Футболдан Түркия құрамасы Алматыға келетін құрамын іріктеді

Футболдан Түркия құрамасы Алматыға келетін құрамын іріктеді
Фото: kff.kz

Футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Түркия құрамасының Қазақстан құрамасына қарсы ойнайтын құрамы белгілі болды. Арда Туран бастаған жігіттер Алматыға 10 маусым күні ат басын бұрады.

Түріктерге қарсы ойынға қатысатын Қазақстан құрамасының кеңейтілген құрамы өткен аптада анықталған еді. Юрий Красножан жаттықтыратын ұлттық құрама қонақтардан қандай да бір ұпай еншілеуді мақсат тұтып отыр. Ал түріктер үшін де Алматыда сарапқа салынатын 3 ұпайдың маңызы жоғары. Себебі, 5 ойыннан 5 ұпай жинаған түріктер турнир кестесінде төртінші орында тұрса, отандастарымыз 1 ұпаймен соңғы орында.

Түркия құрамасының құрамы:

Қақпашылар – Волкан Бабаджан («Истанбул Башакшехир»), Али Вурал («Эскишехирспор»), Хайрулла Мерт («Аданаспор»);

Қорғаушылар – Гёкхан Гёнюл («Фенербахче»), Сенер Озбайракли («Бурсаспор»), Сердар Азиз («Бурсаспор»), Хакан Балта («Галатасарай»), Махмут Текдемир («Истанбул Башакшехир »), Семих Кая («Галатасарай»), Хасан Али Калдырым («Фенербахче»), Алпер Потук («Фенербахче»), Эмре Ташдемир («Бурсаспор»);

Жартылай қорғаушылар – Волкан Шен («Бурсаспор»), Гёхкан Тёре («Бешикташ»), Хакан Чалханоглу («Байер 04», Германия), Мехмет Экичи («Трабзонспор»), Сельчук Инан («Галатасарай»), Мехмет Топал («Фенербахче»), Озан Туфан («Бурсаспор»), Арда Туран («Атлетико», Испания), Огузхан Озьякуп («Бешикташ»), Ясин Озтекин («Галатасарай»), Олджай Шахан («Бешикташ»);

Шабуылшылар – Умут Булут («Галатасарай»), Мухаммет Демир («Газиантепспор»), Мевлют Эрдинч («Сент-Этьен», Франция), Бурак Йылмаз («Галатасарай»)

Қазақстан құрамасының құрамы түріктердің құрамынан 11 есе арзан. Немістің transfermarkt.de сайты Түркия құрамасын 120 миллион евроға бағаласа, отандық футболшылардың құны - 10,45 миллион евро. Жалғыз Арда Туранның бағасы Қазақстан құрамасынан 3,5 есе қымбат екен. Юрий Красножан шәкірттерінің сапындағы ең қымбат ойыншы ретінде Александр Меркель (1 миллион евро) саналып отыр.

Букмекерлік орталықтар Қазақстан құрамасының жеңісіне – 8,3 коэффициент, тең ойынға – 4,5 коэффициент, түріктердің жеңісіне – 1,4 коэффициент ұсынып отыр. Юрий Красножан баптайтын қазақстандық футболшылар 16 маусым күні Кабо-Вердеге қарсы жолдастық кездесу өткізеді. Түріктер де сол күні Болгария құрамасымен ойын өткізуді жоспарлап отыр. 

Қазақстан мен Түркия арасындағы кездесу 12 маусым күні Алматының орталық стадионында өтеді. Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де басталады. 

"А" тобы. Турнир кестесі

Орын  Ұлттық құрама Ойын Жеңіс Тең нәтиже Жеңіліс Доптар Ұпайлар
1  Чехия 5 4 1 0 11-6 13
2  Исландия 5 4 0 1 12-2 12
3  Нидерланды 5 2 1 2 11-6 7
4  Түркия 5 1 2 2 6-8 5
5  Латвия 5 0 3 2 2-11 3
6  Қазақстан 5 0 1 4 4-13 1
О. Сансызбай