Флойд Мейвезер Геннадий Головкинмен неге жұдырықтасқысы келмейді?

Флойд Мейвезер Геннадий Головкинмен неге жұдырықтасқысы келмейді?
Фото: boxrec.com

Әлемдегі ең бай спортшы, жақында ғана Мэнни Пакьяоны жеңген америкалық Флойд Мейвезер соңғы кездесуін күзде өткізетіні туралы хабарлаған болатын. Бірақ кіммен жұдырықтасатыны туралы айтылмаған-ды. Ал үлкен Мейвезердің айтуынша соңғы қарсыласы – британдық Амир Хан болуы мүмкін. Десе де көп басылымдар мен спорт сарапшылары Флойд Мейвезердің Геннадий Головкинмен кездескенін жөн санап отыр.

Қазіргі таңда Флойд Мейвезердің соңғы кездесуінде қарсылас атануы мүмкін саналатын бірнеше боксшылар бар. Олардың алдыңғы қатарында британдық Амир Хан тұр. Сонымен қатар, Мигель Котто, Кит Турман және Мэнни Пакьяо бар. Ал GGG-дің қарсылас атануы қиындау.

Флойд Мейвезер қарсыластарын өзі таңдайды. «USA Today» басылымы таратқан ақпарат бойынша, америкалық боксшы қарсыластарын толықтай зерттеп барып қана кездесуге шақырады. Одан өзге қаншалықты қаржыға кенелетіні туралы да естен шығармайды екен. Бұл тұста Амир Ханды таңдауының да басты себебі бар. Себебі британдық боксшы жартылай орта салмақтағы әлемнің танымал боксшыларының бірі. Жылдамдығы мен күші америкалыққа айтарлықтай қауіп төндіре алатын деңгейде. Мұны білетін Флойд Мейвезер Мэнниге дейінгі екі кездесуін Амир Ханға қарсы емес, Маркос Майданаға қарсы өткізген еді. Яғни, британдық боксшының жұдырықтасуға дайын екенін елемеген-ді. Енді егде тартқанда елеуі екіталай.

Пуэрто-рикалық Мигель Котто қайта Флойд Мейвезермен кездесуі мүмкін. 2012 жылы екі боксшының кездесуі тартысқа толы болып, «Money» деген лақап атқа ие америкалық боксшы ұпай айырмашылығымен басым түскен болатын. Егер алдағы айда Мигель Котто Генадан жеңілген Даниэль Гилді жеңер болса, қыркүйекте Флойд Мейвезермен кездесуіне мүмкіндік бар. Жекпе-жектен аз қаржы түспейтіні белгілі. «Money» келісіп қалуы мүмкін.

Батыстық басылымдар Флойд Мейвезердің шаршы алаңдағы соңғы қарсыласы Кит Турман болуы мүмкін деп те болжауда. WBA тұжырымында чемпиондық атаққа ие бұл америкалық боксшының өнері мамандар тарапынан жоғары бағаланып жүргенмен, әлемге таныла қойған жоқ. Сондықтан да бұл боксшымен жқдырықтасу Флойд үшін аса пайдалы емес.

Флойд Мейвезер Мэнни Пакьяомен қайта жұдырықтасуға келісімін беруі де мүмкін. Себебі екі боксшының кездесуінен аз қаржы түспейтіні белгілі. Оған қоса келісімшарт бойынша күзде қарымта кездесу өткізу туралы келісім бар екені де айтылып жүр. Оның қаншалықты шындыққа жанасымды екені әзірге белгісіз. Ал филиппиндік боксшы қарымта кездесуден қашпайтынын мәлімдеп үлгерді. Егер қолына ота жасатар болса күзде шаршы алаңға шыға алмайтыны ақиқат.

«USA Today» басылымының жазуынша, Флойд Мейвезерді соңғы кездесуінде сүріндіруі мүмкін боксшылардың бірі – Геннадий Головкин. GGG осыған дейінгі сұхбаттарында Флойд Мейвезермен немесе Мэнни Пакьяомен жұдырықтасу үшін салмақ тастай алатынын, және басты арманы екенін айтқан еді. Бірақ америкалық боксшының отандасымызбен кездесуге келісімін беруі екіталай. Неге?

Біріншіден, қазақстандық боксшы АҚШ бокссүйер қауымы арасында аса танымал емес. Сондықтан да бұл жекпе-жек ірі көлемдегі қаржы түсетін кездесулер қатарына ене алмайтыны рас. GGG 2012 жылдан бері АҚШ-та кездесу өткізіп келгенмен, әлі Лас-Вегастағы «MGM Grand» аренасында жұдырықтасып көрген жоқ. Екіншіден, Флойд Мейвезер соңғы кездесуінде мықты қарсыласпен жұдырықтасқысы келмейді. Спорттық мансабында жеңілмеген боксшы ретінде есімін қалдыруды армандайды. Ол үшін Генаны таңдамасы белгілі. Ал батыстық басылымдар мен спорт мамандары Флойд Мейвезерге қазақстандық боксшыны нағыз қарсылас ретінде бағалауда.

Танымал америкалық бапкер Тедди Атлас Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо кездесуінің мәні жоғалғанын алға тартты. Енді бұл жекпе-жек қайта ұйымдастырылар болса қызық болмайтынын ашық айтты. Оның айтуынша Флойд Мейвезерге нағыз қарсылас – Геннадий Головкин.

- Енді ешкім Мейвезер мен Пакьяо кездесуін көргісі келмейді. Ақша үшін ұйымдастырылған жекпе-жектің енді мәні жоқ. Жеке өзім Флойд Мейвезердің Амир Ханға қарсы кездесуін де көргім келмейді.

Мен не үшін Шугар Рэй Леонардты тарихтағы ең ұлы боксшы ретінде бағалаймын? Себебі ол тәуекелге бара білді. Мықты қарсыластарынан тайсалған жоқ. Флойд та тәуекелге барып, Головкинмен жұдырықтасуы тиіс. Иә, бұл жекпе-жектің ұйымдастырылуы екіталай. Бірақ, GGG физикалық тұрғыдан күшті боксшылардың бірі. Ол шаршы алаңда не істеу керек екенін жақсы біледі. Егер ұйымдастырылар болса ойланбай билет сатып алған болар едім, - деген америкалық бапкер («Staten Island Advance»).

Айта кетейік, қазақстандық боксшы 16 мамыр күні мансабындағы 33-ші жекпе-жегін өткізеді. Геннадий Головкин мен Вилли Монро арасындағы жекпе-жек АҚШ-тың Калифорния штатына қарасты Инглвуд қаласында орналасқан «The Forum» аренасында өтеді.

Ұқсас жазбалар:

Вилли Монро: «Головкин қорғануды білмейді»

Ұйымдастырушылар Головкин - Монро жекпе-жегіне 5 мың билет сатып үлгерді

Ө. Сансызбай