Футбол ойнай алмайтын елдер...

Футбол ойнай алмайтын елдер...

Футболдан әлем чемпионатының іріктеу турнирі 3 жылға созылады. Барлық қатысқан 209 елдің 32-сі ғана Әлем чемпионатына жолдама алады. Осы 32 елдің барлығы дерлік әлемдік аренада өнер көрсетіп, ғаламшар деңгейінде ұлықталады. Ал жолдама ала алмаған құрамалар ше? Тіпті тізімнің ең соңғы тармағына жайғасқандар туралы ешкім де ештеме айта алмайды.

Сонымен, футбол ойнай алмайтын елдер мыналар...

10-орын. Самоа

ФИФА тізімінде бұл ел 175-орында.

Самоа елі Жаңа Зеландия құрамынан 1962 жылы бөлініп шыққан болатын. Футболдан 10 жыл бойы жеңіс көрмей келе жатқан ел Регбиден Әлем чемпионатына жиі қатысады. Мүмкін, қызығушылықтың жоқтығынан болар?

9-орын. Монтсеррат

ФИФА тізімінде бұл ел 176-орында.

Монтсеррат – табиғаты әсем арал-мемлекет. Бірақ сол табиғаттың кері әсері де жергілікті халыққа зиянын келтірмей жатқан жоқ. Ондағы Суфриер-Хиллс (Soufriere Hills) деп аталатын жанартау 1995 жылдан бастап сейсмикалық қауіп төндіріп отыр. Соңғы 15 жылдың ішінде халықтың жартысынан астам бөлігі елден көшіп кеткен. Ең төменгі сатыға орналасқан Монтсеррат 2012 жылдың басында британдық Виргин аралдарының командасын жеңіп, әлемді дүр сілкіндірген болатын. Есеп 7-0.

8-орын. Бруней

ФИФА тізімінде бұл ел 185-орында.

Бруней Ұлыбританиядан 1984 жылы жеке мемлекет болып бөлініп шықты. Азияның ең бай елдерінің бірі Борнео аралында орналасқан. Соңғы жылдарда бұл ел спортқа қыруар ақша бөлсе де тек төменгі сатыларда қалып отыр.

7-орын. Шығыс Тимор

ФИФА тізімінде бұл ел 185-орында.

Тәуелсіздігін үлкен тартыспен алған мемлекетте қазірге дейін саяси істер тұрақталмаған. Сондықтан да елдің футболдағы мүмкіндігі шектеулі.

6-орын. Маврикий

ФИФА тізімінде бұл ел 187-орында.

Маврикий – халық саны бір миллионнан сәл асатын африкалық мемлекет. Биліктің спортқа қарағанда білім саласына қыруар ақша бөлетіндігінен футболдан ұлттық құрамасы мақтанарлық деңгейде емес.

5-орын. Қырғызстан

ФИФА тізімінде бұл ел 198-орында.

1991 жылы тәуелсіздік алған елде жыл өткен сайын саяси өзгерістер болып тұрады. Жемқорлық бойынша әлемнің ең жоғарғы сатысына көтерілген ел футболдан мұндай «жетістікке» ие бола алмай отыр.

4-орын. Андорра

ФИФА тізімінде бұл ел 204-орында.

Кішкентай ғана Андорра мемлекеті футболдың «пірлері» саналатын Испания мен Франция елдерінің қақ ортасында орналасқан. Халық саны 85 мыңға жетер-жетпес болғаны үшін және таулы аймақтарда футбол алаңы салынбайтындықтан ең төменгі деңгейде тұр.

3-орын. Бутан

ФИФА тізімінде бұл ел 207-орында.

Бұл елдің футболдан неге көріне алмай келе жатқанын білу үшін картаға қарау керек. Бұл ел Гималай тауларының етегінде. Елдегі ең жақсы дамыған спорт түрі – садақ ату.

2-орын. Сан-Марино

ФИФА тізімінде бұл ел 207-орында.

Сан-Марино – Италия аумағында орналасқан кішкентай ел. 62 шаршы шақырымға ие болып отырған мемлекетте 30 мың адам қоныстанған. Соңғы жылдары футболдан ұлттық құрамасы ең соңғы орынды иеленіп немесе сол орынды бөлісіп келеді.

1-орын. Теркс және Кайкос (Turks and Caicos Islands)

ФИФА тізімінде бұл ел 207-орында.

Теркс және Кайкос – екі арал емес, 300 аралдан тұратын мемлекет. Мұнда 45 мың адам өмір сүреді. Негізгі пайдасы туризм арқылы келетін елдің ұлттық спорты – крикет. Өзіңіз айтып көріңізші, кереметтей табиғаты бар арал жағалауында сусын ішіп шомылар ма едіңіз әлде аптап ыстыққа шығып алып футбол ойнайтын ба едіңіз? Енді түсінікті болған шығар?

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: joyreactor.cc

А. Құлтай