"Астана арландары" қайта жеңіске жетті

"Астана арландары" қайта жеңіске жетті

"Астана арландары" Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында өтіп жатқан бірінші жартылай финалда "Dinamo" былғары қолғап шеберлерін тізе бүктірді.

Бағдарламаны салмағы 54 келіге дейінгі "Астана арландарының" сапында өнер көрсетіп жатқан Мирхан Рахымжанов пен "Dinamo"-ның намысын қорғап жүрген Владимир Никитин ашты. Кездесудің алғашқы секундтарынан бастап, ресейлік боксшы шеберлігімен  көзге көрінді. Никитиннің көрсеткен өнері бәсекелесінен артық көрінгенімен, Рахымжанов намысты қолынан оңай беретіндердің қатарынан емес. Рахымжановтың шабуылдары тактика жағынан тиімді болғанымен, бұл бағыт нәтиже бермеді. 5 раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңімпаз ретінде ресейлік клуб шеберін таныды.

Салмақ дәрежесі 61 келіге дейінгі Мерей Ақшалов "Dinamo"-ның сапындағы ең мықты боксшылардың бірі Вазген Сафарянецпен шаршы алаңға шығып, жұдырықтасты. Біздің боксшының ресейлік спортшыдан басым түсіп, үш раундта жинаған ұпайлар саны көп болғанымен, төрешілер екі раунд жеңімпазы ретінде Вазгенді таныды. Сонда да жеңіс Ақшаловқа бұйырды.

Салмақ дәрежелері 73 келіге дейінгі "Астаналық арлан" Мирас Баирханов пен "Dinamo" сапындағы Виталий Бандаренка арасындағы кездесу біздің боксшының жеңісімен аяқталды. Бұл кездесу өте тартысты болып өтті. Екі боксшы да намысты қолынан оңай бергісі келмеді. Спортшылар кезек-кезек бір-бірінен басым түскендіктен, ақтық раундта таразы басы теңескен болатын. Ақтық раундта Мирас жеңісті Виталийдің қолынан жұлып алып, жеңімпаз атанды. Жарайсың Мирас!

85 келіге дейінгі салмақ дәрежеде "Астана арландарының" намысын өзбек легионері Рамзжон Ахмедов қорғады. Оның бәсекелесі Данил Швед болды. Кездесудің басында шаршы алаң қожайыны әдемі өнер көрсеткенімен, екінші раундта ресейлік боксшы таразы басын теңестіруге үлгерді. Бірақ, ақтық сында Ахмедов Шведтен басым түсіп, "Астана арландарына" бірінші жартылай финалға жолдама әкелді.

Бағдарламаны 91 келіден жоғары салмақ дәрежеде өнер көрсетіп жүрген Руслан Мырсатаев пен "динамолық" боксшы Сергей Кальчугин аяқтады. Бұл кездесуде ресейлік боксшы тактикасы мен шеберлігімен көзге көрінгенімен, төрешілер 3:2 есебімен жеңісті біздің спортшыға берді. Жауапты кездесулер 30 наурыз күні Мәскеу қаласында өтпек.

Сурет Даниал Окасов