Таныс та бейтаныс Буркина-Фасо

Таныс та бейтаныс Буркина-Фасо

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Буркина-Фасо құрамасымен жолдастық кездесу өткізетін болды. Бұл туралы ФИФА ресми сайты хабарлап отыр.

Юрий Красножан шәкірттері «қара құрлықтың» құрамасын Алматыда қабылдайды. Қазақстан футбол федерациясы да ресми сайтында бұл ақпаратты растады. Ойын 12 мамырға жоспарланған. Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады. 

Қазақстан құрамасы өз тарихында Африка құрлығында орналасқан бір мемлекетпен ғана кездесу өткізген. Ол – Ливия құрамасы. 1992 жылы өткен ойында отандастарымыз 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Бір қызығы, сол ойында бас бапкер Бақтияр Байсейітовтің өзі екінші таймда алаңға шығып, жеңіс голын соққан. Бірақ, бұл ойын ұлттық құраманың ресми ойындары қатарына саналмайды. Себебі, ол уақытта еліміздің футбол қауымдастығы ФИФА-ға мүше болмаған еді.

Егер 12 мамыр күнгі жолдастық кездесу өтетін болса, Буркина-Фасо Қазақстан құрамасының Африка құрлығынан қарсылас атанған екінші құрамасы болмақ. Жалпы, «қара құрлықтың» құрамасы аса адуынды команда емес. ФИФА рейтингінде 66-шы орынға орналасқан. Соңғы ойынын қаңтар айында Гавон құрамасына қарсы өткізіп, 0:2 есебімен ұтылып қалған. Құраманы бельгиялық бапкер Паул Пут жаттықтырады.

- Буркина-Фасо - Африканың мықты құрамаларының бірі, 2013 жылы Африка кубогының финалында ойнады. Құрама сапында Еуропа чемпионаттарында ойнайтын Бакари Коне («Лион», Франция), Шарль Каборе («Кубань», Ресей), Алан Траоре («Монако», Франция), Стив Яго («Тулуза», Франция), Джонотан Зонго («Альмерия», Испания), Преджус Нукулма («Мелсин», Түркия)  сынды тәжірибелі футболшылар бар, - дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножан. - Жаңа қарсыласпен кездесеміз, сол себепті бұл матч қызықты. Еуропалық футбол үлгісімен ерекшеленеді. Бұл ойынды 12 маусым күні Алматыда іріктеу турнирі аясында Түркиямен өткізетін матчқа дайындық деп бағалауға болады.

Буркина-Фасо - Африканың құрлығының батысында орналасқан мемлекет. Францияның бұрынғы отары болған. Өз тәуелсiздiгiн 1960 жылы жариялады. Мемлекеттiң бұрынғы атауы – Жоғарғы Вольта. 1983 жылы билiк басына келген Томас Санкара елдiң атауын Буркина-Фасоға ауыстырды. Ол уақытқа дейін футбол құрамасы да Жоғарғы Вольта деп аталып келді.

Мемлекет халқының саны Қазақстанмен шамалас. Елдің астанасы – Уагадугу деп аталады. Ресми түрде француз тілінде сөйлейді. Буркина-Фасо деген елдің атауы «адал адамдар Отаны» деген мағына береді. Жер көлемі – 273 187 шақырым квадрат метрді құрайды.

Футболдан Буркина-Фасо құрамасы Африка құрлығындағы ортаңқол ұжымдардың қатарына жатады. Әлем чемпионатының негізгі кезеңіне жолдама алмаса да, 2013 жылы Африка кубогының финалына дейін жетіп, күміс жүлде еншілеген. Немістің «Тransfermarkt» сайтының ақпараты бойынша Буркина-Фасо құрамасы ойыншыларының құны 30 миллион 85 мың евроны құрайды екен. Яғни құрамы Қазақстан құрамасынан 3 есе қымбат. «Тransfermarkt» мәліметі бойынша Юрий Красножан баптайтын ұлттық құраманың құны 9,1 миллионды құрайды.

Буркина-Фасо құрамасының ең қымбат ойыншысы – Шарль Каборе. Краснодардың «Кубань» клубында ойнайтын жартылай қорғаушының құны 7,5 миллионды құрайды екен. Екінші орынға түрік клубы «Карабюкспорда» ойнайтын Абду Разак Траоре орналасқан. Оның құны 4,2 миллионды құрайды екен.

Құраманың өзге де қымбат ойыншылары:

Джонатан Питройпа, жартылай қорғаушы («Әл – Жазира») - 4 миллион евро

Бертран Траоре, жартылай қорғаушы («Челси» / «Виттес») - 2,5 миллион евро

Бакари Коне, қорғаушы («Лион») - 2 миллион евро

Ален Траоре, жартылай қорғаушы («Монако») - 2 миллион евро

Стив Яго, қорғаушы («Тулуза») - 1,75 миллион евро

Джонотан Зонго, жартылай қорғаушы («Альмерия) – 1,5 миллион евро

Буркина-Фасо құрамасы сапында ойнайтын «Ертіс» ойыншысы да бар. Трансферлік құны 200 мың евроны құрайтын Аристид Бансе құрамасындағы ең арзан ойыншылардың бірі. Ол осы жылы Финляндияның «ХИК» клубынан «Ертіске» ауысып келген болатын.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы соңғы жолдастық кездесуін Мәскеуде Ресей құрамасына қарсы өткізіп, 0:0 есебімен тең тарқасқан болатын.  

Сурет: travelplanet.ru, fifa.com, sports.kz, goal.net.ua

О. Сансызбай