«Қайрат» қазақ футболының мерейін үстем етті

«Қайрат» қазақ футболының мерейін үстем етті
Фото: massaget.kz

Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясында Алматының «Қайраты» өз алаңында Белградтың «Црвена Звезда» клубын екінші рет жеңіп, қазақ футболының мерейін бір үстем етті. Қос ойын қорытындысы бойынша Владимир Вайсс шәкірттері екінші кезеңге өтті.

Сербияның «Црвена Звезда» клуб «Қайратқа» қарсылас атанғанда қазақ жанкүйерлері бір іркіліп қалған еді. Тарихы бай клубтың Еуропада атағы да жоқ емес-ті. Бірақ бірінші ойында-ақ алматылық клуб қарсыластарынан қауқары жоғары екенін таныта білді. Бір апта бұрын Белградта өткен ойында 0:2 есебі тіркелді. «Қайрат» Алматыға жеңіспен оралған болатын.

«Црвена Звезда» ойыншылары Алматыға жеңіс үшін келгендіктерін алдын-ала айтып, бір бас көтерді. «Қайрат – Барселона емес» деп алаңға шықты. Бірақ, қазақстандық клуб қауқарлы екенін ойын барысында дәлелдей білді. Қорғанысты басты назарда ұстап жүріп, қарымта шабуылда қарсыластың осал тұсын табуға ұмтылды. Владимир Вайсс ұсынған бұл жүйе нәтиже сыйлай білді. 29 минутта Бауыржан Исламхан есеп ашты. Қонақтар да бірінші тайм аяқталғанша таразы басын теңестіруге ұмтылды. Бір рет «Қайратты» голдан қақпа бағаны құтқарды.

Екінші таймда «Црвена Звезда» бар күш-жігерін шабуылға ден қойды. Сондай шабуылдардың бірінде қарымта шабуыл ұйымдастыра білген «Қайрат» есепте екі доп басымдығымен алға шықты. 47 минутта Исламбек Қуат гол соғып, жиналға жанкүйерлерді қуантты. Кездесу аяқталар тұста бас қазы «Қайрат» қақпасына пенальти белгіледі. Савичевич сәтті орындап, есепті 2:1 нәтижесіне өзгертті. Қорытындысында бұл нәтижеге төреші ысқырығы шалынғанша өзгеріс енбеді.

Қос ойын қорытындысы бойынша «Қайрат» «Црвена Звезданы» 4:1 есебімен ұтып, Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне өтті.

Кездесу статистикасы:

Қақпаға соққылар: 13 — 24
Қақпаға дәл соққы: 7 — 7
Ереже бұзу: 17 — 10
Қақпа бағаны мен маңдайшасы: 0 — 1
Офсайдтар: 3 — 0
Бұрыштама добы: 4 — 13
Сары қағаз: 2 — 2
Ойыншы алмасу: 3 — 3. 

«Қайрат» (Алматы, Қазақстан) — «Црвена Звезда» (Белград, Сербия) 2:1 (1:0) 

Голдар: Исламхан 29 (1:0), Қуат 47 (2:0) - Савичевич пенальтиден 84 (2:1)

Ескертулер: Маркович 63, Гоу 89 — Стоянович 9, Мбодж 74

«Қайрат»: Плотников, Соарес, Гурман, Маркович, Қуантаев, Қуат (Дарабаев 84), Исламхан (Сержиньо 66), Исаэл, Гоу (Көкеев 90), Риера, Лунин

«Црвена Звезда»: Райкович, Петкович (Цветкович 46), Мбодж, Анджелкович, Рендулич, Стоянович, Веред (Гаврич 70), Паркер, Катаи, Савичевич, Иович

Бас төреші: Барыш Шимшек (Түркия) 

9 шілде. Алматы. Орталық стадион.

Бірінші ойын: 2:0.  

Ө. Сансызбай