Чемпиондар Лигасы. "Реал" корольдік ойын көрсетті

Чемпиондар Лигасы. "Реал" корольдік ойын көрсетті

Чемпиондар Лигасының ширек финалы аясында өзінің алғашқы кездесуін  өткізген мадридтік «Реал» өз алаңында «Галатасарайды» қабылдап,  стамбулдық клубты 3-0 есебімен ойсырата жеңді.

Кездесу байсалды бастады. Бірақ, тең ойын бар болғаны 9 минутқа дейін созылды. "Реалдың" жылдам шабуылы кезінде Өзіл түрік қорғанысының осал жерін тауып, айып алаңына Роналдуға керемет пас шығарып берді. Ал португалдық футболшы еш қиындықсыз допты Муслерудің үстінен асырып жіберді – 1:0. Соғылған голдан соң «Галатасарай» бар күшімен шабуылдауға көшті және есеп теңестіруге болатын мүмкіндікке де ие болды. Алайда, ивуриялық Дидье Дрогбаның соққысы қақпадан жоғары кетті.

Осыдан кейін ойын 30 минутқа дейін саябырлана түсті. Мадридтіктердің кезекті шабуылдарының бірінде Майкл Эссьен оң жақ қапталдан айып алаңының ортасында болған Роналдуға төбеден асыра пас шығарды, бірақ КриРо допқа жете алмай,  доп Бензема аяғына бір-ақ түсті.  Француз 5 метрлік жерден қақпаға соққы бағыттап, екінші голдың авторы атанды.

Екінші таймда да ойын барысы өзгермеді. Корольдік клуб шабуылды одан әрі жалғастырды, ал өз кезегінде, «Галатасарай» футболшыларының қарқыны әлсіреп, ойын тәртібін бірнеше рет бұзуға мәжбүр болды.

Кездесудің 73 минутында Муслера қақпасына үшінші гол соғылды. Алонсоның айып алаңына әуелетіп бағыттаған пасынан соң, жаңа ғана ойынға қосылған Гонсало Игуаин допты қақпаға баспен бағыттап, шешуші голдың авторы атанды. Осы ойында «Галатасарай» ешнәрсе жасай алмады деуге де болмайды. Ойын аяқталуға жақын қалғанда түріктерде есеп айырмасын қысқарту мүмкіндігі болды, бірақ, қауіпті айыпсоққы ешқандай нәтиже бермеді. Ақырында есеп 3:0.

Айта кетсек, қарымта ойын 9 сәуір күні Түркияда өтеді.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: corrieredellosport.it, srb.time.mk, vecernji.hr, championat.com

А. Құлтай