ЧЛ ширек финалына шыққан барлық команда анықталды

ЧЛ ширек финалына шыққан барлық команда анықталды

Испандық "Малага" клубы жауапты матчта "Портуды" ұтып, ЧЛ 2012/13 маусымындағы ширек финалға шыққан соңғы команда болып тіркелді. 

Жарыстың 1/8 финалы аясында 14 наурыз күні, Испания жерінде өткен жауапты матчта Мануэль Пеллегрини командасы 2:0 есебімен португалиялық клубтан басым түсті. 

Ойындағы бірінші допты 43-минутта айып алаңынан қақпаны дәл көздеген Иско салды. Екінші гол 77-минутта орын алды. Бұрыштан берілген снарядты баспен ұрған Роке Санта Крус матчтағы ақырғы нәтижені тіркеді. 

Айта кетейік, екінші допты "Порту" бір ойыншыға кем құраммен жіберіп алды. Себебі 49-минутта Хоакинге қарсы тәртіп бұзған Стивен Дефур екінші рет сары қағаз алып, алаңнан қуылған еді.  

Естеріңізге салсақ, қос команда арасындағы бірінші кездесу 19 ақпан күні Португалияда өтіп, 1:0 есебімен жергілікті команданың пайдасына шешілген еді. Осылайша, екі ойындағы қорытынды есеп бойынша, "Малага" клубы өз тарихында тұңғыш рет ойнап жатырған чемпиондар Лигасының ширек финалынан бір-ақ шықты.  

Сонымен, ЧЛ ширек финалына шыққан командалар келесідей: каталониялық "Барселона", түріктің "Галатасарай", мадридтік "Реал", дортмундтық "Боруссия", париждік "Пари Сент-Жермен", туриндік "Ювентус", мюнхендік "Бавария", испаниялық "Малага" клубтары.

Ширек финал кездесулерін анықтайтын жеребе тарту рәсімі 15 наурыз күні, яғни ертең Швейцарияның Ньон қалашығында өтеді.   

  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: sport-xl.net 

Б. Қосмағамбет