Еуропа чемпионы "Қайрат" Алматыға келді

Еуропа чемпионы "Қайрат" Алматыға келді

Шағын футболдан Кәрі құрлықтың су жаңа чемпиондары Алматылық "Қайрат" командасы елге оралды. 

Кеше ғана Грузияның астанасы Тбилиси қаласында футзалдан УЕФА-ның "Төртеудің финалында" топ жарған "Қайрат" командасы бас бапкер Какаумен бірге бүгін 18.30-да Алматы-Тбилиси рейсімен оңтүстік астанамызға ұшып келді. 

Алматы әуежайында Еуропаның чемпиондарын "Қайрат" академиясының жас ойыншылары,

қолдарына шоқ гүлдерін ұстаған арулар қарсы алды. 

Кең-байтақ Қазақстанның топырағына Еуропа Чемпиондарының кубогін алғашқы болып "Қайрат" командасының капитаны Дінмұхамед Сүлейменов алып келді. 

"Қайратқа" қартамыс құрлықтың басты жүлдесін алып берген бас бапкер Какау. Ол "Төртеудің финалына" жол тартқан кезде: "Біз бүкіл Қазақстанның намысы үшін ойнайтын боламыз",- деген болатын. Міне, енді Какау Қазақстанды Еуропаға танытып қайтып отыр. 

Жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген "алтын" жігіттер

Тапсырма ойдағыдай орындалды! Енді азды-кемді дем алуға болады "Қайраттың" ойыншыларына. 

Міне, сіз бен біз асыға күткен Еуропа Чемпиондар Лигасының кубогы және "Чемпион" деген ресми сенімхат. 

"Қайрат" командасының бас бапкері - Какау: Ең алдымен біздің жеңісімізге елеулі үлес қосқан Алматы қаласының әкіміне алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ Қазақстан Футбол Федерациясына да алғысым шексіз. Бұл тек "Қайраттың" ғана жеңісі емес, бұл бүкіл Қазақстанның жеңісі деп білемін. Біз енді Еуропада нөмірі бірінші командамыз. Жартылай финал алдында "Барселонаның" президенті мен Мишель Платина каталондықтардың келесі кезеңге шығуын ерте бастан тойлаған болатын. Дегенмен, матч аяқталған соң "Барселона" емес біз финалда болдық. Тап осы ойыннан соң бізде жоғалтатын ештеме болмады. Ештемеден де қорықпадық. Сол үшін де "Динамомен" өткен финалдық кездесуде жеңіске жеттік.

"Қайрат" командасының капитаны - Дінмұхамед Сүлейменов: Жартылай финалда да финалда да бізді бүкіл Қазақстан көріп отырғанын сездік. Сондықтан біз өз отандастарымызды жерге қаратпауға тырыстық. Тбилисидегі спорт ғимаратының бір бөлігі "Қайраттың" жанкүйерлерне толды. Бұл біз үшін қосымша күш еді. Капитан ретінде, мен Кубокуті басымнан асыра көтергенде төбем көкке жетуге екі елі-ақ қалды. Барлықтарыңызды да жеңіспен құттықтаймын! 

Репортажды дайындаған: Уалихан Қосанбай

Ю. НИКУЛЛИН