Пеленің бұл жолғы болжамы шындыққа жанасар ма екен?

Пеленің бұл жолғы болжамы шындыққа жанасар ма екен?
Фото: google.kz

ХХ ғасырдың ең атақты футболшыларының бірі, спорт тарихындағы даңқты тұлға Пеле (Эдсон Арантис ду Насименту) Франция жерінде өтетін Еуропа чемпионатына өз болжамын жасады. Футбол патшасының бұл жолғы болжамы шындыққа жанасар ма екен?

Бұлай айтуымыздың себебі жоқ емес. Пеленің жасыл алаңда жолы болса да, болжам айтуда көп жолы болмаған. Осыған дейін айтқан болжамдарының көпшілігі керісінше орындалған. Мысалы, даңқты спортшы 2002 жылы Бразилия құрамасы топтан шыға алмайды деп болжаған. Шын мәнінде бразилиялықтар чемпион атанды. Ал алдағы Еуропа чемпионатында Пеле Англия мен Испания құрамасы басты фаворит деп болжап отыр.

- Англия ұлттық құрамасында жаңа ойыншылар көп. Команданың ойын мәнері қалыпты. Мен оларды финалға шыға алады деп ойлаймын. Менің болжамым бойынша басты фавориттер Англия мен Испания құрамалары, - деді ардагер ойыншы.

Пеленің ең танымал болжамдарының бірі - «ресейліктер футболдан әлем чемпионы атағын Бразилия құрамасы хоккейден әлем чемпионы атанғанда жеңіп алады" - дегені. Ресей құрамасы 2018 жылы өз елінде өтетін додада жеңімпаз атануды көздеп отыр.

Ө. Сансызбай