Данияр Елеусінов олимпиадалық лицензияны ұтып алды!

Данияр Елеусінов олимпиадалық лицензияны ұтып алды!

Бұған дейін Астанада Азия Олимпиадалық квалификациялық турнирінің өтіп жатқандығы туралы құлағдар еткен болатынбыз. 

Бүгін сол турнирдің ширекфиналдық қақтығыстары болды. Қазақстандық Данияр Елеусінов те өз кезегінде 64 кг салмаққа дейінгі категорияда рингге шығып, кореялық Чол Сон Киммен қолғап түйістірді. Екінші қақтығыстан кейін-ақ, жерлесіміздің жеңісіне деген күмән сейіліп, жанкүйерлерін бір серпілтті. Сонымен, қазақстандық боксшы 17:6 (6:2,6:1,5:3) есебімен жеңіске жетіп, еліміздің абыройын асқақтатты. 

Осылайша, Данияр жартылай финалға шыққандығымен қоймай, олимпиадалық лицензияны ұтып алды. Айта кетелік, қазақстандық боксшының бұндай лицензияға қол жеткізуі бірінші рет. Енді боксшымыз Лонданға алған жолдамасы арқылы сол жақта өнер көрсетіп, еліміздің намысын қорғайды.

Ал жартылай финалда отандасымыз өзбекстандық Уктамжон Рахмоновпен бақ сынасатын болады.

Айтып өтелік, бүгін 19.00-де тағы бір қазақстандық рингге шығып, ел абыройын қорғамақ. Василий Левит 91 кг дейінгі салмақта тәжікстандық Диловаршо Абдурахмоновпен қолғап түйістіреді. Жеңгені жартылай финалға жолдама алмақ.

Даниярды құттықтай отырып, Василийге ақ жол тілеп қоялық!

сурет: sportinfo.kz