«Қайрат» ойыншыларын ресми түрде таныстырды

«Қайрат» ойыншыларын ресми түрде таныстырды

Футболдан Алматының «Қайрат» футбол клубы жаңа маусымда өнер көрсететін құрамын ресми түрде таныстырды. Тимур Сегізбаев атындағы жасөспірімдер академиясында өткен салтанатты іс-шарада құрметті қонақтар сөз сөйлеп, алдағы маусымға сәттілік тіледі.

Салтанатты іс-шара алдындағы баспасөз мәслихатында клубтың алдағы маусымға қойып отырған мақсаты мен мүмкіндіктері айтылды. «Қайрат» футбол клубы бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев клубтың жоғарғы нәтижеге қол созатынын жеткізді.

- Біз бұл маусымда чемпион атануға, Кубокты жеңіп алуға тырысатын боламыз. Сонымен қатар, Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтуді де жоспарлап отырмыз. Өткен маусымда «Эсбьергтің» жолы болып, бізді жарыстан шығарды. Әйтпесе, дат ұжымын аса қауқарлы деп айтуға келмейді. Сондықтан да биыл жанкүйерлерімізге үлкен қуаныш сыйлауға дайынбыз, - деді Қайрат Боранбаев.

Жаңа маусымда алматылық ұжымның қатарын толықтырған ойыншылар жоқ та емес, баршылық. Илья Калинин «Қайсардан» қайта оралса, Ибрахим Моро,Владимир Плотников сынды ойыншылар негізгі құрамға қосылған. Клубтың жастар құрамынан да бірнеше ойыншы алыныпты. Өткен маусымда жарақатына байланысты алаңға шыға алмаған Жамбыл Көкеев командасына көмектесуге дайын. Бірақ, әлі аздап негізгі құрамда шығуға уақыт керек екен. Сонымен қатар, Момоду Сиссей жарақатынан әлі толық айықпаған. Егер дәрігерлер футболшының жарақатынан айығуы біраз уақытқа созылатынын айтар болса, клуб жаңа шабуылшы іздейтін болады. Бұл туралы Қайрат Боранбаев мәлімдеді. Ал бас бапкер Владимир Вайсс клуб ойыншылары туралы өз ойын білдірді.

- Әр клубтың өз ойын философиясы бар. «Қайраттың» да өз жолы бар. Мен бұл жолды дұрыс санаймын. Әрине, кез келген бапкер өз командасында үздік ойыншылардың болғанын қалайды. Біз клуб басшылығымен ақылдаса келе, 25 жастан асқан қазақстандық футболшылармен келісімшарт құрмайтын болдық. Бұл маусымда да чемпиондыққа таласатын боламыз. «Ақтөбе», «Астана» және «Қайрат» - фавориттер қатарында. Қайсысы ойында тапқырлық, алғырлық танытар болса, негізгі ойыншылары аз жарақат алса, сол чемпион болмақ, - деді словакиялық бапкер.

Владимир Вайсс мәлімдемесіне сүйенер болсақ, клуб алдағы уақытта тағы бір легионермен толығатын болады. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Айта кетейік, қазақстандық клубтар 3 сәуірге дейін қатарларын жаңа ойыншымен толықтыра алады.

Клуб жейдесі өзгермеген

«Қайрат» клубының жас тәрбиеленушілері

Өткен маусым соңынан кейін «Қайрат» бірнеше ойыншыларымен қош айтысты да. Олар: Самат Смақов, Александр Кислицын, Артур Едигарян, Тарас Михайлик, және т.б. Бүгін өткен баспасөз мәслихатында ол ойыншылар туралы айтылды да. Самат Смақов пен Александр Кислицынның клубтан кетуінің себебі туралы сұраққа «Қайрат» футбол клубы бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаевтың өзі жауап берді.

- Самат пен Александр – мықты ойыншылар. Премьер-лигадағы қымбат ойыншылардың да қатарынан. «Ертіс» клубына ауысқан ойыншылардан «Қайратқа» қомақты қаржы да түсті. Клуб алғаш рет өз ойыншыларын сатты, - деді.

Жаңа маусымда «Қайрат» клубының капитаны қызметін Бауыржан Исламхан атқаратын болады. Самат Смақов кеткеннен кейін жаңа капитанды бас бапкер Владимир Вайсстың өзі сайлапты.

Айта кетейік, футболдан ел премьер-лигасының бірінші тур ойындары 7 наурыз күні басталады. Алматының «Қайраты» өз алаңында Қостанайдан келген «Тобылмен» кездесетін болады. Орталық стадионда өтетін кездесу Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады. 

Сурет: massaget.kz

Оқи отырыңыз

«Астана - Cуперкубок иегері! (видео)

Қазақстан құрамасының ФИФА рейтингіндегі нәтижесі өзгермеді

Қазақстанның ФИФА рейтингіндегі көрсеткіші қашан түзеледі?

Футболдан ел премьер-лигасының 2015 жылғы күнтізбесі жарияланды

О. Сансызбай