Әзірбайжанда «Astana Arlans» клубы сапынан кімдер жұдырықтасады?

Әзірбайжанда «Astana Arlans» клубы сапынан кімдер жұдырықтасады?

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел абыройын асқақтатып жүрген «Astana Arlans» клубының Әзірбайжанда «Baku Fires» боксшыларына қарсы шығатын құрамы белгілі болды. Жекпе-жек ел астанасы Бакуде емес, Губа қаласында өтеді.

Марат Жақиев баптайтын елордалық ұжым V маусымдағы екі кездесуінде де жеңіске жетті. Ал әзірбайжандық клуб екінші кезеңде ойламаған жерден венесуэлалық «Caciques de Venezuela» клубынан 1:4 есебімен ұтылып қалды. Естеріңізде болса, бұл ұжымды отандастарымыз Алматыда 5:0 есебімен ойсырата жеңген болатын. Әзірбайжандарға қарсы да венесуэлалық клубқа қарсы шыққан салмақ дәрежесіндегі боксшылар шаршы алаңға көтеріледі. Яғни, 49, 56, 64, 75 және 91 келіге дейінгі салмақтағы боксшылар бақ сынайды. Сонымен бас бапкер жасақтаған құрам туралы айта отырайық.

49 келіге дейінгі салмақта Теміртас Жүсіпов ел намысын қорғайды. Клубтың венесуэлалық командаға қарсы бірінші кездесуінде Мардан Берікбаев жұдырықтасқан болатын. Теміртастың бұл WSB жобасындағы алғашқы жекпе-жегі емес, әрине. Осыған дейін де халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген тәжірибелі боксшылар қатарынан. Сонымен қатар, «Astana Arlans» клубының бұл салмақта Жомарт Ержан есімді боксшысы да бар. Ол әлі WSB жобасындағы жекпе-жектерін бастаған жоқ.

«Astana Arlans» клубының сапында алғаш рет 56 келіге дейінгі салмақта Нұрсұлтан Көшеғұлов жұдырықтаспақ. 2014 жылғы ел чемпионатының күміс жүлдегері есесін жібере қоюуы екіталай. Тек қобалжымаса болғаны. Бас бапкер бірінші кездесуде жеңіске жеткен Мейірболат Тоитовқа демалыс берсе, Мәди Шолақов алдағы кездесулерге қатысатын болады.

64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңдағы жекпе-жекке Асхат Әлиханов шығады. Бұл боксшының есімі клуб жанкүйерлеріне жақсы таныс. Осыған дейін «Astana Arlans» клубының намысын абыроймен қорғап келеді. Бұл салмақта клуб капитаны Самат Башенов пен Бекболат Құрамысов та бар.

75 келіге дейінгі салмақта әзірбайжандық клубқа қарсы Мейірім Нұрсұлтанов өнер көрсететін болды. Ол команданың бірінші кездесуінде де бақ сынаған болатын. Венесуэлалық Хуан Карлос Родригесті бес раундқа шыдатпаған еді. Мейірімнен өзге бұл салмақта ұлттық құрама мүшесі Жәнібек Әлімханұлы мен Айдос Ербосынұлы бар.

Мейіріммен бірге Василий Левит де маусымдағы екінші жекпе-жегіне қатысады. 91 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын отандасымыз бірінші кездесуде Альфонсо Хосе Флоресті айқын басымдықпен жеңген болатын.

«Astana Arlans» пен «Baku Fires» клубтары арасындағы жекпе-жектер - WSB жобасындағы басты кездесулердің бірі. Себебі, екі клуб та жоба ашылғалы бері бақ сынап келе жатыр. Естеріңізде болса, екі ұжым соңғы рет өткен маусымның жартылай финалында кездесіп, Губадағы шешуші жекпе-жектерде төрешілердің бүйрегі шаршы алаң иелеріне бұрып кеткен-ді. Сондықтан алдағы жекпе-жекте қазақстандық боксшылар айқын басымдықпен жеңіске жетуі тиіс. Әйтпесе, өткен жылғы оқиға қайталанбасына кім кепіл?!

Екі клуб 2010 жылдан бері өзара 8 кездесу өткізген екен. Оның бесеуінде қарсыластар жеңіске жетсе, үш жеңіс «Astana Arlans» еншісіне жазылған. Бұл есепті қысқартуға алдағы кездесуде зор мүмкіндік бар. Айтпақшы, әзірбайжандық клуб өз құрамын әлі жариялаған жоқ.

«Astana Arlans» пен «Baku Fires» клубтары арасындағы кездесу 31 қаңтар күні түнде өтеді. Тікелей эфирде «Хабар» арнасы көрсететін болады.

Комaндалардың өзара кездесулері

2010-11 ж.ж

Азия аймағы. Топтық кезең.

«Astana Arlans»«Baku Fires» – 1:4

«Baku Fires»«Astana Arlans» – 3:2

«Baku Fires»«Astana Arlans» – 3:2

«Astana Arlans» - «Baku Fires»– 5:0

2013-14 ж.ж.

Топтық кезең

«Astana Arlans» - «Baku Fires» - 4:1

«Baku Fires» - «Astana Arlans» - 4:1

Жартылай финал

«Astana Arlans» - «Baku Fires» - 3:2

«Baku Fires» - «Astana Arlans» - 4:1

Сурет:flickr.com

О. Сансызбай