Чемпиондар Лигасы. Испания екі бірдей ширек финалдық кездесуді қабылдайды

Чемпиондар Лигасы. Испания екі бірдей ширек финалдық кездесуді қабылдайды

Бүгін Чемпиондар Лигасының ширек финалы аясындағы екінші күн. «Реал» өз алаңында түріктің «Галатасарай» командасын қабылдайды. Ал «Малага» мен «Боруссия Д» Ла Росаледа стадионында мықтыны анықтайтын болады. Осы орайда, Массагет порталы алдағы ойындарға азды-кем шолу жасап көрмек.
 

«Малага» VS «Боруссия Дортмунд»

 (Бұл екі команда тарихта бірде-бір рет кезікпеген).

Бұл екі команда ЧЛ-ның жаңа уәкілдері саналады. Тіпті «Малага» бұл маусымда тұңғыш рет Чемпиондар Лигасына қатысып жатыр. Ал немістер 15 жылдан кейін бұл доданың ширек финалына шықты. Негізінен қос команда сапында да өте талантты жас ойыншылар көп. Марио Гетце мен Марко Ройсс бастаған дортмундықтар бүгінде кез келген қарсыластың жағдайын қиындата алады. Дегенмен «Малаганы» да осал деуге келмес. Сапында Иско, Савиола, Хоакин, Баптиста сынды ойыншалары бар бұл команданы жартылай финалда көріп жатсақ, таң қалудың еш қажеті жоқ.

Топтық кезеңде қос ұжымда бірінші орынмен плей-оффтық кезеңге шықты. Дегенмен «Малаганың» тобында «Миланнан» өзге азулы команда да болған жоқ еді. Ал «Боруссия Д» командасы  мамандардың тарапынан «өлім тобы» атағын алған төрттіктен бірінші орынмен шықты.

Ал плей-оффтық кезеңдде «»Малага» «Порто» командасынан өтсе, «Боруссия Д» донецкілік «Шахтерден» айласын асырды.

Керек-дерек: Жыл сайын Еуропаның ең талантты жас ойыншысына берілетін «Алтын бала» сыйлығын 2011 жылы «Боруссияның» жартылай қорғаушысы Марио Гетце жеңсе, 2012 жыл бұл атақты «Малаганың» көшбасшысы Иско жеңген екен.

«Реал» VS «Галатасарай»

(Екі команда тарихта 3 рет кезіккен. Бір рет жеңіп, екі рет ұтылған корольдік команданың  Галатасарайға есесі кетіп тұр).


«Галатасарайды» футбол сүйер қауым Чемпиондар Лигасының «шақырылмаған қонағы» деп жүр. Расымен де, ширек финалда өнер көрсетіп жатқан командалардың барлығы Еуропаның үздік біріншілігіне жатады. Өкінішке орай, Түркия біріншілігі мұндай атаққа әлі жете қойған жоқ. Бұл команда 11 жылдан кейін ЧЛ-ның ширек финалына шығып тұр. Маусымаралық үзілісте қатарларына Снейдер мен Дрогба сынды мықты ойыншыларды да қосты. Оның үстіне команда қатарында биылғы ЧЛ-ның үздік сүрмергені Бурак Йылмаз бар. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, 2000 жылы «Галатасарай» Еуропа Суперкубогында «Реалдың» жолын орап кеткен болатын. Енді түркиялық жанкүйерлердің сол тарихтың қайта қайталанып қалады-ау деген сенімдері мол.

Дегенмен ойыншылардың шеберлігі жағынан «Реал» қарсыласынан бір бас жоғары. Бұл командалар арасындағы алғашқы кездесу «Саньтяго Бернабеу» алаңында өтеді. Бұл кездесуде мадридтік команда ірі есеппен жеңіске жетпесе, Түркия жерінде жеңу қиын екенін Моуриньо шәкірттері жақсы біледі. «Реал» ел біріншілігінің алтын жүлдесінен күдер үзді. Енді Роналду және оның әріптестері Чемпиондар Лигасында топ жарсақ деп оқталып жүр. Мамандар бұл жұпта «Реалдың» келесі кезеңге өтуіне 95 пайыз сенімділікпен қарайды екен.

Керек-дерек. Бүгінде «Галатасарайдың» намысын қорғап жүрген Снейдер мен Дидье Дрогба әр кездері «Реал» бапкері Жозе Моуриньоның шәкірттері болған. Сондай Хамит Алтынтоп өткен маусымды «Реал» қатарында өткізіп, негізгі құрамға іліне алмаған.

Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: directpress.ru, news.ivest.kz, rsport.ru 

Ю. НИКУЛЛИН