Қазыбек Гетериев, футболдан Қазақстан құрамасының қорғаушысы: «Германияға қарсы ойнау оңай емес»

Қазыбек Гетериев, футболдан Қазақстан құрамасының қорғаушысы: «Германияға қарсы ойнау оңай емес»

Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Германия құрамасымен екінші кездесуін өткізеді. «Астана-Арена» стадионында өткен бұл құрамалардың арасындағы алғашқы кездесу 0-3 есебімен немістердің пайдасы шешілген болатын. Қарымта кездесуді өткізу үшін біздің құрама дүйсенбі күні Германияға барып, жаттығуларына кірісті. Массагет порталының тілшісі осы орайда Ұлттық құраманың жарытлай қорғаушысы Қазыбек Гетериевпен әлеуметтік желі арқылы байланысып, сұхбаттасқан болатын.

– Қазыбек, Германиямен өтетін екінші ойынға дайындықтарыңыз қалай?

– Біз негізі Германияға кеше келдік. Бірінші жаттығуды да кеше өткіздік. Бүгінгі таңертеңгілік жаттығу да ойдағыдай өтті. Енді ойын басталар алдында тағы біраз жаттығамыз.

– Астанада өткен кездесуде 0-3 есебімен жеңіліп қалдық. Енді қарымта кездесуден не күтуге болаты Ұлттық құрамадан?

– Астанадағы кездесуде біз қолдан келгеннің барлығын жасадық. Бірақ, «неміс машинасының» бізден деңгейі жоғары екенін мойындау керек. Қарымта кездесуде де біз бар күшімізді салып, жақсы нәтижеден үміттіміз.

– Бүгінгі кездесуде сіз алаңға шығасыз ба?

– Шықпайтын шығармын.

–  Неге?

– Енді ол сұрақты маған емес, бапкерге қойғаныңыз дұрыс болар.

– Жалпы құрама сапындағы жігіттердің көңіл-күйлері қалай?

– Барлық жігіттердің көңіл-күйі жақсы. Ойынға тас-түйін дайындалып жатырмыз. Шамалы сәттілік жолдас болса, дұрыс нәтиже көрсетіп қалуымыз мүмкін.

– Бүгінгі ойынға Германия құрамасында көптеген жас ойыншылар шақырту алды. Ол футболшылардың да барлығы бапкерге «сен тұр, мен атайын» дейтіндей мықты екендігін дәлелдегісі келеді. Бұл тұрғыда біздің құрамаға қосымша қиындықтар болуы мүмкін бе?

– Мен дәл қазір кесіп-пішіп ештеме айта алмаймын. Қарап отырсаңыздар, біздің құрамада да жас жігіттер жетерлік. Дегенмен, Германияның ойыншылары әлемнің алпауыт командаларында доп тебеді. Тәжірибесі мен деңгейі біршама жоғары. Бірақ, доп домалақ дейді ғой. Барлығын ойын көрсетеді.

– Германия жерінде өтетін кездесуде біздің жанкүйерлердің саны аз болатыны белгілі. Жанкүйерледің қолдауынсыз сіздерге ойын қиын болмайды ма?

– Футболда жанкүйер команданың 12 ойыншысы деген ұғым бар. Олар  команданы жігерлердіріп тұрады. Керек кезінде қолдау жасайды. Расымен жанкүйерлерсіз ойнау қиын. Бірақ, алаң лық толы жанкүйерлермен де Германияға қарсы ойнау оңай болады деп айта алмаймын.

– Ұлттық құраманың жанкүйерлеріне не айтарыңыз бар?

– Қандай жағдай болмасын, құраманы қолдап, зор үміт күтулерін сұраймын.

– Әңгімеңізге рахмет. Бүгінгі ойынға сәттілік тілеймін!

 Сухбаттасқан: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сурет: Ойыншының жеке мұрағатынан

А. Құлтай