"Астана" фубол клубына жаңа басшы тағайындалды

"Астана" фубол клубына жаңа басшы тағайындалды

Астана футбол клубына жаңа президент тағайындалды. Бүгін, яғни 28 сәуір күні жаңа басшы Азамат Айтхожин клуб мүшелеріне таныстырылды.

Айтхожиннің спорт саласында қызмет етіп келе жатқанына біршама жыл болған екен. Бұған дейін "Жеңіс" футбол клубын басқарған ол, қарамағындағы командасының 2003 жылы Қазақстан чемпионатында қола медальға, 2005 жылы чемпион кубогына ие болғанына куә болды. 

Күштік құрылымдарда да қызмет еткен ол, кейінірек спорт саласына қайта оралады. Мұңайтпасов атындағы стадионнның директоры болып, кейінірек дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне ауысты.

"Астана Арена", "Жастар" стадиондарының да директоры болған екен. Қысқы Азия ойындарындағы олимпиада алауы эстафетасында да бой көрсетіпті. Ақыры не керек, кеше "Астана" футбол клубының президенті болып тағайындалды.

Айта кетелік, Астананың бұрынғы президенті Лашын Аймағамбетов болған. Ол қол астындағы команда көрсеткіштерінің соңғы кезде төмендеп кеткендігінің себебінен отставкаға кететіндігін мәлімдеген болатын. 

Аймағамбетов орнынан кетпестен бұрын, ұжым ішінде бірер келіспеушіліктер орын алғандығын да естеріңізге салып өтелік. Команданың жаттықтырушысы Александр Чернов жұмыстан шығарылып, клуб басшылығының үстінен Лозаннадағы арбитражды сотқа арыз жазған болатын. Жұмыстан себепсіз шығарылғандығын айтып базына қылса да, Астана футбол клубының басшылығы оның жұмысқа мас күйінде келгендігін айтып құтылған. 

сурет: fc-astana.kz