Алматы ауыр атлетикадан 81-ші әлем чемпионатын қабылдайды

 Алматы ауыр атлетикадан 81-ші әлем чемпионатын қабылдайды

Қараша айының 8-і мен 16-шы жұлдызы аралығында Алматыда ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтеді. Жер жаһанның кіл мықтылары бақ сынағалы отырған дода туралы аз-кем айта отырайық.

Алматы қаласының ауыр атлетикадан әлем чемпионатын өткізетіні - осы жылдың наурыз айында Таиландта өткен 17 мен 20 жас көлеміндегі жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік біріншілік мәресіне жеткеннен кейін белгілі болған еді. Одан кейін еліміздің ауыр атлетика федерациясы жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін дайындықтарын бастап кеткен-ді. Қыркүйектің 8-10-ы аралығында Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) техникалық қызметті бақылау комиссиясы Алматыға арнайы ат басын бұрып, Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтетін байрақты бәсеке алдындағы дайындыққа оң бағасын беріп кетті.

Әлемдік бәсеке елімізде «KazSport» арнасы арқылы тікелей эфирде таратылады. Сонымен қатар, Бразилия, Иран, Қытай, Латвия мен Польша елдері де доданы көгілдір экрандарынан еліне таратқалы отыр. Танымал «Eurosport» арнасы да әлем чемпионатын көрермендеріне ұсынуды жоспарлап отырған көрінеді.

Алматыда өтетін әлем чемпионатының маңызы жоғары. Неге десеңіз, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия беріледі. Яғни, бұл жалғыз қазақстандық спортшылар үшін ғана емес, барша зілтеміршілер үшін шешуші әрі маңызды бәсеке екені анық.

Қазіргі таңда сынға түсетін барлық спортшылар анықталып үлгерді. Елімізде тұңғыш рет өткелі отырған бәсекеде 75 елден 683 спортшы бақтарын сынайды. Оның 404-і ерлер болса, 297-сі әйелдер. Әйелдер жеті салмақ дәрежесі бойынша (48, 53, 58, 63, 69, 75, +75 келі) сынға түссе, ерлер сегіз салмақта (56, 62, 69, 77, 85, 94, 105, +105) жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайтын болады. Қазақстан құрамасы бұл додаға толық құрамда қатысады. Бізбен қатар, Қытай, Колумбия, беларусь, Эквадор, Египет, Германия, Үндістан, Италия, Жапония, Польша, Ресей, Тайланд, Түркия, АҚШ пен Украина құрамалары толық құрамда келеді.

Қазақстандық зілтеміршілер 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарынан кейін ірі бәсекеге бара қойған жоқ. Біразы, демалыс алды. 2013 жылы Польшаның Вроцлав қаласында өткен әлем чемпионатына еліміздің негізгі құрамы барған жоқ. Нәтижесінде Алмас Өтешов – күміс, Владимир Седов – қола еншілеп қайтты. Жақында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарына да құраманың негізі құрамы бара қойған жоқ. Бар күшті осы әлем чемпионатына салғалы отырғаны мәлім. Бірақ, бас бапкер Алексей Ни Алатау баурайында өтетін бәсекеде екі алтын медальды жеңіп алу жоспарда бар екенін айтты. Десе де, жанкүйерлер мен спорт мамандары отандастарымыздан бұдан да жоғары нәтиже күтіп отыр. Бәлкім, Алексей мырза «семіз айтып, арық шыққаннан» гөрі, «арық айтып, семіз шыққанды» жоспарлап отырса керек-ті...

Алексей Ни екі алтын медаль алу жоспарын Илья Ильин мен Зулфия Чиншанлоға тапсырғалы отыр. Осы екі зілтеміршімізге сенім көп артылуда. Бірақ, Алматыдағы додаға осал қарсылас келмейтіні белгілі. Екеуінің де басты бәсекелестері бар.

53 келі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын Зульфия Чиншанлоның да қарсыластары осал емес. Әсіресе, қытайлық Тайпей елінің спортшысы Сюй Шузцинді ерекше атауға болады. 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада қарсылық таныта алмағанмен, соңғы рет Инчхонда өткен Азия ойындарында Зульфиядан мықты шықты. Енді, жерлесімізге Алматыда есе қайтаруға мүмкіндік туып отыр.

Ерлер арасында 56 келіде – Арли Чонтей, 69 келіде – Альберт Линдер, 77 келіде – Кирилл Павлов ел намысын қорғайды. Ал осыған дейін 94 келіде бақ сынап келген Илья Ильиннің салмағында екі спортшы жарыс жолына шығады. Оның бірі – 2009 жылы әлем чемпионы атанған Владимир Седов болса, екіншісі – дүниежүзілік жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегері Рүстем Сыбай. Инчхонда ел намысын қорғаған Алмас Өтешов болса бапкерлер шешімімен жарыстан босатылды. Жас та болса Рүстем Сыбайдың бағын сынап көруді жөн санағанға ұқсайды. 105 келіге дейінгі салмақта Илья Ильин ел намысын қорғайды. 105 келіден жоғары салмақта жастар арасындағы әлем чемпионы Ибрагим Берсанов пен сол бәсекеде жүлдегер атанған Селімхан Әубәкіров өнер көрсетеді. Қосалқы құрамда Ермек Өміртай (85 келі) мен Жасұлан Қыдырбаев (105 келі) бар. Олар спортшылардың бірі абайсызда жарақат алып жатса, ауыстыратын болады.

Әйелдер арасында 48 келіде – Маргарита Елисеева, 58 келіде – Сәуле Сәдуақасова, 69 келіде - Жазира Жаппарқұл, 75 келіге дейінгі салмақта – Светлана Подобедова бақ сынайды. Бұл аруларымыз да жүлделі орындардан көрінеді деген дәмеміз бар. Соңғысы Лондонда өткен Олимпиададан кейін алғаш рет сынға түскелі отыр. Ал 63 келіде екі спортшымыз қатысады. Олар – Корина Горичева мен Мая Манеза. Бапкерлер Маяға алтын медаль алуды аса жүктеп отырған жоқ. Әйелдер арасында қосалқы құрамда Анна Нұрмұхамбетова (75 келі) мен Гүлназ Наурызова (69 келі) бар.

Алдымызда айтып кеткендей, дода Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтеді. Ал билеттер құны бірінші күндері арзан болса, басты бәсекелер өтетін күндері 15 000 теңгеге дейін көтеріледі. Қазіргі таңда билеттер спорт кешенінің кассасы мен «Меломен» дүкендер желісінде, және «ticketon.kz» сайтында сатылып жатыр.

Сурет: yvision.kz, sports.kz

Ө. Сансызбай