ал жазғытұры Америкаға қайта барып, екі айдай жаттығу жұмыстарын өткізді. Мұхиттың арғы бетінде Эрик Браун сынды білікті бапкердің қол астында жаттықты. Әрі Макс Фридман және Тэйлор Рамсдел сынды танымал жаттықтырушылардан дәріс алды.

Содан 31 шілде күні қазір АҚШ-тың намысын қорғап жүрген Мексика боксшысы Серхио Нахермен кездесті. Жұдырықтасты деп айта алмаймыз, себебі рингке шыққан бетте, нақтырақ айтқанда, жекпе-жектің 38-секундында Бекман оны сұлатып салды.

Мен бұл жекпе-жекке тыңғылықты дайындалдым. Қарсыласымның бұған дейінгі жекпе-жектерінің видеоларын қарап, егжей-тегжейлі саралап шықтым. Сонда байқағаным, ол сол қолын жиі-жиі төмен түсіре береді екен. Осыны пайдалануды жөн көрдім. Екеуміз рингке шыққан бетте, ол сол қолын төмен түсіре қойды. Мен мұны қалт жібермей, бар пәрменіммен ұрдым. Соққым діттеген жеріме дөп тиіп, өте сәтті шықты. Негізі, қарсыласым аса тәжірибелі боксшы еді, – дейді Бекманның өзі Алматыда кездескенімізде.     

Рас, Серхио Нахер осал боксшы емес-тін. Ол кәсіпқой бокс рингінде 31 жекпе-жек өткізіп, біраз ысылған боксшы болатын. Осы жекпе-жектерінің 10-ында жеңіске жеткен, соның төртеуін нокаутпен аяқтаған. Екі рет тең түсіп, 19 рет жеңілістің кермек дәмін татқан екен. Бірақ Бекманың пәрменді соққысын өткізіп алып, опық жеп қалды...

Бір ай уақыт өтер-өтпестен, яғни 27 тамыз күні Бекман шаршы алаңға қайта шығады. Бұл жолы тағы да тамырында Мексика қаны соққан америкалық Хосе Луис Арайзамен айқасады.

Арайза өте тәжіриеблі боксшы болатын. Бекманның мұндай қарымды да, тәжірибелі боксшымен алғаш рет кездесуі еді. Өздеріңіз де бағамдап көріңіздер, Арайза кәсіпқой бокс рингінде 45 жекпе-жек өткізген. Ал Бекман тек алтыншы рет бағын сынап отыр. Оның бұл жолғы қарсыласы сонау 1999 жылдан бері 31 рет жеңіске жеткен екен. Соның 22-інде нокаутпен басым түскен.

Бірақ ол да Бекманнан айласын асыра алмай, жеңіліске ұшырады. Алты раунда созылған жекпе-жекте төрешілердің бірауызды шешімімен Бекман күмәнсіз жеңіске жетті.

Соңғы қарсыласым өте тәжірибелі боксшы еді. Кәсіпқой бокс рингінде әбден шыңдалған, тіс қаққан жігіт екен. Онымен жұдырықтасу өте қолайсыз болды. Өйткені бойы меннен аласалау, ентелеп «ішке» кіріп кете береді. Бірінші раундта нокдаунға жібердім. Бірақ есін жинап алды. Екінші раундта да сұлатып салдым. Тағы да нокдаун. Бірақ жаны сірі жігіт екен. Қанша ұрсам да, қайтпай айқаса берді. Алты раунд бойы соққыларыма төтеп берді. Әйтсе де, төрешілер шешімімен жеңіске жеттім, – дейді Бекманның өзі жақында жолыққанымызда. Бірақ соққы өтпейтін Хосе Луисті төпелеймін деп, оң қолын ауыртып (жарақаттап) алыпты... 

Бір жылдың ішінде кәсіпқой бокс рингінде алты жекпе-жек өткізген Бекманның алғашқы жетістіктері – міне, осындай. Алты жекпе-жек – алты жеңіс. Оның үшеуін нокаутпен аяқтады.

Ең бірінші жекпе-жегім қиындау болды. Кәсіпқой бокс рингіне алғаш рет шығуым. Әйтсе де, жеңіске жеттім. Ал екіншісінде өзіме-өзім сенімді болдым. Төрт раундтық жекпе-жектің екіншісінде техникалық нокаутпен басым түстім. Үшінші жекпе-жегімде де жеңіс оңайшылықпен келген жоқ. Қарсыласым кәсіпқой боксқа менен ертерек ауысқан, біраз тәжірибе жинақтаған жігіт еді. Төртінші жекпе-жегімде де қарсыласымның тәжірибесі молырақ еді. Бірақ дұрыс тактика қолданып, алты раундтық айқастың үшіншісінде нокаутқа түсірдім. Одан кейінгі екі жекпе-жегімде Серхио Нахер мен Хосе Луис Арайзаны жеңдім. Осы алтауының ішіндегі ең қиыны соңғысы болды. Бұл жекпе-жекте мен біраз тәжірибе жинап, біраз ой түйдім, – деп ағынан жарылды Бекман.

Ал «кәсіпқой бокстың қара қазанына айналған Америка қазақ боксы мектебінің қай тұсын жоғары бағалап, қызығады» дегенімізде:

Олар қазақ боксшыларының шаршы алаңда көз ілеспес жылдамдықпен желіп жүретін өнерлеріне тәнті болады. Бір орында тұрмай, қарсыласымызды шыр айналдырамыз ғой. Олар соған қызығады. Ал Америкадағы боксшылардың көбісі бір орында тұрып алып, қойғыштай беруге бейімдеу, – деп жымиды Сойлыбаев.

Өмірде қарапайым, артық сөзі жоқ, біртоға Бекман кәсіпқой боксқа ауысқандағы негізгі мақсаты ақша емес екендігін қадап-қадап айтты. «Мақсатым – әлем чемпионы болып, елімнің атын шығарып, абыройын асқақтата түсу, ақша маңызды емес» дейді.

Промоутерларінің, яғни «Diamond Ring» компаниясының ендігі мақсат-жоспарлары – Бекманның келесі жекпе-жектерін Украинада өткізіп, 2016 жылғы чемпиондық атақтар үшін бақ сынап көру. Ал Бекман болса, туған елде жүргенде де үнемі жаттығу жұмыстарын жүргізіп, сақадай сай болуы керек. Өйткені оған келесі жекпе-жектері туралы екі ай бұрын хабар беріліп, бірден жаттығу жиынына шақыртылады. Ең абзалы, жаттығу жиынына шақыртылатын спарринг серіктестері де алдын ала бекітіліп, дайындығы жүйелі түрде өте жоғары деңгейде өткізіліп жүр.

Автор: Нұрғазы Сасаев

Ө. Сансызбай