"Бавария" жеңіске жетпеуі мүмкін... Кім не деді?

"Бавария" жеңіске жетпеуі мүмкін... Кім не деді?

Бүгін, мамырдың 25 жұлдызында миллиондарға арналған тамаша футбол қойылымы орын алмақ. Чемпиондар Лигасының финалында "Бавария" мен "Боруссия" кездесетін болады. Қай мықтының жеңетіні турасында толассыз қызу таластар жүріп жатыр. Көпшілігі баварлықтардың жеңіске жететіне шүбә келтірмесе, енді бірі (жануарлар әлемі) дортмундық клубтың айла асыратынына бек сенімді. 

Сонымен, толассыз қызу әңгімелердің бір үзігі:

Зидан: ""Бавария" бір гол артықшылығымен жеңіске жетеді"

Аты аңыз ойыншы Зинедин Зидан бүгінгі финалдық ойын турасында өз ойын жария қылыпты. Оның ойынша, басымдылық мэнхендіктер жағында екен. 

- "Жеңіске жетер жолда "Баварияда" сәл ғана артық басымдылық бар. Бір жағынан алсақ, финалда өнер көрсету қай команда үшін болмасын қиынға соғады. Жоғары деңгейлі шешуші ойын орын алмақ.

Менің ойымша, бәрін бір ғана гол шешуі мүмкін. Мүмкін, осы жолда "Бавария" көрініп қалар. Бірақ, жеңіс күні бұрын ешкімге уағдаланбайды. Бұл ойынның көруге тұрарлық кездесу болатынын еш күмәнсіз айтқым келеді" - депті.

Франц Беккенбауэр: ""Бавария" жолы болмаған жағдайда ғана ұтылады"

Мюнхендік "Баварияның" президенті Франц Беккенбауэр Чемпиондар Лигасының аясында өтетін ақтық ойынның финалында өз командасының жеңіске бір табан жақын екенін атап өтті. Бұған дәлел ретінде атақты неміс азаматы баварлық команданың соңғы маусымда жарқын ойын өрнегін көрсетіп жүргенін тілге тиек еткен.

- ""Бавария" жеңіске жетуі тиіс. Себебі, 2012/13-маусымның ең үздік командасы болып танылды. Оның үстіне, турнир кестесінде 25 ұпайға қалыс қалып отырған команданың хал-ахуалы белгілі жайт.

Бір сөзбен айтқанда, бұл маусымда "Бавария" фантастикалық ойын көрсетіп келеді. Шындығы сол, "Бавария" бірінші турдан бастап шеберлік шыңын сақтай білді. Ал "Боруссияға" тоқталар болсақ, аталған команда "Баварияға" сәтсіз күн орнаған жағдайда ғана жеңіске жете алмақ" - депті Беккенбауэр.

Роберто Карлос: ""Баварияның" жеңетініне сенемін"

"Анжидың" директоры және "Реал" сапында Чемпиондар Лигасының үш мәрте жеңімпазы атанған Роберто Карлос бүгінгі күн өтетін Чемпиондар Лигасының ақтық финалына өз болжамын айтып көрген.

- "Менің ойымша, Хайнкестің командасы жеңіске жетеді. Ал енді үздік ойыншыға келер болсақ, онда ол "Боруссияның" шабуылшысы Роберт Левандовский болуы тиіс" - деген екен. 

Баллак: "Бавария" Чемпиондар Лигасын жеңу тиіс"

Бұрынырақта "Бавария" сапында жасындай жарқылдаған неміс жартылай қорғаушысы Михаэль Баллак Чемпиондар Лигасының финалдық ойыны турасында өз ойымен бөлісіпті.

- "Аталған ойында бар сұрақты тәжірибе шешпек. Бас бапкері мен "Боруссияның" ойыншылары мұндай деңгейдегі ойындарға қатысып көрмеген-ді, әрине, өз кезегінде қысылтаяң шаққа тап боларлары сөзсіз" - депті Баллак.

"Тәжірибе жағынан алсақ, онда "Баварияда" үлкен мүмкіндік бар екендігін аңғару қиын емес. Өткен жылы баварлықтар финалда есе жіберген болатын, енді осы жылы нені өзгерту керектігін олар жақсы біледі.

Менің ойымша, бүгінгі ойында басты рөлді Бастиан Швайнштайгер мен Арьен Роббен ойнауы мүмкін. Менің жеке көзқарасым бойынша, "Бавария" Чемпиондар Лигасын жеңіп алады"-  деп қоса кеткен.

Погребняк: ""Боруссияны" еш команда тоқтата алмас"..

"Редингтің" шабуылшысы Павел Погребняк бүгінгі болатын финалда «Боруссияға» жақтаспақ.

- ""Боруссия" - керемет команда. Олар кіммен ойнаса да тайталасады - "Реал", "Барселона" немесе "Бавария". Білмеймін, бұл тұста нендей сиқыр барын. Бір білерім, олар өздері қойған мақсатқа жетудің жолын таба біледі. "Боруссияның" мұндай қадамы ішкі біріншіліктегі ойындарда бірнеше мәрте орын алды.

Ең бастысы, "Реалдан" соң оларға ешкім де қорқынышты емес, тіпті, "Бавария" командасы да" - депті сөз аяғында.

Сурет:fc-bayern.ru; zenkov.org; www.afrikitalia.it; footballfan.net.ua  

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига