Қазақстан құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының соңғы себетінде қалды

Қазақстан құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының соңғы себетінде қалды
Фото: kff.kz, sports.ru

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатының жеребесінде соңғы себетте қалатын болды. Отандастарымыз 2016 жылғы Еуропа чемпионаты мен жолдастық кездесулер нәтижесінде бесінші себетке көтеріле алмады.

Әлем чемпионаты немесе Еуропа чемпионаты жеребесі алдында ұлттық құрамалар ойын деңгейі мен ФИФА рейтингіне орай себеттерге бөлінеді. Мысалы, бірінші себетке әлемнің ең үздік құрамалары орналасады.

Қазақстан ұлттық құрамасы бесінші себетке көтерілу үшін Ресей және Буркина-Фасо құрамаларымен жолдастық кездесу өткізген болатын. Өкінішке орай, отандастарымыз екі ойында да 0:0 есебімен тең тарқасты. Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде қарсыластарына ұпай сыйлаумен болды. Нәтижесінде Люксембург, Лихтенштейн, Грузия, Мальта, Сан-Марино және Андорра секілді елдермен алтыншы себеттен орын алды.

Әлем чемпионатының жеребесі кезіндегі бірінші себетке Италия мен Хорватия құрамаларымен тең ұпаймен таласып тұр. Егер «скуадра адзурра» бүгін түнде өтетін жолдастық кездесуде Португалияны ұтар болса, бірінші себетке орналасады. Сонымен қатар, саяси жағдайларға байланысты Армения мен Әзірбайжан құрамалары бір топта өнер көрсетпейтін болады.

Жеребе алдында құрамалардың себеттерге орналасуы:

Бірінші себет: Германия, Бельгия, Нидерланд, Португалия, Румыния, Англия, Уэльс, Испания, Италия/Хорватия.

Екінші себет: Италия/Хорватия, Австрия, Словакия, Швейцария, Чехия, Франция, Исландия, Дания, Босния.

Үшінші себет: Польша, Украина, Шотландия, Венгрия, Швеция, Албания, Солтүстік Ирландия, Грекия, Сербия.

Төртінші себет: Түркия, Словения, Израиль, Ирландия, Норвегия, Болгария, Фарер аралдары, Черногория, Эстония.

Бесінші себет: Кипр, Латвия, Армения, Финляндия, Белорусь, Македония, Әзірбайжан, Литва, Молдова

Алтыншы себет: Қазақстан, Люксембург, Лихтенштейн, Грузия, Мальта, Сан-Марино, Андорра.

Айта кетейік, 2018 жылғы әлем чемпионатының жеребе тастау рәсімі 25 шілде күні Санкт-Петербордағы Константинов сарайында өтеді. Ресей құрамасы доданы ұйымдастырушы ел ретінде әлем чемпионатына тікелей қатысады. Ал Еуропадағы іріктеу кезеңі 4 қыркүйек күні басталады. 

Ө. Сансызбай