Дэвид Бекхэм Пекинде жүр

Дэвид Бекхэм Пекинде жүр

20 наурыз күні әлемге әйгілі футбол жұлдызы Дэвид Бекхэм Қытай астанасы Пекинге келді. Спорт өнерінің әр түрінен шеберлер тәрбиелеп, бұл салада да өзін әлемге танытқан елдің футбол саласы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жете алған жоқ.

Алайда миллиардтар елінің футболға деген әуесі, жанкүйерлігі шексіз. Ал Бекхэм бұл елдегі миллиондаған көрерменнің көңіліндегі ең айтулы тұлғаның бірі.

Миллиардтан астам жан саны бар ел әр сала қайреткерлерін тәрбиелеуде алдымен рухани жан-дүниесіне әсер етудің маңызын бірінші орынға қояды. Жыл сайын миллиондап ақша төгіп, әлемге әйгілі өнер жұлдыздарын, спорт шеберлерін шақырып, кездесу өткізудегі басты мақсаты да болашақ ұрпақтың рухани тәрбиесі үшін. Осынау жұлдыздардың өнеріне, өміріне жақын болу кез келген жас буынды талпындыратыны даусыз.

20 наурыз күні Пекин қаласында ауа температурасы төмендеп, қар жауған. Алайда, бұл жағдай футбол әуескерлерінің қызу көңіл-күйіне әсер ете алмаған секілді. Таңғы сағат алтыдан бастап әуежайға жиналған жұрт үш сағат бойы тапжылмастан Дэвид Бекхэмды күтумен болды.

Сағат тоғызда ұшақтан түскен спорт шебері тіпті жолаушыларды күтіп алу залына да кіре алған жоқ. Әуежай қақпасына жиналған мыңдаған футбол әуескері одан қолтаңба қалдыруды өтінген. Әуежайдан шыққан беті көлікке де отырмастан, футбол әуескерлерімен кездескен Бекхэм Пекиннің таңғы суық ауа-райында мыңнан астам жанкүйеріне қолтаңба қалдырған.

Бұл жолғы бір апталық сапарында футбол аңызы алты күн бойына Қытайдың ірі қалаларында студенттермен, футбол жанкүйерлермен кездесулер өткізбек.

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: xinhua.net

Қ. Қауымбек