Бапкер кетсе де, капитан кетпес...

Бапкер кетсе де, капитан кетпес...

Футболдан қарағандылық «Шахтер» командасының бас бапкері Виктор Кумыков келісімшартының мерзімі аяқталуына байланысты қызметінен кетті. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

19 қараша күні Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков, аймақтың спорт және дене шынықтыру басшысы Наталья Сухорукова мен «Шахтер» командасының атқарушы директоры Ерден Халилин бас бапкер Виктор Кумыковпен кездесу өткізді. Отырыс барысында 2014 жылғы команда нәтижелері талданып, келісімшарт мерзімі аяқталған ресейлік футбол маманына аймақ басшылары алғысын білдірді.

Айта кетейік, Виктор Кумыков «кеншілер» тізгінін 2011 жылы ұстады. Одан кейінгі аралықта қарағандылық клубтың тасы өрге домалады десек қателеспейміз. Бас бапкер қызметінің бірінші маусымында-ақ команданы ел чемпионы атандырды. Араға бір жыл сала клуб тағы өз атағын қорғап қала білді. 2013 жылы қазақ футболының 100 жылдығы мен клубтың құрылғанына 55 жыл толуына орай «кеншілер» ұжымы барша қазақстандық жанкүйерлерге үлкен сый жасады. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне нық қадам жасап сүрінгенмен, Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтті. Осылайша ел футболы тарихындағы еурокубок турнирінің топтық кезеңіне өткен тұңғыш команда болып тарихқа жазылды. Десе де 2014 жылғы маусым «Шахтер» үшін сәтті аяқталмай отыр. Қаржылық дағдарысқа ұшыраған клуб соңғы бес жылда алғаш рет еурокубок додаларынан тыс қалды. Тұңғиыққа батқан клубтың осыған дейін таратылмайтыны белгілі болып жанкүйерлерін қуантқанмен, болашағы бұлыңғырлау...

Команданың дәл осындай жағдайға тап болуына Виктор Кумыков та өз өкінішін білдірді. Қазіргі таңда білікті маманға құда түсіп отырған клубтар да жоқ емес екені анық. Ресейлік маман келер маусымда еліміздің өзге клубын жаттықтырып қалуы да ғажап емес. Сонымен қатар, Кумыков қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Красножанның көмекшісі де.

Осы маусым соңынан «Шахтер» командасының бірнеше ойыншыларының келісімшарттары аяқталады. Олардың клубта қалуы екіталай. Жақында жас шабуылшылар Тоқтар Жаңғылышбай мен Роман Мұртазаевқа «Астана» мен «Ақтөбе» клубтары қатарларына қосуға емеурін білдірді. Клуб таратылмайтыны шешілгенмен, бірден аяққа тұрып кетуі үшін бірнеше жыл қажет екені рас. Қазақ футболының бар жанкүйерлері де Қарағанды футболының құрдымға кеткенін қаламайтыны айтпаса да ақиқат.

Жақында команда капитаны Андрей Финонченко да клуб тағдырына алаңдайтынын жеткізді. Бүкіл спорттық мансабын «Шахтерда» өткізіп келе жатқан шабуылшы ел премьер-лигасында клуб ауыстырмаған бірден-бір ойыншы десек қателеспейміз. Ал «кеншілер» жанкүйерлері болса капитандарын өзге клубта ойнағанын елестете алмайтын да секілді. 2001 жылдан бері «Шахтер» намысын қорғап келе жатқан шабуылшы командасын қимайтыны тағы бар. Бірақ, дағдарыс жағдайындағы клуб жағдайына түсіністікпен қарап отырған капитан қандай да бір жағымды жаңалық пен келісімшарт мерзімін ұзарту туралы ұсыныс түспесе, өзге клубқа ауысу мәселесін қарастырып көрмек. Бірақ, көптеген жанкүйерлер бапкер кетсе де, капитан кетпес деген үмітте...

Сурет: өңделген

О. Сансызбай