Чемпиондар Лигасы. Бүкіл Ыстамбұл «Реалға» қарсы шықпақ

Чемпиондар Лигасы. Бүкіл Ыстамбұл «Реалға» қарсы шықпақ

Бүгін түнде Еуропа алаңдарында доп додасындағы ең бәсі биік дода саналатын Чемпиондар Лигасының ширек финалы аясындағы «Галатасарай» және «Реал» командалары арасындағы қарымта кездесу өтеді.

Естеріңізде болса, бұл қос команда арасындағы «Сантьяго Бернабеу» майданында өткен алғашқы кездесуде мадридтіктер 3:0 есебімен түріктерді тас-талқан еткен болатын. Сондықтан да «Реал» ойыншыларының жартылай финалға шығатын зор мүмкіндігі бар. Дегенмен өз алаңдарында ойнайтын ыстамбұлдықтар да қарап қалмайтыны анық. Сары қағаздығының көптігіне байланысты бүгін түріктердің қатарында Дани Нункеу мен ЧЛ-да сегіз нәтижелі гол соққан шабуылшы Бурак Йылмаз да алаңға шықпайды. Есесіне, жарақатынан айыққан швед шабуылшысы Юхан Эльмандер алаңға шығып қалар. Ал «Реал» сапында бүгінгі кездесуге Хави Алонсо мен команданың экс-капитаны Серхио Рамос қатысу құқығынан айырылған. Бір қуантарлығы мадридтіктердің қатарында біз бүгін жарақатынан айыққан команданың капитаны Икер Касильясты көріп қалуымыз әбден мүмкін.

«Галатасарай» командасының бас бапкері Фатих Терим: «Егер ЧЛ сараптап қарайтын болсақ, осы уақытқа дейін бізден деңгейі жоғары саналған 24 команда жарыстан тыс қалды. Сондықтан «Галатасарайдың» бұл жетістігін ерекше атап өткім келеді. Әрине, «Реал» оңай шағылатын жаңғақ емес. Десе де, өз алаңымызда өткізетін кездесуде біз тек жеңіс үшін ойнайтын боламыз. Жанкүйерлерді де жақсы ойын күтіп тұр. Маған жалпы матчтың нәтижесі маңызды емес. Бастысы біз өзіміздің мәнердегі ойынды көрсетсек болғаны. Бүгін бүкіл Ыстамбұл «Реалға» қарсы ойнайды».

«Реал» командасының бас бапкері Жозе Моуриньо: «Мен жігіттеріме 3:0 есебімен жеңген команда, сырта алаңда да 0:3 есебімен жеңіліп қалуы әбден мүмкін екендігін айттым. Алдағы кездесуде біз күтпеген жағдайлар да орын алып қалуы мүмкін. Сондықтан да мен өз шәкірттерімнен мұқият болуды сұрадым. 1/4 финалының алғашқы кездесуі алдында мен бұл кезеңге шыққан командалардың деңгейі бірдей деп ойлағанмын. Ал қазір меніңше "Барселона", "Реал", "Ювентус" және "Бавария" командалары өзгелерден бір бас жоғары. Бұл клубтардың ЧЛ-де топ жаруын 25%-ға теңей аламын. Егер ертең біз 0:2 немесе 1:3 есебімен жеңіліп қалатын болсақ, мен бұл нәтижеге көңілім толады деп айта алмаймын. Себебі, менің командам әрдайым жеңуге тиіс».

Керек дерек: Әр кездері Жозе Моуриньо баптаған ұжымда ширек финалдан ешқашан сүрінбеген екен. Португалдық маман 2004 жылы «Порто», 2005 және 2007 жылы «Челси», 2010 жылы «Реал», 2011-2012 жылдары «Реал» командасын ЧЛ-ның жартылай финалына алып шыққан.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: calciomercato.it, gigafootball.net 

Ж. FM