Спорт – бақытқа бастар жол

Спорт – бақытқа бастар жол

«Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Ғалымдар зерттеуіне сүйенер болсақ, спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді екен.

Олимпиадалық қозғалыстың белсендi қайраткерi Пьер де Кубертен: «О, спорт! Сен – түгел ғаламсың» деп бекер тұжырым жасамағаны анық. Күніне кем дегенде 20 минут дене жаттығуымен шұғылданған адам өзін сергек, көңілді әрі өзіне сенімділігін арттыратыны анықталғаны белгілі.

Ғалымдар АҚШ-тың Пенсильвания университетінің 200-ге жуық студентіне зерттеу жүргізген. Олар күніне 20 минуттан астам уақытын түрлі дене жаттығуларына арнаған. Ал сегіз күннен кейін қатысушылар өздерінің басынан өткеріп жүрген күйлерін жазып тапсырған. Нәтижесінде көбісі ұйқысыздықтан, әлсіздіктен құтылғанын мәлімдеген. Сонымен қатар, дәрігерлер қатысушылардың психикасында оң өзгерістер барын анықтаған. Студенттер болса, жаттығу жұмыстарынан кейін көңіл-күйлерінің көтеріліп, өздерін бақытты сезініп жүргендерін жеткізген.

Дене жаттығулары адамның көңіл-күйін ғана көтеріп қоймайды, қанайналым жүйесін жақсартады. Қан қысымы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады.

Спорт – адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Өйткені, әлсіз әрі қиындыққа көп ретте қарсы тұруға қауқары жетісе бермейтін жандарға мамандар бір ауық спортпен шұғылдануға кеңес береді екен. Күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ден қойсаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпін арқасында ерекше өмір сүруге ұмтыла түсесіз. Бұл да спорттың, дене жаттығуларының бір құдіреті.

Тағы да ғалымдар зерттеулеріне назар салып көрейік. Адам дене жаттығуларымен айналысқан сәтте оның миында да сан мыңдаған үдерістер орын алады. Ми дене қимылдарының әрекетін күйзеліс ретінде қабылдап, оған қарсы күрес жүргізе бастайды. Ағзадан эндорфин гормоны (қуаныш пен ләззәт алу гормоны) мен пайдалы ақуыздар бөлініп, жүйке жүйелері мен миға тарайды. Сол арқылы адам ойы ұшқыр әрі есте сақтау қабілеті жақсара түсіп, көңіл-күйге әсер етеді екен.

Спорттың адам өмірі үшін маңызын бұдан ары айта түсудің өзі де артығырақ секілді. Бірақ, алдымен «спортпен шұғылдануға уақыт табылмай жүр» деген сылтаудан құтылған абзал. Ол үшін не істеу керек? Күніне 20 минут дене жаттығуымен айналысуды да ұмыт қалдырып кететін кездеріңіз болмайды емес, болады. Ендеше, дене жаттығуларымен шұғылдануды қалай әдетке айналдыруға болады?

1. Дене жаттығуы кезінде киетін спорттық киімдеріңізді жатар алдында дайындап жатыңыз. Ұмытпас үшін, оятқышыңызды сол киімдердің үстіне қойыңыз. Өйткені, таңертең оянғанда оятқышпен қатар немен айналысатыныңызды да есіңізге түсіретін боласыз. Бастысы, осылайша таңғы жаттығуды әдетке айналдырып алсаңыз ғажап болары сөзсіз.

2. Барлығын аз жаттығудан бастаңыз. Тіпті, аптасына 3 рет 5 минуттан-ақ дене жаттығуларымен шұғылданып жүріңіз. Тапсырма оңай, әрине. Бірақ, бастапқыда өзіңізді қинамауыңыз қажет. Алға ә дегеннен жоғарғы мақсат қоюға талпынбаңыз. Өйткені, өзіңіздің спортпен шұғылдануға деген ерік-жігеріңізді жоғалтып алуыңыз мүмкін.

3. Адам – әлеуметтік жаратылыс. Қарым-қатынассыз өмір сүруді елестету мүмкін емес. Әлбетте отбасыңызбен табиғатқа шығудың, достарыңызбен белгілі бір спорт түрімен шұғылданудың, кейде бір ауық жүгіріп тұруды да әдетке айналдырғанның зияны жоқ.

4. Үйдегі қарапайым шаруаларды жаттығу жұмыстарымен үйлестіріңіз. Мысалы, таймерді 20 минутқа қойып, жұмысыңызды бастаңыз. Қарапайым шаруаларды аса жылдам орындау – жақсы нәтиже береді.

5. Жаттығу жұмыстарын жоспарлай біліңіз. Маңызды кездесуіңіз болса, онда ұмытпайсыз, дұрыс па? Ал маңызды шаруаны? Оны да ұмытпайсыз. Сол сияқты дене жаттығуларын да жоспарыңызға енгізіп үйреніңіз. Қажетті жаттығуларды жоспарлай біліңіз.

6. Өзіңізге ұнайтын жаттығуларды таңдап алғанның да маңызы жоғары. Өйткені, алғашында адам өз қалауымен бастаған жаттығулар уақыт өте келе өз жемісін беретін болады.

Иә, күнделікті өмірде спортты сүйетін жандар көп. Әркімнің санасындағы спорт ұғымы – сан алуан. Расында да, көпшілікті ұлты мен жеріне, тілі мен дініне бөлмей өзіне ынтызар етер спорт құдіреті жоғары. Бәріміз білетіндей, «спорт – денсаулық кепілі». Бастысы, талғампаз тәкәппәр өнерге шексіз беріліп, адалдық танытсаң берері мол - сиқырлы әлем.

Сурет: biocentr.org

Ө. Сансызбай