Жерлесіміз самбодан чемпион атанды

Жерлесіміз самбодан чемпион атанды

Мәскеуде самбошылар арасында өткен суперкубокта жерлесіміз Ерболат Байбатыров алтын медальға ие болды. 

“Харлампиев мемориалы" атты суперкубокқа әлемнің 25 елінен 250 спортшы қатысты. Отандасымыз 57 кг салмақта барлығы 4 кездесу өткізіп, финалда тәжікстандық Каримовпен кездесті. Оны да жерге қаратқан ол жеңісті қанжығасына байлап, жанкүйерлерін бір қуантты. 

Ерболат журналистерге берген сұхбатында: "Жеңісіме деген күмәнім болған жоқ. Жалпы бұл сайыста жеңіске жетуім мен үшін аса маңызды болды. Неге десеңіздер, бұл суперкубокқа 4 рет қатысып отырсам да, мақсатыма жете алмай келдім. Алғашқы жылы жеңіліске ұшырасам, қалған 2 жылда екінші болдым. Енді, міне, көптен күткен жеңіс. Ризамын", - деп ағынан жарылды. 

Тағы бір жерлесіміз Асылбек Әлкей 74 кг салмақта қола медальға ие болды. Жалпы, “Харлампиев мемориалы" атты самбошылар арасындағы суперкубок осымен 33-рет өткізіліп отыр. Соңғы кезде өңкей тісқаққан спортшылар қатысып жүргендіктен, қазір аталған сайыстың абыройы асқақтап тұр. Халық арасында бұл жердегі жеңіс әлем чемпионатындағы жеңіспен пара-пар.

Анатолий Аркадьевич Харлампиев - КСРО халықтарының ұлттық спорт түрлерін зерттеуші әрі самбоның негізін салып, КСРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері. Сонымен қатар, 1950 жылы жапон халқы оған дзюдодан 8-данды лайық деп таныған. Бұл басқа ұлт түгілі, жапондықтар үшін де қолжетпес абырой болып еді. 

Жерлестерімізді құттықтап қоялық!

сурет: antonmolotko.com (Литва, 2011)