Марадона Пелені неге мойындамайды?

Марадона Пелені неге мойындамайды?

Кім мықты? Пеле немесе Марадона? ХХ ғасырдың үздік футболшыларының қайсысы мықты? Бұл сұрақ төңірегінде талай жанкүйер бас қатырды. Ақырында әрқайсысы өз дәлелдерін шындыққа жанастыруға асықты. Бразилияда Марадонаға қарсы топ құрылса, Аргентинада керісінше Пелеге қарсы топ құрылды. Қорытындысында ФИФА қос футболшыны да жүзжылдықтың үздік футболшылары ретінде таныды.


Пеле мен Марадона бір-бірімен аса тату араласпаған. Бұл туралы қос аңыз ойыншының сұхбаттарынан да аңғаруға болады. Аргентиналық аяқдоп шебері «футбол патшасын» тілшілерге берген жауабында тек «оныншы нөмірлі футболшы» деп қана атап келген (кейіннен ғана атын атайды). Жүзжылдықтың үздік футболшысына берілер сыйды табыстау салтанаты алдында Диего Марадона:


- Көп жанкүйер оны (Пеле) 4 Әлем чемпионатына қатысты дейді. Мен де 4 «мундиальға» қатыстым. Ал оның 1962 жылғы әлемдік додаға бара алмағаны жайлы неге ешкім жауап таба алмайды? (Ол кезде Пеле жарақат алған болатын). 1966 жылғы Англиядағы додада неге екі-ақ кездесуге шықты? Бұған да ешкім жауап бере алмайды. Ал мен одан кейін Еуропаның үздік чемпионаттарында 12 жыл өнер көрсеттім. Ал ол Америка құрлығынан шыққан жоқ. Сондықтан да мені онымен салыстырмаңдар, – деді. Ал өз кезегінде Пеле де бұған жауап қатты.

- Біз Диего екеуміз дос емеспіз – бұл шындық.  Бірде мен оның ойынына тәнті болғаным рас. Егер Марадона өзін ғасырдың үздік футболшысы деп есептесе, есептесін, ол өзінің түйсігіне байланысты, – деді.

Римде өтетін ғасырдың үздік футболшысын анықтайтын кеш алдында аргентиналық ойыншы тағы бір шындықты ерте жайып салды.

- Мен ФИФА-ның бұл атақты екі жарып берейін деп жатқанын естідім. Агенттерім арқылы ескерту жасаймын, егер дәл осылай жасайтын болса, мен ол кешке қатыспаймын, – деді.

Дегенмен Пеле де, Марадона да бұл салтанатты кешке келді. ФИФА Марадона айтқандай шешім шығарып, екеуін де ғасырдың үздік футболшылары ретінде таныды. Екеуін де марапаттады. Ал шын мәнінде ФИФА-ның ресми сайтында аргентиналық ойыншы «футбол патшасынан» көп дауыс жинаған болатын. Ал Пеле ФИФА мүшелері арасында көп дауысқа ие болған. Осылайша үздіктер анықталған. Десе де Диего Марадонаның бұған көңілі толмаған. Әлі де өз өкпесін білдіріп келеді. Сол кеште аргентиналық үздік футболшы марапатын ала сала, залдан шығып кеткен. Қалың жұртшылық екеуін бір сахнада қайта көре алмаған...

Сонымен ХХ ғасырдың үздік футболшысы кім?


  • Пеле 15 жасында кәсіби клубтың негізгі құрамына еніп, алғашқы маусымда-ақ 32 голмен мергендер көшін бастаған. Ал Марадона 16 жасқа толуына 10 күн қалғанда «Аргентинос Хуниорс» клубының жейдесін киіп шыққан.
  • Пеле ұлттық құрама жейдесін 16 жасында киіп, Әлем чемпионатына барса, Марадона 17 жасында «мундиальға» барған. Дегенмен аргентиналық футболшыны бас бапкері жассың деп жасыл алаңға шығармаған екен.
  • Пеле 4 Әлем чемпионатына қатысқан. Үш рет финалға дейін жетіп, үшеуінде де жеңімпаз болып танылған. Ал Марадона бір рет қана бұл биікті бағындырған.
  • Пеле спорттық мансабының көп бөлігін Бразилияда өткізген. Кейіннен 1975-1977 жылдары ғана АҚШ-тың «Нью-Йорк Космос» клубында ойнаған. Марадона Еуропаның бірнеше топ-клубында өнер көрсетіп, жоғары жетістіктерге де жеткен. 21 жасында каталондық «Барселонаға» ауысып келсе, кейіннен «Наполи» командасымен екі рет Италия біріншілігін және УЕФА Кубогын иеленген.  Одан кейін Испанияға қайта оралып, «Севилья» сапында өнер көрсеткен. Одан кейін Отанына жол тартып, «Ньюэллз Олд Бойз» және «Бока Хуниорз» клубтарында ойнаған.
  • Пеле спорттық мансабында 1281 гол соқса, Марадона 259 голмен шектелген екен.
  • Пеле спорттық мансабын 36 жасында аяқтаса, Марадона үлкен футболдан 5 рет кетіп, 4 рет қайта оралған. Жақында тағы да футболға ораламын дегені туралы хабарлаған болатынбыз.

Диего Марадона футбол алаңында да, өмірде де шым-шытырық оқиғаларымен танымал. 1986 жылғы Әлем чемпионатында Англия құрамасы қақпасына қолмен гол соғып, командасына жеңіс сыйлаған болатын. Сол кездесудегі екі голы да "ғасырдың үздік голы" деп танылған-ды. Алайда оның бірін қолмен соққанын барлық жанкүйер жақсы біледі. Ал кейіннен ол туралы футболшының өзі "ол сәттегі - Құдайдың қолы" деп жауап берді.

Сонымен қатар, Диего Армандо Марадона осыдан бірнеше ай бұрын сол баяғы өкпесін қайта білдірді.


- Пеле футболда қашан да менен кейін екінші орында. Ол мен түгіл, өз елінде де екінші орындағы спортшы. Оның алдында автошабандоз Айртон Сенна бар. Яғни, ол әлемдік футболда да, Бразилия спортында да екінші орында. Мен үшін өкініштісі де сол. Жақында өткен «Алтын доп» иегерін марапаттау кешінде ол Криштиану Роналдуды «Криштиану Леонарду» деп атады.

Өзімнің футболдағы жасаған ісіме көңілім толады. Мен Дубайдағы өз үйімде өмір сүргеніме қуанамын. Ал ол болса әлі ФИФА қол астында өмір сүріп келеді, – деді ол. Ал бұл жолы да Пеле аянып қалмады. Баспасөз құралдарына берген сұхбатында:


- Марадона мені жақсы көреді. Сондықтан солай деген шығар. Расында да Аргентинадан мықты футболшылар көп шыққан, әлі де бар. Олар алдымен өзара мықтыны анықтап алғаны дұрыс, - деп мәлімдеді.

Пеле немесе Марадона! Араларын ала мысық кесіп өтсе де, әр футболшының өз жанкүйерлері мен қолдаушылары бар. Пеле – футболдағы патша болып есептелсе, Марадонаны жұртшылық «атышулы бұзық» ретінде де таниды. Расында екі футболшы да ХХ ғасырдың аңыз футболшылары.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Материал Massaget.kz оқырманы Нұрлан Оралбайдың сұранысы бойынша жазылды 

Сурет: footballtop.ru, sports.ru

Ө. Сансызбай