Қазақстандық бессайысшы Рио Олимпиадасының жолдамасын иеленді

Қазақстандық бессайысшы Рио Олимпиадасының жолдамасын иеленді
Фото: pentathlon.kz

Қазақстандық спортшы Елена Потапенко Пекинде өткен қазіргі бессайыс спортынан Азия чемпионатында жетінші орын алып, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жолдамасын иеленді. Ал командалық есепте отандастарымыз қола жүлде еншіледі.

Қазіргі бессайыстан 29 мамыр мен 7 маусым аралығында өткен Азия чемпионатына Қазақстан Қырғызстан, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония және Австралияның үздік спортшылары қатысты. Әйелдер арасындағы сынның алтынын қытайлық Кианг Чен, күмісті кореялық Ким Сунву, қоланы тағы бір қытайлық Ванси Лианг жеңіп алды. Алты спортшы 2016 жылғы Рио Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды. Қазақстандық Елена Потапенко 1352 ұпаймен жетінші орынға тұрақтады. Еліміздің намысын қорғаған Арина Аздравина сегізінші орын (1346 ұпай), Дарья Халзова он төртінші (1273 ұпай), Алина Курватская он сегізінші орынды (847 ұпай) иеленді. Командалық есепте қазақстандық қыздар үшінші орын алды.

Ерлер арасындағы сында Павел Ильяшенко он екінші орын алды. Жолдама үздік бестікке енген спортшыға берілетінін ескерсек, қазақстандық бессайысшыға жолдама бұйырмады. Дегенмен, Павел Ильяшенконың алдағы әлем кубогы кезеңдерінде жолдама иеленуге мүмкіндігі бар. Ерлер құрамасы командалық сында төртінші орынмен шектелді.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан құрамасы 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына бес жолдама жеңіп алған болатын. Бокстан Берік Әбдірахманов (APB жобасы) пен Василий Левит (WSB жобасы) маңызды жолдаманы иеленсе, үш қарғып секіруден «Гауһар лига» жарысынан кейін Ольга Рыпакова Олимпиадаға баруға мүмкіндік алған-ды. Ал нысана көздеуден Елизавета Король мен Юрий Юрков Қазақстан құрамасына кезекті жолдамаларды сыйлаған болатын.  

О. Сансызбай