Алматы марафонына 15 мыңдай адам қатысады

Алматы марафонына 15 мыңдай адам қатысады

26 сәуір күні Алматы қаласында қайырымдылық марафоны өтеді. Төртінші рет ұйымдастырылып отырған ауқымды іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, және шет елдерден 15 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде.

Алматылықтардың салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған шараға 2012 жылы бастау алған еді. Марафоннан жарна ретінде түскен қаржы қайырымдылық мақсатында жұмсалып келеді. Ұйымдастырушылар жиналған ақшаны қайырымдылыққа қалай жұмсайтыны жайлы халыққа ашық ақпарат тарататынына кепілдік беріп отыр. Биыл марафоннан түскен қаржы мүгедек балаларға арналған мектеп-интернаттарында спорт алаңдарын салу үшін жұмсалатын болады.

Марафон әртүрлі қашықтық бойынша жалғасады: 3 шақырым, 10 шақырым, 21 шақырым, 42 шақырым 195 м және марафондық эстафета (экиден). Экиден сайысында қаладағы түрлі компаниялардан корпоративтік командалар бәсекелеседі. Мәреге жеткендерге естелік сыйлықтар мен медальдар табысталады.

Алматы қаласы  2012 жылы 21 мамырда әлемнің ірі астаналары көп жылдар бойы өткізіп келе жатқан марафон жүгіру шарасын қолға алды. Осыдан кейін оңтүстік астанадағы тұңғыш қайырымдылық марафонына 2500 адам қатысты. Тура бір жыл өткен соң, 2013 жылы 28 сәуірде марафонға 6000 қатысушы жиналды. Өткен жылы 10 000-дай адам қатысса, биыл өтетін марафонға 15 000 адам қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ биыл іс-шараға АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Колумбия, Қытай және ТМД елдерінен ұзақ қашықтыққа жүгіретін желаяқтар қатысуға ниет білдірген. Алматы марафонының жылдан-жылға деңгейі жоғарылап келе жатқанын анық байқауға болады. 

Төртінші рет ұйымдастырылып отырған Алматы марафоны Президент сайлауы күнімен сәйкес келіп отыр.

- 26 сәуір - алматылықтар мен қала қонақтары үшін есте қалатын күн болады. Өйткені, бұл күні ҚР кезектен тыс Президент сайлауы мен IVАлматы марафоны өтеді. Биыл жарыс жолына 14 мың адам қатысады деп отырмыз. Бірақ, тағы бірнеше мың адамның нөмірсіз-ақ жүгіруге шығатыны сөзсіз, - дейді Алматы марафоны ұйымдастыру комитетінің төрайымы Салтанат Қазыбаева.

«Алматы марафоны» спорттық шарасының басты мақсаты - саламатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты және қайырымдылықты дамыту.2013 жылы «Алматы марафоны» – Марафондардың Халықаралық Ассоциациясы мен AIMS мүшелігіне өтіп, Бостон, Амстердам, Нью-Йорк марафондары сияқты белгілі марафондар қатарына қосылған еді.

Айта кетейік, IV ұйымдастырылып отырған «Алматы марафоны» спорттық шарасына massaget.kz сайтының ұжымы да қатысады.

Сурет: massaget.kz

Ө. Сансызбай