Премьер-лига. Чемпион бүгін анықтала ма?

Премьер-лига. Чемпион бүгін анықтала ма?

Бүгін футболдан ел премьер-лигасының ХХХІ тур ойындары өтеді. Назарларыңызға кездесулер алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

Өз алаңында қызылордалық «Қайсарды» қабылдайтын «Астана» жеңіске жетіп, алматылық «Қайрат» сырт алаңда «Ақтөбеге» есе жіберер болса чемпиондық атақ мәселесі ертерек шешілетін болады. Тағы бір айта кететіні, елордалық клубтың еншісінде бір кем ойыны бар.

Владимир Вайсс шәкірттері чемпиондық атақтан үміт үзгісі келмейді. Егер Ақтөбеде ұпай жоғалтып жатса, чемпиондық атақтың ауылы алыстай түспек. «Ақтөбе» болса алғашқы үштікке ену мәселесін шешіп қойған. Ойын Астана уақытымен 18:00-де басталады.

Астанада өтетін кездесудің уақыты да осы кездесумен қатар қойылып отыр. Өйткені, екі ойын қорытындысының маңызы жоғары.

Алғашқы төрттікке ену үшін шымкенттік «Ордабасы» барын салуда. Соңғы екі ойынын өз алаңында өткізетін Саулюс Ширмялис шәкірттеріне мүмкіндік мол. Әсіресе, бүгін шаңырағы шайқалып тұрған «Шахтердан» ұпай алып қалуы үшін талпынары анық. Бұл ойын Астана уақытымен сағат 15:00-де басталады.

Екінші алтылықтағы командалар тартысы да қыза түсті. Әзірге 25 ұпаймен бұл топты бастап тұрған «Атырау» түзде «Спартакпен» кездеседі. Семейлік клуб бүгін ұпай жоғалтар болса премьер-лигадан шығып қалу қаупіне тағы бір қадам жасайды. Тарихы бай қостанайлық «Тобыл» да «қауіпті аймақтың қонағы» болып тұр. Бүгін өз алаңында талдықорғандық «Жетісуді» жеңер болса, өз орнын «сыйға» тартатын болады. Ал «Тараз» болса өз алаңында «Ертісті» қабылдайды. Екі ұжымда да 22 ұпайдан бар.

Айта кетейік, 2015 жылғы премьер-лига ойындарының жүйесіне өзгерту енгізілмейтін болды. 12-ші орын алған команда бірінші лигаға түссе, 11-ші орын алған клуб бірінші лиганың екінші орын алған командасымен бір орынға таласатын болады.

Cурет: fca.kz

Ө. Сансызбай