Италия Бельгия құрамасын екі доп басымдығымен ұтты (видео)

Италия Бельгия құрамасын екі доп басымдығымен ұтты (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Италия құрамасы «Е» тобындағы алғашқы ойында Бельгияны ұтты. Кездесу Лион қаласындағы «Стад де Лион» стадионында өтті.

Аса тартысты ойында «скуадра адзурра» екі доп басымдығымен жеңіске жетті. Бірінші голды 31 минутта Эмануэле Джаккерини соқты. Леонардо Бонуччидің алаң ортасынан асырған пасын сәтті тоқтата білген шабуылшы Тибо Куртуадан айласын асырып кетті.

Ойында доп ұстау басымдығы мен қақпаға соққы бағыттауда бельгиялықтар алда болғанмен, италиялықтардың тас қорған қорғанысы мен қақпашысы Джанлуджи Буффонның осал тұсын таба алмады. Негізінен Эден Азар бастаған жігіттер шабуылда ширақ қимылдағанмен өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Әсіресе Ромелу Лукаку мен Дивок Оригидің гол соғуларына бірнеше мүмкіндікті болған-ды.

Италия құрамасы қорғаныста назарға ала жүріп, қарымта шабуылда қарсыластарын сан соқтырғандай. Екінші голды италиялықтар қарымта шабуылда соқты. Чиро Иммобиленің тамаша асырған пасын Грациано Пелле қақпаға тура бағыттап, ойындағы соңғы нәтижені тіркеді.

Айта кетейік, бұл топта Ирландия мен Швеция құрамалары бар. Олар өзара өткізген ойында 1:1 есебі тіркелді.

Осыған дейін жарияланған massaget.kz сайтының болжамдар бәйгесінде Испания мен Чехияарасындағы ойынның дәл нәтижесін 4 қатысушы ғана дәл тапқан.

Ө. Сансызбай