Қысқы спорт түрлері арықтауға көмектеседі

Қысқы спорт түрлері арықтауға көмектеседі

Қыс мезгілінің де орта тұсы ауып барады. Әні-міне дегенше құлпырып көктемде шыға келеді. Осы орайда, қыс мезгіліндегі спорт түрлерінің адам денсаулығына пайдасы туралы айта кеткенді жөн санап отырмыз. Себебі, бұл кеңестердің орындалуын бір жыл күтпей-ақ, бүгіннен бастап кетсеңіз де болады.

Қақаған аязды күндері сергектікті сезіну де оңайға соқпайды. Кейде адамдар енжарлыққа салынып, денсаулығы мен сыртқы тұлғасына көңіл айдармайтын кездері де болады. Тіпті, көп адамдар қысқы уақытта артық салмақ қосып та алады екен. Ал көктемде артық салмақтан арыла алмай жүреді. Ендеше семіріп кетпеудің де жолын іздеген дұрыс. Ол үшін сізге қысқы спорт түрлері көмектесе алады. Сондай-ақ, қысқы спорт түрлері адамға арықтауға ғана көмектеспей, көңіл-күйін марқайтып, ерекше қуаныш сыйлайтын қасиетке де ие. Сол үшін қыс «сиқырының» басты қызығынан құр қалмауға асығыңыз.

Шаңғы тебу

Қыста шаңғымен тау шыңдарынан төмен сырғанауға жүрегіңіз дауаламаса, шағын қыраттардан төмен қарай сырғанап үйренген дұрыс. Бірақ, тәуекелге барудан қашпаңыз. Ал шаңғы тебуге барар алдында арнайы спорттық киімдеріңізге баса мән беріңіз. Көзіңізге қорғаныс көзілдірігін тағыңыз. Бұл спорт түрі бүкіл денеңізді қозғалысқа келтіріп, денсаулығыңызға оң әсерін тигізеді. Тау шыңдарын бағындыру - көңіліңізге қуаныш сыйлап, өмірге деген құштарлығыңызды арттыра түседі.

Шанамен сырғанау

Қыс мезгілін асыға күтетін жандардың бір қуанышы – шанамен сырғанау. Бала кезде шанамен сырғанау тек қызық ретінде ғана көрінсе, есейгенде де оған деген құштарлықтың бары байқалып тұрады. Ал бастысы – шанамен сырғанаудың денсаулыққа пайдасы зор. Жүрек бұлшықеттерінің дұрыс жұмыс жасауы мен арықтауға көмектеседі. Шананы өрге қайта сүйреп шығарудың өзі – бір жаттығу.

Коньки спорты

Коньки спортымен жылдың төрт мезгілінде де айналысуға болады. Бірақ, қыс мезгіліндегі ашық аспан астында коньки тепкенге не жетсін?! Егер коньки тебуді білмейтін болсаңыз, оны үйренуге жұмсаған күшіңіздің өзі денсаулығыңызға зор пайдасын тигізетін болады.

Сноуборд

Сонубордпен сырғанау – қызықты қысқы спорт түрлерінің бірі. Соңғы жылдары бұл спорт түрі үлкен танымалдылыққа ие болып келеді. Сноубордпен сырғанағанда тепе-теңдікті сақтай отырып, сан түрлі қиын да қауіпті жаттығуларды жасауға болады. Бұл спорт түрі артық салмақтан арылу мен сымға тартқандай сұлу мүсініңізді сақтауға көмегін тигізеді.

Қыста қар шыңдарын бағындыру

Қыс мезгілінде тау құздарын бағындыру – денсаулыққа пайдалы болғаннан бұрын, қауіпті. Өйткені, бұл қысқы спорт түрі зор тәжірибе мен физикалық дайындықты қажет етеді. Сонымен қатар, моральдық тұрғыдан да дайын болуың шарт. Ал әуес жандар үшін тау құздарын бағындыру «құдіретін» айтып жеткізу мүмкін емес.

Велосипед айдау

Қыс мезгілінде де велосипед айдауға болады. Бірақ, қарапайым велосипед емес, өзгеше велосипед. Оның аты – сноубайк. Атын тарқатып айтсақ, қарға арналған велосипед деген ұғымды білдіреді. Бұл велосипедті бірден үйреніп кету оңай емес. Біраз күш жұмсауыңа тура келеді. Үйренгеннің күннің өзінде сноубайкты айдау күшті қажет етеді. Аяқ бұлшықеттері мен дене қозғалысына зор пайдасын тигізеді.

Хоккей

Хоккей – қауіпті спорт түрлеріне жатады. Ал бұл спортқа деген қызығушылығыңыз жоғары болса, неге бағыңызды сынап көрмеске?! Команда жасақтап, демалыс күндері ойнап тұруға болады. Бірақ хоккейде спорттық киім мен қауіпсіздікті қадағалау басты рөл атқарады.

Жүгіру

Адамдар көбіне қыс мезгілінде жүгіруді пайдалы деп қарамайды. Шын мәнінде, қыста жүгірудің денсаулыққа пайдасы мол. Күн суықта жүгіргенде адам денесі температураны қалыпты сақтауға көмектесетін күш бөледі. Мұндай уақытта денедегі бұлшықеттер жаз мезгілінен қарағанда екі есе артық жұмыс жасайды. Қысқы ауа-райы тыныс алуға да қолайлы. Сонымен қатар, аппақ қар үстінде жүгіру – арманыңа жетуге де асықтыра түседі. Себебі, ақ түс адамды кейде қиял шыңына, кейде түбегейлі шешім қабылдауға, кейде нақты мақсатқа жету үшін талпынуға жетелейді.

Қар атысу

Қар атысу – балалық шақтың қысқы ермегі секілді көрінеді. Бірақ, қар атысудың да пайдасы зор екен. Біріншіден, көңіл-күйді көтеруге әсер етсе, екіншіден, физикалық жаттығу да. Тіпті әлемде қар атысудан әлем чемпионаты да ұйымдастырылып тұрады. Есейіп кетсең де, бір мезет қар атысуды еске түсірудің еш әбестігі жоқ.

«Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Бәріміз білетіндей, «спорт – денсаулық кепілі». Бастысы, талғампаз тәкәппәр өнерге шексіз беріліп, адалдық танытсаң берері мол - сиқырлы әлем.

Сурет: 5280.com,

Ө. Сансызбай