Венгрия Австрия құрамасын ұтып кетті (видео)

Венгрия Австрия құрамасын ұтып кетті (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Венгрия ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатын жеңіспен бастады. Олар «F» тобындағы алғашқы ойында Австрия құрамасын 2:0 есебімен ұтты.

Ойын алдында Австрия құрамасы фаворит саналған болатын. Алғашқы минуттардан-ақ алға ұмтылған австриялықтар Давид Алабаның алыстан бағыттаған соққысынан кейін есеп ашуға мүмкіндік алған. Алайда доп қақпа бағанынан кері қайтты.

Венгрия құрамасы 10 минуттан кейін ойындағы басымдықтарын таныта бастады. Доп ұстау басымдығы мен қақпаға соққы бағыттауда алға шықты.

Ойындағы есеп екінші таймда ашылды. 63 минутта Балаш Джуджак пен Адам Салаи австриялық қорғаушыларды қапы қалдырып, Венгрия құрамасын алға шығарды. Араға 3 минут сала Александар Драгович екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. 87 минутта Золтан Штибар нәтижені еселеп, командасына екі доп басымдығын сыйлады.

Айта кетейік, Венгрия құрамасын 2008-2010 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған неміс маманы Бернд Шторк жаттықтырады. 

О. Сансызбай